Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 21 Қараша 2023

Тазы. Брендтің жаңа дәуірі

Тазы
Фото: из открытых источников

Қазақ тазыны ерекше қастерлеген халық. «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» деп, басқа үй жануарларынан ерек көріп, жанына жақын ұстаған. 

Тарихта қыздың қалыңына тазы сұраған оқиғалар да болған. Ашаршылық кезінде бір тазы мұқым ауылды аштықтан аман алып қалған деген де түрлі аңыздар бар. Жеті қазынаға қосып, осынша қастерлеген тазы кейінгі уақытта азайып кетті. Орыс зерттеушілері Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында 10 мыңнан аса құмай тазы болғанын жазады. Бірақ кейбір деректер таза қанды құмайдың қазіргі күндегі саны 500-ден аспайды деп отыр.

Сақ заманынан бері қазақтың сән-салтанатын білдіретін, саясатшылықтың белгісі саналатын құмай тазы туралы 2019 жылдары кинологтар «ерекше көңіл бөлмесек мүлдем жоғалтып аламыз» деп дабыл қақты. Дәл осы тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тазының ұлттық құндылық екенін айтып, оған айрықша көңіл бөлу туралы тапсырма берді. Жалпы, Тоқаев президент болғалы қазақ тазысы туралы жиі айтыла бастады деуге болады. 2021 жылы отандық БАҚ-тар президенттің Роберт және Никсон атты тазылары күшіктегенін, Тоқаев 8 күшіктің екеуін алып қалып, қалғанын сыйға тартқанын жарыса жазды. Ара-тұра президенттің тазымен серуендеп жүрген суреті де жарияланып қалатын. Ал былтыр қазақтың асыл тұқымды иттері туралы арнайы заң нормалары тағайындалуы керек деп қалды. Содан кейін қазақы ит тұқымдары тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру мәселелері бойынша жиын да өтті. Сол жылдың қараша айының соңында мәжіліс тазы мен төбетті сақтау, көбейтуге қатысты заң жобасын мақұлдады. Көп өтпей 2023 жылдың үшінші қаңтарында бұл заң қабылданды. Президент бұл заң туралы: ««Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық, кәсіби көзқарас қажет. Сол үшін арнайы заң қабылдадық», – деді.

Міне, содан бастап мемлекет бойынша құмай тазы мен төбет итке көңіл бөліне бастады. Оны өзіміздің бренд ретінде халықаралық тіркеу үшін көктем айында Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали Бельгияның Тюэн қаласында Халықаралық кинология федерациясының (FCI) өкілі Ив Де Клеркпен кездесті. Кездесу кезінде халықаралық ұйымға мүшелікке өту талқыланды. Ресми түрде өтініш тапсырылды. 22 тамызда бұл ұйымға мүше болғанымыз хабарланды. 6 күннен соң Женевада өткен World Dog Show-2023 әлем чемпионатында Тұмар мен Вангелия есімді екі тазымыз топ жарды. Қазақстан мұнда додалы жарысқа алғаш рет қатысып отырғанын ескерсек, 20 мың ит арасынан топ жару оңай нәтиже емес.

Енді тазыны әлемдік брендке айналдыру мәселесіне келейік. Рас, ресми тіркеумен шаруа бітпейді. Енді оның бейресми пиары жүруге тиіс еді. Бұл жағынан біздің билік әлемдік жұлдыз Димаш Құдайбергенді пайдаланып көргісі келген сияқты. Жақында Димаш президенттің қолынан «Халық әртісі» атағымен қоса тазының күшігін де сыйға алды. Жоспар сәтті орындалған сияқты. Димаштың жанкүйерлері аз емес, оның әлеуметтік желідегі тазымен түскен суреті «президенттен сый алдым» деген мақтаннан гөрі, «қазақта осындай ғажап ит бар» деген мақтанға көбірек қызмет етті. Димаштың өзі «Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады», – деп жазып, тазының күшігін «баға жетпес сыйлық» деп бағалады. Сол-ақ екен, оның әлеуметтік парақшасында Қытайдан, Еуропадан, АҚШ пен Латын Америкасынан жанкүйерлері бірнеше мың пікір қалдырды. Олардың дені «қандай керемет күшік. Қазақтың бренді дей ме? Маған да осындай ит керек» деп, қызығушылық танытып жатты.

Міне, енді, қазақ тазысы халықаралық көрмелерде, жарыстарда ғана емес, миллиард қытайға, әлемдегі қарапайым адамдар арасына таралып, олардың қызығушылығын оятты.

Қош, сонымен құмай тазымызды сақтау барысында бірқатар істер атқарылып жатқанын тізіп айтып бердік. Осы жылдың маусым айында қазақтың тазы және төбет ит тұқымдарының ұлттық орталығы ашылатыны мәлім болды. Оған қазынадан 1,4 миллиард теңге бөлінбек. Бұл қаржыға арнайы институт құрылып, таза қанды тазылар ДНҚ тұрғысынан зерттеледі. Жалпы еліміздегі асыл тұқымды иттердің көбеюіне үлес қосатын болады.

Қазір Қазақстанның барлық өңірінде қазақы тазы бар дей алмаймыз. Оны сақтап қалған, өсіріп, көбейтіп отырғандар да көп емес. Қазіргі тазыға қазақтың өз ішін қойып, әлемдік аудиторияның да қызығушылығын есепке алсақ, тазы санын өсіруге барынша күш салу керек. Сондықтан жоғарыдағы бөлінген қаржы бір кездері жоғалып барады деп дабыл қағуға дейін жеткен тазының тұқымын сақтап қалған, бүгінде осы шаруаны ұқсатып отырған осы итбегілерге берілуге тиіс. Біз Қарағанды облысының Шет ауданындағы Кеңшоқы ауылында тұратын Асхат Аманбаев атты итбегіге хабарластық. Қазіргі күнде ол 32 тазы асырап, халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Тіпті бір рет бас жүлде де иеленіп қайтқан.

«Лашын, Сылдыр, Олимпиада атты тазыларым жарыстардан қалмайды. Үнемі қанжығамыз майланып қайтады. Бастапқы кезде 1-2 тазыға деген қызығушылығым мені осындай дәрежеге жеткізді. Қазір жақсы тазы көрсем сатып аламын. Бірнеше миллиондай ақша жұмсадым. Ұдайы қан ауыстыру үшін асыл тұқымды тазы қарап жүремін. Ақша бөлінді деп жатыр, бірақ соның игілігін біз итбегілер көрмейтін сияқтымыз. Орталық, институт саламыз деп айтып жатыр. Бірақ оған басқа адамдарды жақындатпайды. Өз адамдары бар. Білетін, тазы асырауда қаншама жыл тәжірибесі бар жігіттер барған еді, есіктен кіргізбей жіберіпті. Елімізде құмай тазы саны 300-ге жетпейді деген мәліметтерді оқыдым. Мұның бәрі өтірік. Құжаты жоқ қаншама тазы жүр. Оларды есептесек, жалпы саны 10 мыңнан асып кететін шығар. Тазы деген жетеді. Тек оны қолдайтындар дұрыстап көңіл бөлсе деймін. Алақандай аулымыздың өзінде 100 шақты тазымыз бар. Орыстар Орта Азия тазысын, түрікмендер Сұлтан деген тазыны бренд етеміз деп шықты. Негізі мұның бәрі бізден ұрлап алған. Осындай әрекетке жол бермеуге итбегі жігіттер кірісіп, мемлекет те заңнама қабылдап жатыр. Тазыны жоғалтпау керек. Біз сол жолда жүргендерміз. Ертең келетін ұрпақ «үлкендерден не қалды?» десе не бетімізбен қараймыз. Тазы – ұлттық құндылығымыз. Басқа мемлекетке кетіп қалмай, өзімізде аты қалса деймін. Шіркін, тазыдан сұлу жануар жоқ қой», – дейді итбегі Асхат Аманбаев.

Төрехан Майбас, жазушы: Тазыны табиғаттан ажыратпау керек

Ит – қазақ үшін киелі, оны жеті қазынаның біріне жатқызып қадір тұтқан. Ертеректе ит қазаққа малын бағысқан, қорасын күзеткен, сондықтан да қазақ пен иттің өмірі бір-бірімен тығыз байланысқан. Адамға ең адал мақұлық та – ит. Ол иесі келмейінше үйдегі ештеңеге тиіспейді, оны күзетеді, қорғайды. Соңғы уақыттарда итке көп қаражат бөлінді, енді осының бір бөлігі иттің сұрыптарын ауыстыруға, тұқымдарын сертификаттауға жұмсалуы керек. Мұнда жалғыз тазымен шектеліп қалмай, төбет секілді басқа да түрлеріне назар аударуымыз керек.

Негізі қазақи ит көбінесе ауылда өседі. Ауылдағылар оның мінезін, болмысын, тумысын жете біледі. Ал қаладағы ғалымдар көбінесе итпен бірге өмір сүрмейді. Сондықтан да олар бұған теориялық көзбен қарайды, ғылыми жолмен келеді. Сол себепті ғалымдар мен қазақ иттерінің арасында бірауыздылық жоқ.

Тазы өте кірпияз. Оның күтімі, тамағы бөлек болуы керек. Ал бізде тамақты бір ыдысқа салып қайнатады да, оны төбетке де, бөрібасарға да, тазыға да береді. Бірақ тазы төбеттің жегенін жей алмайды, оның мүжігенін мүжи алмайды. Тазыға жұмсақтап беру қажет.

Сосын тағы бір түйткіл – қаладағы ит пен ауылдағы иттің тіршілігі турасында. Қалада итті қамап ұстайды, оларда бостандық болмайды, бар көретіні төрт қабырға, ары кетсе балкон, таңертең, кешке аз уақыт сыртта жүрген болады. Ал даланың итінде қалай айтсақ та бостандық бар, ауылда еркін жүре алады. Өз қалауынша тамақтанады. Сондықтан бұлардың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Қазір иттің тамағын консервілеп шығаратын болды. Оны ұзақ уақыт сақтау үшін түрлі қоспалар қосады. Ал осы қоспаларыңыз иттің ағзасына кері әсер етеді. Қаладағы иттердің бойынан жағымсыз иіс шығып тұратыны да осыдан. Соңғы уақыттарда қаладағы иттерге баса мән беріліп жатыр, олардың үй-жайын салып берді, басқа да жағдайларын жасады. Ал шындығында қазақы иттің тұқымы ауылда жатыр. Олар әлі де еркіндікте өмір сүреді. Табиғатпен байланысы үзілген жоқ, сондықтан алдағы уақыттарда ауылдағы иттерге көңіл бөлінсе деймін.

Қазір ит дегеніңіз – бизнес көзіне айналды. Ол үшін алабай мен тағы бір тұқымды будандастырып таласатын итті қолдан жасады. Мұндай иттер тек таласқанды ғана біледі, таласқанда да аяусыз болады, не өзін мерт етеді, не қарсыласын мерт етіп тынады. Иттің мұндай түрлері ежелде ешқандай елде болмаған, мұны кейінгі уақыттарда тек ақша үшін шығарды. Ал даланың иті бұлай таласпайды, ырылдайды, айбат шегеді, бірақ бір-бірін талап өлтірмейді.

Қазақы тазысы әлі терең зерттелмеді. Біз көбінесе шетелдің иттеріне баса мән береміз, ал өз иттерімізге қарауға мұрша жоқ. Өйткені ұзақ жылдар біздің итімізге сұраныс болмады, қамқорлық жасалмады. Бір-екі жылдан бері ғана осы олқылықтың орнын толтыруға күш салып жатырмыз. Егер бұл бастама жөнді жолға қойылып аяғына шейін жететін болса, қазақ тазысының келешегі бар. Тазыны дұрыстап зерттесек, дамытсақ, әлі-ақ әлемдік деңгейге жететін боламыз. Әрине, итке қатысты кемшін тұстарымыз бар. Мұның бәрі уақыт өте келе түзеледі деп ойлаймын. Ең бастысы президент тарапынан жасалған қадам тазының дамуына үлкен серпін әкеледі деп ойлаймын.

Тұрсынбек Башар

Тегтер: