Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:45

Тегеран орталығындағы Хаменеидің жерасты бункеріне Израиль соққы жасады

Иран жарылыс
Фото: Getty Images

Израильдің шамамен 50 әскери ұшағы Иран астанасы Тегерандағы үкімет ғимараттарының астында орналасқан жерасты кешеніне соққы жасады.

 Куәгерлер қалада қатты жарылыстар болғанын хабарлауда.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 6 наурыз, жұма күні, қаза тапқан Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи пайдаланған жерасты бункері жойылғанын мәлімдеді.

Израиль әскерінің хабарлауынша, бұл жерасты кешені Тегеранның орталығындағы үкімет ғимараттарының астында орналасқан.

ЦАХАЛ баспасөз хатшысы Эффи Дефриннің айтуынша, бункердің жойылуы «Иран басшылығына жасалған кезекті соққы» болды.

Әли Хаменеи шамамен бір апта бұрын Израиль мен АҚШ-тың әуе соққылары кезінде қаза тапқан. Израиль армиясының дерегіне сәйкес, ол бұл бункерді пайдалануға үлгермеген.

Аятолла қаза тапқаннан кейін де елдің жоғары лауазымды басшылары осы бункерді пайдалануды жалғастырған.

 «Олар бұл жерді қауіпсіз, ешкім кіре алмайтын орын деп ойлаған. Бірақ олар қателесті. Қазір біз соққының нәтижесін күтіп отырмыз», — деді Дефрин.

Израиль армиясының мәліметінше, шамамен 50 израильдік әскери ұшақ шабуыл жасаған бұл бункер үкіметтің “әскери қызмет базасы” ретінде пайдаланылған.

Бар мәліметке қарағанда, кешен бірнеше көшенің астына дейін созылып жатқан және көптеген кіреберісі болған. Дефриннің айтуынша, бункер тұрғын үйлер орналасқан аймақтың астында да орналасқан.

Израиль әскері бұл нысанға жасалған соққы режимнің “басқару және бақылау мүмкіндіктерін” одан әрі әлсірететінін атап өтті.

Тегерандағы куәгерлер көптеген үйлерде сезілген қатты жарылыстар мен дүмпулер туралы хабарлаған.

Әзірге құрбандар туралы нақты ақпарат жоқ. Бұған дейін Израиль әскери-әуе күштері болжам бойынша бункердің үстінде орналасқан маңызды үкімет ғимараттарына да соққы жасаған.