Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:41

Тәжік-Ауған шекарасындағы атыс: бес адам қаза тапты

ауғанстан
Фото: EPA/TASS/ AKHTAR GULFAM

Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында болған қарулы қақтығыс салдарынан бес адам көз жұмды.

Қаза тапқандардың екеуі – Тәжікстан шекарашылары, үшеуі – Ауғанстаннан кірген қарулы топ мүшелері. Душанбе билігінің мәліметінше, бұл соңғы бір ай ішіндегі ел аумағына жасалған үшінші шабуыл.

Бұл туралы тәжікстандық мемлекеттік Ховар ақпарат агенттігі Шекара әскерлері баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасап мәлімдеді. Ал Азаттық Радиосының жергілікті қызметі атыс ауған контрабандашыларымен болғанын хабарлады.

Қақтығыс қалай болды?

Тәжікстан билігінің дерегінше, қарулы адамдар ел аумағына 23 желтоқсанда түнгі 23:30 шамасында кірген. Олар келесі күні сағат 11:15-те анықталған.

«Қарулы топ тәжік шекарашыларының берілу туралы талабына бағынбай, қарсылық көрсетті. Олар шекара бекеттерінің біріне шабуыл жасауды көздеген», - делінген Шекара әскерлері хабарламасында.

Атыс барысында үш ауған қарулысы мен екі тәжік шекарашысы қаза тапқан. Қарулы топтан М-16 үлгісіндегі үш винтовка, Калашников автоматы, дыбыс бәсеңдеткіші бар үш тапанша, 10 қол гранатасы, түнгі көру құрылғысы, жарылғыш заттар және өзге де оқ-дәрілер табылған.

Қазіргі таңда тәжік-ауған шекарасындағы жағдай «тұрақты» деп бағаланып отыр.

Шекарадағы қауіп күшейді

Қақтығыс болған күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ауғанстанмен шекарада орналасқан төрт жаңа шекара бекетінің ашылу рәсіміне қашықтан қатысты. Сонымен қатар, шекарадан 20 шақырым жерде орналасқан «Харбмайдон» полигонындағы танкодром да іске қосылған.

Президент аппаратының сайтында бұл бекеттер «биік таулы әрі өтуі қиын, бұған дейін тиісті деңгейде қорғалмаған аумақта» салынғаны айтылған.

«Үшінші шабуыл» және айыптаулар

Тәжікстан шекара қызметінің мәліметінше, соңғы бір ай ішінде Ауғанстаннан келген қарулы топтар ел аумағына үшінші рет шабуыл жасап отыр. Қараша айының соңында Тәжікстан аумағы ауған жағынан екі мәрте атқыланған. Сол оқиғалар кезінде Қытайдың бес азаматы қаза тауып, тағы бесеуі жараланған.

Душанбе билігі Ауғанстанда билік басындағы Талибан қозғалысын «айқын әрі жүйелі жауапсыздық танытты» деп айыптап, халықаралық міндеттемелерін орындамады деп мәлімдеді. Тәжікстан тарапы Кабулдан ресми кешірім сұрауды және шекара қауіпсіздігін күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдауды талап етіп отыр.