Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:10

Техастағы су тасқыны: 50-ден астам адам қаза тапты, 27 қыз із-түзсіз жоғалған

Техас су тасқыны
Фото: The Daily Beast/Getty Images

Техас штатында болған алапат су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 50 адамнан асты.

 АҚШ-тың бірнеше беделді ақпарат көздері шілденің 5-і күні таратқан деректерге сүйенсек, Керр округінде 43 адамның мәйіті табылған. Олардың арасында 15 бала бар. Тағы 7 адамның денесі Бернет және Трэвис округтерінен шыққан.

Штат билігінің мәліметінше, қазіргі уақытта 27 жасөспірім қыздың тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр. Жоғалғандарды іздестіру жұмыстарына 500-ге жуық құтқарушы, 14 тікұшақ, Техас ұлттық гвардиясы мен АҚШ жағалау күзеті жұмылдырылған.

Лагерьдегі апат және су деңгейі

Су тасқыны кезінде Гуадалупе өзенінің маңында демалып жатқан 750-ден астам қызметкерлердің басым бөлігі құтқарылып, барлығы 850 адам эвакуацияланды. Штаттың вице-губернаторы Дэн Патриктің айтуынша, 4 шілде күні түнде өзен суы небәрі 45 минут ішінде 8 метрге көтерілген. Ал Техас губернаторы Грег Эбботт лагерь асханасының бір қабырғасы толқынмен қирап кеткенін айтты.

 "Су ағаштардың ұшар басына дейін жетті, бұл шамамен 10 метр", – дейді оқиға куәгері.

Техас
Фото: foxweather.com

Табиғи апат пен сынға қалған саясат

Су тасқыны АҚШ-тың Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келді. Ұлттық метеорологиялық қызметтің мәліметінше, Керр округіне 300 литр жауын-шашын жауған – бұл бір жылда түсетін мөлшердің үштен бірі. Қазірдің өзінде кейбір аймақтарда жаңа тасқындар басталып кеткен. Тұрғындарға өзен маңынан тез арада қауіпсіз, биік аймақтарға көшуге кеңес берілді. 

Бұл апат кезінде Дональд Трамптың әкімшілігі сынға ұшырады. Ғалымдар мен төтенше жағдай қызметі өкілдері оның Ұлттық мұхиттық және атмосфералық басқарманың (NOAA) бюджетін қысқартқанын, білікті мамандар санын азайтқанын еске салды. Бұл мекеме ауа райын болжау мен табиғи апаттарға дайындық үшін жауапты еді. Сондай-ақ, Трамптың климат өзгерісін жоққа шығару туралы мәлімдемелері де еске алынды.

Трамп: "Бұл – қорқынышты"

Бас прокуратураға немесе сынға тікелей жауап бермеген АҚШ президенті Дональд Трамп қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.

 "Бұл өте қорқынышты. Мен болған оқиғаға қатты таңғалдым", – деді ол журналистерге. Сонымен бірге, ол Техасқа федералды көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм 5 шілдеде жасаған мәлімдемесінде: "NOAA мен ауа райын бақылау жүйелерін жаңарту қажет. Бұл — ескірген жүйе", – деп атап өтті. Министр сонымен қатар жергілікті тұрғындардың ескерту жүйесінің әлсіздігіне байланысты білдірген шағымдарын Ақ үйге жеткізетінін айтты.