Таз кепесін қайта киген Қазақстан
«Жаңа Қазақстан құрдық, бұрынғы жүйенің шектен шыққан баптарын бір-бірден жоя бастадық» деп, іштей үміттеніп жүргенбіз… Сөйтсек, оның бәрі бос сөз сияқты.
Соңғы күндері Қазақстанды 30 жыл тұралатқан, отбасымен бірге еркін билеп-төстеген назарбаевтар жүйесінің бас құрылысшысы, еліміздің тұңғыш президенті деген статусы бар Нұрсұлтан Назарбаев қайтадан бой көрсете бастады...
Оны қайдан білдік? Өткен аптада ғана экс-тің қызметін қамтамасыз етуге қазынадан 5,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Соның өзі-ақ көңілге күдік тудырған-ды. «Қаңтар қасіретінен» кейін бір рет жылт етіп телеарналар арқылы сөйлеген сөзінде: «Мен енді зейнеткермін» деген адамға неге соншама қыруар қаржы шығындап отырмыз? Назарбаевтың қызметін қамтамасыз ету деген не сөз? Мәселен, әлгі бөлінген миллиардтардың 2,6 миллиарды – экс-тің кеңсе жұмысына, ал қызметін қамтамасыз етуге 1,2 миллиард, тұңғыш президент кітапханасының жұмысына 1,3 миллиард теңге жұмсалады екен. Бұрынғы президент қайтадан атқа мінбеген болса, мұндай миллиардтар туралы әңгіме болмас еді. КТК телеарнасының бүкіл акциясын «Тұңғыш президент қоры» сатып алыпты. Бұл да Назарбаевтың зейнетке шықпағанын көрсетпей ме?
Дұрыс, қазақтың үлкен кісіге құрмет көрсететін, ақсақалға ізет қылатын ескіден ескірмей келе жатқан ерекше дәстүрі бар. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл ел билегенде не қылды емес, не қылмады деп өздеріңізге сұрақ қойып көріңіздерші! Отыз жылдық шежірені қарап отырсаңыз, апта сайын бір зауытты немесе бір компанияны ашып жататын еді ғой. Отыз жылда соның бәрін қоссақ, бірнеше мың жұмыс орны болар еді. Соның бәрі қайда? Жұрт әлгі ашылған зауыт-мекемелердің қайтадан жабылып жататынын жақсы біледі. Сондықтан да оған етіміздің үйренгені соншалық, ешкім мән бермейтін болған. Соңғы бірнеше жыл бойы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жылдық кеште 14 облыспен онлайн байланысқа шығып, су жаңа жұмыс орындарының тұсауын кесетін дәстүр жасаған-ды. Бірақ сол нысандардың Құрымбайдың қақпасы сияқты ашылып-жабылатынын тұңғыш президент сезбейді ғой дейсің бе? Сезеді. Білмейді емес, біледі. Үндемейді. Өйткені сол көзбояушылық жүйенің авторы өзі.
Қаңтар қасіретінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев біржола биліктен кеткендей көрінді. Жұрт та сенген. Әлеуметтік желіде ақсарбас атағандар да болды. Өйткені Жаңа Қазақстан билігі экс-президенттің құрған жүйесін тоз-тоз қылуға бірден кірісіп еді. Алдымен, бұрынғы президенттің жақындарын биліктен кетіріп, бизнестерін қайтарып алумен айналыса бастады. Әлі де жүріп жатыр. Мәселен, Қайрат Сатыбалды ұсталды. Оның құрған бизнестері мемлекетке қайтарыла бастады. Қайраттың әйелі, яғни тұңғыш президенттің келіні Гүлмира Сатыбалды адам бопсалаумен айналысыпты. Оны да анықтадық. Одан кейін Болат Назарбаевтың былығы жария болды. «Алтын орда» базарын қайтарып алғандай болғанбыз… Экс-тің қарындасы Әнипа Әбішқызының Барахолкадағы «Кенжехан» базарына иелік ететінін бұрын базаршылар пыш-пыш деп айтушы еді, бұл жолы баспасөзде ашық жарияланды. Болаттың баласы Нұрбол Назарбаевтың да үстінен үш адамды өлтірді деген айып тағылды. Ахметжан Есімов пен оның күйеу баласына да іс қозғалды.
Осыншама қырғын жұмыстар кім үшін, не үшін жасалып жатыр? Әлде мұның бәрі Нұрсұлтан Назарбаев билікке қайтып келу үшін істеліп жатқан «құрбандықтар» ма?
Әрине, бұл саяси ойын, «Қаңтар қырғыны» да сол ойындардың нақты нәтижесі. Бірақ халық тағы бір қаңтар қасіретін көтере алмайды. Билік қазақты соған итермелеп отырған сияқты. Нұрсұлтан Назарбаев ғайыптан тайып әлдебір сыртқы күштерге арқа сүйеп билікке қайтып келсе, халықтың Жаңа Қазақстанға деген сенімі суға кетеді. Құдай бетін ары қылсын, Назарбаевтың жүйесі қайта орнаса, Болат Назарбаевтың бұрынғы былығы түк болмай қалатыны анық. Қайрат пен Гүлмира Сатыбалдылардың салған сауық-сайраны қайта басталады. Есімовтер есіріп, Құлыбаевтар мен Дариға ханым қайтадан атқа мінеді. Қазіргі жасалып жатқан заңдар, яғни «Президенттің жақындары билікке келмеуі керек» деген шектеулер қағаз бетінде ғана қалады.
Қысқасы, Қазақстан қайтадан таз кепесін киеді. Егер халық оған көнбесе, нақтырақ айтқанда тұңғыштың таққа келуіне қайтадан қарсы болса, тағы бір қаңтар қырғыны басталып кетуі мүмкін. Тақ үшін таласта ондай тәуекелдер мен аяусыз құрбандықтар болатынын биыл бастан кештік қой.