"Техника қайда, министр мырза?!": өртсөндіруші жоғары қабаттан құлап кетті

Талдықорғанда тұрғын үйдегі өртті сөндіруге келген ТЖД қызметкері үшінші қабаттан құлады.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кадрларда өрт сөндірушінің сатымен үшінші қабатқа көтеріліп бара жатқаны көрінеді. Ол өрт тұтанған пәтердің терезесінен кірмек болған сәтте аяқ асты бірден бетонға құлаған.
– Сатыларының өзі шайқалып тұр. Үшінші қабаттан құлап түсті. Есін білмей жатыр. Байғұс жігіттің бір жері сынған шығар, – дейді видео авторы.
Желі қолданушылары өрт сөндірушілерде қажетті арнайы техниканың болмауына назар аударып, сын айтты.

Желідегілер жігіттің мүгедек болып қалуынан қорқып отыр. "Ал ТЖМ-нің өзінде бәрі әдемі. Бәрінің қарны тоқ, орден, генералдар… Жігітке обал болды. Мүгедек болып қалғаны 100%. Арқасында ауыр жүкпен үшінші қабаттан құлады. ТЖМ денсаулығын түзеп бере алмайды. Керісінше өзін кінәлап та қоюы мүмкін. Жігітке обал", - деп жазды оқырман.