Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Таза Қазақстан қайда, қоқыс қайда?

қоқыс
Фото: ser-per

Елімізде қоқысты қайта өңдеу проблемасы шешілер емес. Есептер көңілге қонымсыз. Экология және табиғи ресурстар министрлігі осы мәселені шешу үшін жаңа тұжырымдама қажет деген. Үкімет отырысында айтылған бұл бастама қолдау тапты. Енді қыркүйекке дейін барлық қалдық түрлерін басқару бойынша тұжырымдама әзір болады деп жатыр.

Осыған дейін де тұжырымдама, мақсатты көрсеткіштер мен стратегиялар болмады емес, болды. Ең соңғысы, 2025 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 34 пайызға дейін жеткізу деген міндет еді. Алайда есептер бұл нысананың орындалмағанын көрсетті. Жергілікті атқарушы органдар берген мәліметтерге сүйенсек, былтыр 4,8 млн тонна ҚТҚ түзілсе, оның тек 25,8 пайызы ғана қайта өнделген. Демек, 34-тің ауылы әлі алыс. Оның үстіне, қазір бар қоқыс полигондарының тек 20 пайызы ғана экологиялық және санитарлық нормаларға сай. Оларды сақтау, сұрыптау, қайта өңдеу, тарифтеу, тағы басқа да механизмдер толық реттелмеген. Ал бұл өз кезегінде қоршаған ортаға өте зиян.

«Қазіргі қоғам – тұтынушы қоғам. Бірінші мәселе де осы. Адам саны артуда, тұтыну көлемі өсуде. Демек, қоқыс та тек көбейіп жатыр. Әлемдегі әр адам жылына 300 келі қоқыс шығарады деген есеп бар. Оған өндіріс пен кәсіпті қосыңыз. Ол қоқыстың бәрі қайда кетіп жатыр? Мәселен, тағам қалдықтары, киім-кешек, пластик, қағаз, әйнек, металл. Күнде сіз қоқыс шелегіне тастап жүрген тұрмыстық қалдықтардың бәрі жиналып қайда барады? Қалай жатыр? Дұрыс жатыр ма? Айналаға зиянын тигізіп жатқан жоқ па? Тұрғындар ары кетсе ауладағы үлкен қоқыс жәшіктерін көреді, оны тиеп жатқан арнайы техниканы байқап қалып жатады. Одан арғысынан бейхабар.

Осы қоқыстың бәрі дұрыс реттеліп, жойылып, қайта өңделіп, қалғандары барлық талаптарға сай полигондарда қалуы тиіс. Ал егер тұрмыстық қалдықтар дұрыс жойылмаса немесе өңделмесе табиғатқа, ізінше адамзатқа зиянын тигізеді. Ауа, топырақ, су, ондағы тіршілік иелері, түбі біз тұтынып отырған азық-түлікке дейін улануы ғажап емес. Тарайтын аурулар өз алдына. Демек, қоқыс мәселесі дәл экологияның өзі секілді аса маңызды және қоғам назарын қажет етеді.

Қоқыс – өз алдына проблема. Бірақ оның көлемінің артуы екінші бір тақырып. Адамдар немесе тұрғындардың саны артқан сайын, азық-түлік, киім, тұрмыстық техника және басқа да тауарларға сұраныс көбейеді. Бұл – көп өнім өндіріліп, соның нәтижесінде көбірек қалдық пайда болады деген сөз. Оның үстіне, тез тозатын тауарлардың қатары қалыңдады, қаптама немесе орауға арналған материалдар да жиірек қолданылатын болған. Пластик бөтелкелер мен целлофандар да дәл солай. Ал қайта өңдеу ондай қарқынмен дамып келе жатыр деуге келмейді. Мәселе де осында. Ол енді экологиядан гөрі, қаржы мен кәсіптің, мемлекеттік тарифтеу мен стратегияның мәселесі», – дейді эколог Нарқыз Махмет.

Иә, расында ешқандай экологсыз да, зерттеусіз де, құрғақ сандардың өзі көрсетіп отыр – біздегі жағдай жақсы емес. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау да, қайта өңдеу де, сақтау жағы да ақсап тұр. Былтыр 30 пайыздық көрсеткішке жету деген тапсырма берілді. Сонда жиырма өңірдің жетеуі жоспарды орындай алмады. Антирейтингте – Ұлытау, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы. Сөйтіп, 2024-те 30 дегеніміз 26-ға әрең жетті. Экология министрі Ерлан Нысанбаев «бұл мәселені шешумен айналысып жатырмыз» деді, одан 2031 жылдан бастап қайта өңдеу үлесін қазіргі 30 пайыздан 40 пайызға ұлғайту талабы қарастырылып жатқанын да айтты. Бірақ ол 2025-те 34 пайызға жете ала ма? Белгісіз. Алайда өткен жылғы нәтижелерге қарап, биылғы жылға да көп үміт арта алмайсың. Осы жөніндегі сауалдарымызды экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдаған едік.

«Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес 2024 жылы 4,8 млн тонна ҚТҚ түзілді, оның 25,8 пайызы ғана қайта өңделді. 2024 жылғы республика бойынша ҚТҚ полигондарының саны 2 973 бірлікті құрады, оның ішінде экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкесі – 608. Яғни 20 пайыздан сәл асады. Бүгінгі таңда 12 облыста, Астана және Алматы қалаларында 24 қоқыс сұрыптайтын кәсіпорын жұмыс істейді. Пластик өңдеу бойынша шамамен 50 кәсіпорын, 30 макулатура, 9 әйнек кәсіпорны бар.

Қазіргі кезде жалпы сомасы 307,1 млрд теңгеге 64 жоба мақұлданды. Осы жобаларды іске асыру қайта өңдеу қуатын жылына 1,2 млн тоннаға, сұрыптау бойынша жылына 2,9 млн тоннаға ұлғайтады».

Қоқысқа бас ауыртпайтын облыстар

Біз министр ескерту айтқан өңірлерге қатысты толыққанды жауап ала алмадық. Нысанбаев атап көрсеткен өңірлердің әкімдіктері кері байланысқа шықты ма, ескертпелерін түзетті ме, қандай қорытындылар жасалды, білгіміз келген. Алайда экология министрлігі тұрақты кездесулер өткізіледі деп қана қойыпты. Бірақ сол тұрақты «кеңесулерге» қарамастан, министр бірнеше өңірдің нашар жұмыс істеп жатқанын айтты. Үкімет мінберінен кінә арта сөйлеп, бірнеше облыс пен қаланың жағдайы мәз емес екенін жеткізген. Нысанбаевтың сөзінше, елімізде пластик бойынша қайта өңдеу әлеуеті жылына шамамен 450 мың тоннаны құрайды. Бірақ Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Жетісу облыстарында пластикті қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқ әрі тиісті жобалар ұсынылмаған. Дәл сол секілді шыны қалдықтарын қайта өңдеу бойынша да перспектива бар. Ал Түркістан, Абай облыстарында және Шымкент қаласында қалдықтарды сұрыптау болмағанына қарамастан, министрлікке жобалар ұсынылмапты. Осы өңірлердің әрбіріне электронды үкімет арқылы ресми сауал жібердік.

«Пластик бойынша қайта өңдеу кәсіпорындарының болмағанына қарамастан, неге осы бағыттағы жобаны ұсынбадыңыздар? Өңірдің пластик қоқыстарды қайта өңдеу әлеуеті бар ма? Бұл мәселеге қатысты қандай да бір зерттеулер жүргізілді ме? Министрдің ескертуінен соң, пластикті қайта өңдеу жобаларына қатысты перспективаларды қарастырып жатырсыздар ма» деген сұрағымызға Жетісу облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы: «Бүгінгі күні пластикті қайта өңдеу бойынша жобаны жүзеге асыратын инвесторлар жүгінбегендігін хабарлайды. Алдағы уақытта бұл мәселе инвесторлар назарына ұсынылып, осы бағыттағы жобаларды іздеу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады», – деп жауап берген. Ал Шығыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы: «Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және сұрыптау зауытын салуға қатысты 10 жоба қаралды. Осы жобалардың ішінен пулға іріктеліп алынған компания екінші келісу кезеңінен өтуде», – депті.

Қоқысты қайта өңдеу бойынша көшбасшылар:

1. Австрия – 59%

1. Уэльс (Ұлыбритания) – 59%

3. Тайвань – 53%

4. Германия – 52%

5. Бельгия – 52%

6. Нидерланды – 51%

7. Дания – 51%

8. Словения – 50%

9. Солтүстік Ирландия – 45%

10. Оңтүстік Корея – 45%

Түркістан, Абай облыстарында және Шымкент қаласында қалдықтарды сұрыптау болмағанына қарамастан, тиісті жобалардың әлі де жасалмағаны жайлы сұраққа келсек, Түркістан облысы: «Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 18 мекеме жұмыс атқарады. Оның ішінде 13 мекеме қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптаумен, 5 мекеме қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады», – деп, ары қарай тағы бірнеше компанияларды атап, жұмысын таныстырыпты. Соған қарағанда, не министр, не әкімдік қателесіп отыр. Абай облысы болса, сұрыптау желілері 2026–2028 жылдары іске қосылады дейді: «2026–2028 жылдары әзірленіп жатқан Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына Аягөз, Курчатов қалаларында және Қарауыл ауылында ҚТҚ полигондарында сұрыптау желілерін орнатуды қосу жоспарлануда». Демек, он ауданы бар облыста әлі күнге дейін расында бірде-бір сұрыптау ісі жолға қойылмаған.

Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы: «Шымкент қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы дайындалуда. Ол 2025 жылы басталып, он жылға созылады. Қазір инвесторды анықтау үшін ашық конкурс жүргізілуде», – дейді. Демек, қоқыс сұрыптау ісін жақын жылдары шеше қоймайды.

Ал жоспарлы көрсеткішке, жоғарыда айтқан 30 пайызға жете алмаған Ұлытау облысы мен Алматы қаласы әлі жауап бермеді. Маңғыстау облысы болса, ҚТҚ-ны қайта өңдеу бойынша жасалғалы жатқан жобалары жайлы айтыпты. Осының бәрінен түсінетініміз, министрлік қанша жерден миллиард бердік, 67 жоба жасап жатырмыз дегенімен, кейбір өңірлердегі ахуал тым нашар. Елдегі жалпы статистика да қуантпайды. Күзде «сиқырлы» тұжырымдаманың сипатын көреміз. Әйтеуір 2025 жылғы 34 пайыз өзгеріп кетпесе болғаны. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та 2019-дан бері Таза Қазақстан туралы айтумен келеді. Ал оның ауылы әлі алыста...

Баян Мұратбекқызы

 

Тегтер: