Тбилиси орталығында полиция наразы жұртқа су шашты
Грузияда полиция Тбилиси орталығындағы парламент ғимаратының алдына жиналған наразы жұртқа су шашатын арнайы құрал қолданды.
Оқиға болған жерден түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тарады. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері парламент аумағынан наразыларға тас лақтырды деп хабалады "Эхо Кавказа" сайты.
Грузия үкіметінің Еуроодаққа қосылу үрдісін тоқтата тұру туралы шешіміне наразы болғандар Тбилиси орталығындағы Руставели және Костава даңғылын жауып тастады.
Тбилисиден басқа, Батуми, Кутаиси, Поти және басқа да ірі қалаларда жұрт наразылық білдіріп жатыр. Олар даулы парламент сайлауы қайта өтсін, жаңадан құрылған үкімет қызметтен кетсін деген талап қойды. Грузия үкіметі 28 қарашада Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді 4 жыл мерзімге тоқтата тұруды ұйғарғанын хабарлаған. Бұл жаңалық Еуропарламент осы елдегі парламент сайлауы қорытындысын мойындамау туралы қарар қабылдағаннан кейін көпшілікке айтылды.
Наразылықтарды қолдаған ел президенті Саломе Зурабишвилидің резиденциясында оппозиция мен азаматтық сектордың консультациясы өтті. Кейін ол Еуроодақ басшылығымен байланысқа шықты.
Грузияның ең ірі банктері Bank of Georgia және TBC, телекоммуникация операторлары Magti және Silknet, Tegeta автосалондары және ORBI Group әзірлеушісі наразылық білдірушілермен ынтымақтастығын білдірді. Биліктегі «Грузин арманы» партиясының еуроинтеграция үдерісін тоқтату туралы шешімін Грузияның Сыртқы істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Конституциялық сот қызметкерлері және басқа да мемлекеттік қызметкерлер де ашық түрде айыптады. Бұған қоса, Грузияның АҚШ, Нидерланды, Болгария, Италия және Литвадағы елшілері наразылық ретінде отставкаға кеткені хабарланды.
Берлин: Грузия үшін ЕО есігі ашық
«Германия үкіметі Грузиядағы оқиғаларды үлкен алаңдаушылықпен бақылап отыр және егер ел келіссөздер жолына қайта оралуды шешсе, Еуро Одақ есігі ашық», - деді Германия Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Кристиан Вагнер.
«Тбилисидегі наразылық акцияларына қатысты олардан ел халқының басым бөлігі үкіметтің бағытын қолдамайтыны және халықтың басым бөлігі Еуро Одаққа кіруді қалайтыны анық. Біз олардың талаптары қолдау тауып, құқық қорғау органдары ұстамдылық танытып, зорлық-зомбылық танытпайды деп күтеміз», - деді Вагнер.