Тегерандағы отшашу — билікке қарсы ұранға ұласты
Бүгін кешке Иран астанасы Тегеран көшелерінде күтпеген жағдай тіркелді. Ертең, 11 ақпанда атап өтілетін Ислам революциясының жеңіс күні қарсаңында билік ауқымды отшашу ұйымдастырған еді.
Қала әкімдігі тұрғындарды арнайы шақырып, мерекелік көңіл күй қалыптастыруды көздеген.
Алайда кешкі уақытта көшеге шыққан жұрт отшашуды тамашалаудың орнына, билікке қарсы ұрандар көтере бастады. Ирантанушы Жәнібек Көпжасардың жазуынша, жиналғандар “Диктаторға өлім!”, “Хаменеиге өлім!” деп айқайлаған. Сөйтіп, жоспарланған мерекелік шара наразылық акциясына ұласқан.
Наразылықтың басталуына Тегеран мэрі Ализаде Заканидің (Алиреза Закани) тұрғындарды отшашу көруге көшеге шығуға шақыруы түрткі болған. Алайда қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, саяси шектеулер мен соңғы айлардағы сыртқы қысым фонында бұл үндеу кері әсер берді.