Тәжікстан СІМ басшысы мен Талибан үкіметінің өкілі шекарадағы жағдайды талқылады
Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин мен Ауғанстандағы талибтер үкіметінің сыртқы саясат жетекшісі Амир Хан Муттаки телефон арқылы келіссөз жүргізді.
Бұл туралы «Талибан» СІМ-і X әлеуметтік желісінде хабарлады. Тараптар екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас, экономикалық ынтымақтастық, шекарадағы ахуал, қауіпсіздік мәселелері және өңірлік бастамаларды талқылаған.
Муттакидің айтуынша, кейінгі уақытта Ауғанстан мен Тәжікстан арасында «сенім атмосферасы қалыптасқан», бірақ «кейбір күштер осы оң процеске зиян келтіруге тырысуда». Ол Тәжікстан аумағында Қытай азаматтарының қаза болуына себеп болған оқиғаны айыптап, өңірлік тұрақтылық үшін бірлескен әрекеттің маңызын атап өтті. Кабул шекаралық қауіпсіздікті күшейтуге, бірлескен тергеулер жүргізуге және «жау күштеріне қарсы бірлескен шаралар қабылдауға» дайын екенін мәлімдеді.
Ал Мухриддин Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы тарихи, мәдени және діни байланыстарды атап өтіп, шекаралық координацияны нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ол Душанбе «екі ел қарым-қатынасына зиян келтіруге тырысатын деструктивті күштерге» қарсы екенін айтты.
Қытай азаматтарына жасалған екі шабуыл
26 қарашаға қараған түні Тәжікстанның Шамсиддин Шохи ауданында «Шохин СМ» алтын өндіру компаниясы қызметкерлерінің базасына қарулы шабуыл жасалды. Тәжікстан СІМ мәліметінше, шабуыл Ауғанстан аумағынан жасалған. Оқ ататын қару және гранатамен жабдықталған дрон қолданылған, салдарынан компанияда жұмыс істеген үш Қытай азаматы қаза тапты.
Екінші оқиға: Дарваздағы жол жұмысшыларының өлімі
30 қарашада ГБАО-ның Дарваз ауданында екі қытайлық жұмысшысы қарулы шабуылдан қаза тапты. Шабуыл Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасына жақын Шодаки ауылында болған. Radio Ozodi дереккөздерінің хабарлауынша:
-
шабуыл шекараға таяу аумақта жасалған,
-
кей ақпарат бойынша, оған талибтердің шекара қызметі бөлімшелері қатысуы мүмкін,
-
шабуылдың нақты себебі белгісіз.
Қытайдың реакциясы
30 қараша кешінде Қытайдың Тәжікстандағы елшісі Го Чжицзюнь Тәжікстан СІМ басшысы және ҰҚК төрағасының бірінші орынбасарымен телефон арқылы сөйлесті. Қытай тарапы, соңғы шабуылдар Қытай бизнесі мен қызметкерлерінің қауіпсіздігі мәселелерін көтерді. Елші Душанбе тарапын ҚХР азаматтарын қорғау үшін барлық қажетті ресурсты пайдалануға шақырды.
Тәжікстан шабуылдарды қатаң айыптап, Қытайдың қауіпсіздікке қатысты талаптарына ерекше мән беретінін мәлімдеді.