Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 10 Шілде 2025

«Таза Қазақстан» науқанға айналып барады

Түркістан
Түркістан

Былтырдан бері қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бастапқыда үлкен үміт пен қоғамдық қолдауға ие болған еді. Алайда соңғы жылдары бұл жоба өзінің шынайы мазмұнынан айнып, тек сенбілік пен айыппұл салумен шектеліп жатқандай әсер қалдырады.

Үкімет 2024 жылғы 31 қазанда бекіткен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында халықтың экологиялық мәдениетін көтеру, экологиялық ойлау мен жауапты мінез-құлықты қалыптастыруды басты міндет ретінде белгілеген. Тіпті арнайы индикаторлар да бекітілген. Соған сай 2029 жылға дейін коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу 38%-ға жетуі тиіс, ал мектеп оқушыларының экологиялық жобаларға қатысу көрсеткіші 15%-ға дейін өседі деп жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2024 жылғы жолдауында «Таза Қазақстан» акциясына 3 миллионға жуық азамат қатысқанын, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналғанын атап өтіп, бұл бастаманы уақытша науқан емес, ұлт сапасын көтеретін, жаңа мәдениетті орнықтыратын маңызды іс деп бағалаған еді. Бірақ сол ауқымы кең жоба іс жүзінде сипаты өзгеріп кеткен бе дедік.

Бұған Түркістан облысындағы жағдайды мысал етуге болады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы жартысында қоғамдық орындарды ластағаны және абаттандыру ережесін бұзғаны үшін 13 757 хаттама толтырылып, 328 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл экологияны қорғаудан гөрі, әкімшілік қысымға көбірек ұқсайтын сандар. Экологиялық мәдениет дегенді айыппұлмен қалыптастыруға болатын ба еді? «Таза Қазақстан» науқанын «тәртіпке шақыру құралы» ретінде ғана емес, қоғамды тәрбиелеу, ойлау жүйесін өзгерту, адамдардың табиғатқа деген көзқарасын түбегейлі жаңарту деп түсінсек, онда бұл тәсіл жеткіліксіз.

Түркістан облысында ғана жыл басынан бері 184 бейберекет қоқыс орны анықталған. Отырар ауданындағы қоқыс полигонының жанынан анықталған шашылған қалдықтар соның бір мысалы. Мұндай жағдай еліміздің өзге аймақтарында да жетіп артылады. Ал сол қоғамдық орындарда санитарлық талапты сақтамаған тұлғаларға мыңдаған хаттама толтырып, миллиондап айыппұл салғаннан гөрі, сол заңсыздықтардың алдын алу шаралары жүргізілмейтіні түсініксіз.

Осы акция тұжырымдамасын бекіткен шақта жүргізілген зерттеуге қарасақ, ProEko жобасына 2024 жылы қатысатын 5–6 сынып оқушыларының үлесі небәрі 2% екен. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 15%-ға жеткізу міндеті тұр. Бірақ қазіргі қарқынмен бұл мақсатқа жете аламыз ба?

Президент Тоқаев әкімдердің бұл науқанға тікелей жауапты екенін ескертті. Бірақ қазір «Таза Қазақстан» өңірлерде есеп үшін жасалатын жоспарлы шараларға айналғандай. Түркістан облысында бекітілген 88 іс-шараның 38-і тұрақты түрде жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Бірақ олардың қалай жүріп жатқаны туралы толыққанды мәлімет жоқ. Сенбілік өткізу мен айыппұл салудан басқа, елдің экология саласындағы сауатын арттыру жағы әзірге байқалмайды.

Мәулен МӘЖИТ

Түркістан облысы