Театрдың маусым жабарына -«Арманым-Әселім» таңдалды

Алматыдан Қарағандыға Теменов тебіреніп келді: «Арқа жұртын тұңғыш премьерамен қалай тебірентсем екен?
»,- деп.
-«Шыңғыс Айтматовтың «Арманым-Әселім» повесті мәңгілік тарихы бар ұлы туынды. Әлемнің 140 еліне және осыншама тілге аударылған тарлан шығарманы енді, кеншілер шахарының қара шаңырағы- Сәкен театрында сахналамақпыз»,-деді Қазақстанның халық әртісі.
- «Театрдың премьераға көрермен тартудағы жарнама буклетіндегі мына жолдар мені еріксіз ой салып, театрға жетеледі»,- дейді қойылымды тамашалауға барған Айгүл Омарханова:
-«Шың басындағы шынарға ұласқан, ақ жүрегінің құрбаны болуға даяр Әселінен Ілиясты алыстатқан нендей сиқыр, нендей құдірет?! Қойылымда сезім мен намыс сынға түсіп, «бастарына бейуақ бақытсыздық орнаған» жандардың өмірі баяндалады. Өмірде бір ғана жасалған ағаттықтың бағасы қандай болмақ? Әсел Нуриденнің сиқырын қайтарған Шолпандай бола ала ма?
Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының биылғы 89- маусым жабар сәтіне таңдалған «Арманым-Әселім» лирикалық драмасы сәтті шықты. Көрермен жаңа қойылымнан рухани қуат алды. Шығармашылық ұжымға таңсық әлем тың серпін берді.
-«Сүйіспеншілік, адалдық, сыйластық, достық, көре алмаушылық, жауапкершілік, қамқорлық сынды тақырыптар қозғалған лирикалық драмада нәзік сезім, ішкі мұң бар. Спектакльде өмірдегі ұмытылмас, жүректің түкпірінде терең сақталған қимас махаббат әсерлі әспеттелді»,-дейді театрдың баспасөз хатшысы, Қазақстанның Құрметті журналисі Сағат Батырхан.
Қойылымның қоюшы режиссері белгілі кино және театр режиссері, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі, профессор-Талғат Теменов. Басты рольдерді Ахатай Жұмамұратов, Амира Омарова, Сұлтан Серікұлы, Ақбота Қанатқызы, Дина Зайтова, Бибігүл Жағыпарова секілді актерлер сомдады.