Тегеранда Израиль соққысынан қаза тапқан генералдар мен ғалымдардың қоштасу рәсімі өтті

Иран билігі рәсімге миллионнан астам адам қатысқанын хабарлады.
2025 жылғы 28 маусымда Тегеран қаласында Израильдің әскери соққылары салдарынан қаза тапқан жоғары шенді ирандық әскери қызметкерлер мен ядролық физиктермен қоштасу рәсімі өтті. Бұл соққылар Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу мақсатында жасалғаны хабарланған болатын.
Қоштасу рәсіміне Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Хосейн Салами, корпустың аэроғарыш күштерінің жетекшісі Әмір Әли Хаджизаде және Израиль шабуылдарының алғашқы күнінде қаза тапқан өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың табыттары көшелермен өткізілді.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, табыттар артынан ерген мыңдаған ирандықтар "Израильге өлім!", "АҚШ-қа өлім!" деген ұрандар айтқан. IRNA мемлекеттік агенттігінің мәліметінше, "Иранның қаһарман әрі алғысқа толы халқы 60 шейіттің мәйітін соңғы сапарға шығарып салды". Хабарда қоштасу рәсіміне әскери және азаматтық сала басшылары, сондай-ақ қоғамның түрлі өкілдері қатысқаны айтылған.
Иран билігі қоштасу рәсіміне миллионға жуық адамның қатысқанын мәлімдеді. Бұл мәліметтің нақтылығын тәуелсіз түрде растау мүмкін емес. Алайда AP агенттігі Тегеранның шамамен 4,5 шақырымға созылатын басты магистральдарының бойында адам нөпірі ерекше тығыз болғанын жазады.
Айта кетейік, 28 маусымда жерленгендердің көбі — 13 маусым күні Израиль басталған әскери операцияның алғашқы толқынында қаза тапқандар. Израиль соққысына жауап ретінде Иран да қарсы зымырандармен атқылау жасаған. Бұл соққыдан Израильде 28 адам қаза тауып, 1300-ден астамы жараланған.
22 маусым күні АҚШ та Иранның ядролық нысандарына қарсы соққы жасағаны белгілі. Келесі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль арасындағы атысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлім етті.