Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:05

Техаста су тасқыны кезінде жоғалған 27 қыздың қазасы расталды

Техас
Фото: БАҚ

АҚШ-тың Техас штатында болған алапат су тасқыны салдарынан Camp Mystic атты христиан жазғы лагерінде жоғалған балалар мен тәрбиешілерді іздеу-құтқару операциясы аяқталды.

Лагерь басшылығы таратқан ресми мәлімдемеде, 27 қыз бала мен тәрбиешінің мерт болғаны хабарланды:

«Camp Mystic лагері Гуадалупе өзенінде болған алапат тасқыннан кейін 27 қатысушы мен тәрбиешінің қайтыс болуына байланысты терең қайғыруда. Біз үздіксіз олар үшін дұға етудеміз. Жергілікті және федералды қызметтер барлық күшін салып, іздеу жұмыстарын жүргізуде. Бізге қолдау білдірген жандарға алғысымыз шексіз. Отбасыларына тыныштық пен құрмет сұраймыз», - делінген мәлімдемеде.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, 5 шілдеге қараған түні су деңгейі күрт көтеріліп, лагерьдегі үйлерді шайып әкеткен. Балалар ұйықтап жатқан сәтте тасқын басталып, көбі құтқарылмай қалған. Керр округінің шерифі бұл маңайдан 68 адамның мүрдесі табылғанын айтты, оның 27-сі – балалар.

Қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Техастың орталық бөлігіндегі апат салдарынан жалпы көз жұмғандар саны 90-ға жуықтап отыр, ал ондаған адам әлі күнге дейін із-түссіз жоғалғандар қатарында.

Құтқару жұмыстары жалғасуда. 1 000-нан астам ерікті, құтқарушы және әскери қызметкер апат аймағында жұмыс істеп жатыр. Үйінділер аршылып, тірі қалғандарды іздеу жалғасып жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, көптеген тұрғындар түнде, су тасқыны кезінде өз үйлерінде қамалып қалған. Кейбірі ағаштарға немесе шатырларға шығып жан сақтамақ болған, алайда су тасқынының екпіні қатты болған. Мамандар бұл жағдайды «бір ғасырда бір рет болатын апат» деп атап отыр.

Қауіп сейілген жоқ. Жергілікті билік жаңбыр мен су тасқынының қайталану мүмкіндігі туралы ескертіп, тұрғындарды қауіпті аймақтардан уақытылы көшуге шақыруда.