Таза Қазақстан – жарқын болашақ

Табиғатымыздың тазалығын сақтап, қоршаған ортамыздың экологиясын жақсартуға, халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының еліміз үшін маңыздылығы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024-ші жылдың 8-ші сәуірінен бастау алған бұл акция, бүгінгі күнде қарқынды жүзеге асырылып, табиғатымыздың тазалығын сақтау жолында біршама жұмыстар атқарылып келеді.
Қоршаған ортаны қорғау, табиғат байлықтарымыз бен табиғи ескерткіштерді сақтау, жаңғырту жолында қызмет етіп келе жатқан Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі үшін де аталмыш акция ерекше маңызға ие.

Акция аясында мектеп оқушылары мен жергілікті халық, ұлттық парк қызметкерлері , еріктілер бірлесіп, «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» , «Таза болса табиғат, аман болар адамзат», «Жасыл өлке», «Айналаңды қоқысқа айналдырма!» тақырыптарында бірқатар акциялар өткізілді. Таза Қазақстан акциясы еліміздің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған кешенді бағдарлама. Бұл тұжырымдама аумақтарды тазалау: қалаларды, саябақтарды, ормандарды және су қоймаларын қоқыстан жүйелі түрде тазалау, көгалдандыру: ағаштар, бұталар отырғызу және жаңа жасыл аймақтарды құру, су объектілерін тазарту: өзендердің, көлдердің және теңіздердің ластануымен күресу, экологиялық тәрбие:барлық білім ордаларында экологиялық білім мен тәрбие беру, қалдықтарды бөлек жинау: қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйелерін енгізу, биоәртүрлілікті сақтау: өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қорғауды қамтиды.

Бүгінгі күнде Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мектептерде «Мектеп орманшылығы», «Жасыл клуб» ұйымдарын құрып, жас жеткіншектерді табиғатымызды қорғау, орман молықтыру жұмыстарына тартып, көшеттерді өсіруді тәжірбие жүзінде көрсетіп, құтыларға тұқымдарды егіп, күтіп-баптау жұмыстарын мектеп оқшыларымен бірлесе жүргізуде. «Өсіп шықсын еккенім, көріктенсін мекенім!» атты ұранмен бастау алған бұл акция жас жеткіншектердің бойында экологиялық мәдениет қалыптастыру, еңбекке баулу, жасыл желектерге қамқорлық көрсетіп, табиғатымызды аялауға шақырады. Бұл Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бойынша «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының аясында іске асырылып жатқан жобалардың шағын ғана тізімі, алдағы уақытта да табиғатымызды қорғау жолында атқарылатын іс-шараларымыз қарқынды түрде жүзеге асырылып, еліміздің экологиялық мәдениетін дамыту жолында жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі.