Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Техника жоқ, қаржы жоқ, шаруа қайтіп күн көрер?

Трактор
Фото: ашық дереккөз

Ауылды көркейтеміз, тамырына қан жүгіртеміз, ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру сапасын арттырамыз деп алаулатқанымызбен, көптеген: «Ауыл» жылы, «Ақбұлақ», «Сыбаға», «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» бағдарламаларын қабылдап, мол қаржы жұмсағанымызбен ауылдың жағдайының оңалғаны шамалы, күннен-күнге кері кетіп бара жатқаны жанымызға батады. 

 Ауыл деп қанша өңешімізді жыртып айғайлағанымызбен еліміздің түкпір-түкпірінде мектептер жабылып, ауылдар қаңырап бос қалуда. Бізде қалыптасқан, саналы түрде деп айтсақ болады, қомақты қаржыға қымбат жобамен алаулатып-жалаулатып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданады. Сол бағдарламалар орта жолда сиырқұйымшақтанып, аяқсыз қалады. Кімде болса бұл «әдіс» жемқорлыққа апаратын даңғыл жол екендігін бағамдайтыны анық. Жылда қыруар мол қаржы бағытталса да, ауылдың шырайы неге кірмейді, неге көркеймейді, неге тамырына қан жүрмейді деген көп сұраққа жауап іздеп, осы «негенің» түп-тамыры қайда байланғанын, себеп-салдарын, не сұрауы не қайтарымы жоқ қаржының құмға сіңген судай із-түзсіз кетуінің құпиясын ешкім ашқысы келмейтін сияқты.

 «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, кіндік қаны тамған, топырағында аунап өскен, ата-жұртын тастап, елдің қалаға жөңкіле көшуіне (жабайы урбанизация) не себеп? Осы сұрақты ауылға жаны ашитын әрбір адамның қоюы қалыпты жағдай. Сұраққа жауапты боямасыз, ауылдың күнделікті күйбең тірлігін, жылда қайталанатын мал-жанның азығы, жиын-терін, қысқа дайындық сияқты тірліктің төңірегінен қарастыра отырып, ауылдың тұралап жатқанының себебіне қанық боламыз. Ауылда техниканың тапшы екендігі баршамызға аян, техникасы (оның өзі ескі) барлары, алдымен өзінің жұмысын атқарып болған соң ғана ұзын сонар кезектегі ауыл тұрғындарына, екінің бірі көтере алмайтын қымбат (3-4 есе) техникалық қызметін ұсынады, амалсыздан тұтынуға тура келеді, басқалай амал жоқ. Саған техника келгенде жыртатын жерің құрғап, қайта шығынданып, жерді бапқа келтіресің. Шөп шабу кезеңі одан өткен сорақы, саған кезек келгенше шөп қатайып, жапырылып жатып қалған шөптің жартысы жаткаға ілінбей, жерде ысырап болып қалады. 2-3 мәрте шабылатын жерді бір рет шауып, шөп деген аты болмаса, сояу құрайды престеудің де машақаты осыған ұқсас, оны тасып, жеткізу де оңай шаруа емес. Басатын, түсіретін, жинауға адам күшін табу да қиын, әрі қымбатқа түседі. Күзгі жиын-терін кезіндегі техниканың тапшылығынан шеккен зардапты айтып жеткізу қиын. Бағасын қанша көтерсе де қысқа отын-су, қора-қопсы жөндеу сияқты ірілі-ұсақты шаруаларды атқаруға да техника жалдайсың. Бұған қоса жанар-жағармай, тұқымдық материалдар да удай қымбат. Оған өзіңнің, отбасы мүшелерінің еткен еңбегін қоссаңыз, кәсібіңіздің қаншалықты пайдалы екеніне көзіңіз жетеді. Машақаты көп тірлікті көрген ауылдықтар қиындықтан қашады. 25-30%-ы ауылда тұрып не мал ұстамайды, не үй іргесіндегі 4-5 сотық жеріне азын-аулақ көкөніс егуге құлқы жоқ, себебі техника тапшы.

 Ауыл шаруашылық техникаларының жылда 8-10%-ын жаңартуға миллиардтаған қаржы бөлінеді. Бұл қаржы негізінен өнімділігі жоғары, қуатты әрі қымбат (15,0-20,0 млн теңге) тракторлармен комбайндар құрастыруға, яғни мыңдаған гектар жері бар, өндірісі дамыған ірі тауар өндірушілеріне бағытталған, ал миллиондаған, жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 70%-на жуығын өндіретін шағын шаруа (фермер) қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарға (ЛПХ), оның шаруасына ыңғайлы, көпфункционалды, бағасы қолжетімді минитракторлар мен мотоблоктар құрастыруға соқыр тиын бөлінеді ме? Жоқ. Биліктегілер мұндай техниканың қажет екендігінен мүлдем хабарсыз. Отандық ауыл шаруашылық техникаларын құрастыруға басымдық біржақты ауыр техникаға беріліп (диспропорция), кіші механизацияны мүлдем ескерусіз қалдырудың зор зардабын жалпы саламен қатар оның негізгі құраушысы – ауылдағы шаруалар да өнімнен, табыстан қағылып, тұрмыс-тіршілігінің деңгейіне кері әсерін тигізуде.

 Осыдан 3 жыл бұрын мәжілістің табалдырығын аттамай жатып кері қайтқан жеке қосалқы шаруашылық (ЛПХ) туралы заң жобасының не себепті күні бүгінге дейін талқылаудан өтіп, қабылданбай жатқаны шағын шаруа (фермер) қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарының (ЛПХ) мәртебесі, формасы әртүрлі болғанымен, мазмұны, тірліктері, қам-қарекеті, түпкі мақсаты біреу – өнім өндіріп, табысын молайту. Шаруалардың қорасындағы азын-аулақ малына, кішігірім шағын жерден алынған өніміне, ірі шаруашылықтар сияқты қаржылай көмек – субсидия алмайды, себебі субсидия төлеудің тәртібіне малының саны мен өнімінің көлемі сай келмейді, қаржы шаруаға жетпейді.

 Не техникасы жоқ, не қаржылай қолдау көрмеген, тығырыққа тірелген шаруалардың ісі қайтіп алға бассын? Азын-аулақ тапқаны не арыға не беріге жетпей, несиеден-несиеге кіріп, қарызға батқан, амалы таусылған ауылдықтар үй-жайын, бала-шағасын тастап, күн көрістің қамымен қала жағалауға мәжбүр. Тағы да сол қалада үйсіз-күйсіз, пәтер жалдап, екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүрген ауылдан келген жастарды көресің. Қайда барсаң Қорқыттың көрі.

 Енді не істемек керек?

1. Ауылға шағын механизацияны (өзімізде құрастырылмайды) сырттан жеңілдетілген лизингпен, утильсбор, бастапқы тіркеу, кедендік алым салықтарынсыз жаппай кіргізуге жол ашу керек.

2. Айналымдағы қор (тұқымдық материалдар, жанар-жағармай, минтыңайтқыштар, ядохимикаттар, пестицидтер, т.с.с.) құнын жартылай субсидиялау.

3. ЖШҚ (ЛПХ), ШҚ-ның артық өнімін (ет, сүт, сүт өнімдері, жүн, тері, жұмыртқа, жеміс-жидек, көкөніс өнімдері, т.б.) орталықтандырылған қабылдау орны арқылы аймақтық ерекшеліктерді ескеріп, дифференциалды бағамен сатып алу.

4. Кепілге қоятын үй, қора-қопсы, техника, мүлік, т.б. құнының 80% және жоғары мөлшерінде жеңілдетілген несие.

 Қорасында 5-10 бас қойы мен 1-2 сиырына шөп шауып, таси алмайтын, 3-5 сотық жерін жыртып, өңдеуге техникасы болмаған шаруа, арзан, шағын техника, қаржылай қолдауға қол жеткізген жағдайда тынысы кеңейіп, ынтасы артады. Мүмкіндігі болған соң малының басын көбейтуге, өнімінің көлемін арттырып, табысын молайтуға құлшыныс, ынта пайда болады. Ауылда тұрып мал ұстамай, үй іргесіндегі жерін бос қалдыратындар да қарап отырмай, ел қатарлы тіршілік етері анық. Осындай қарапайым шараларды тиімді іске асыра білсек, табысы еселеп артқан, күн көріс деңгейі, материалдық жағдайы оңалған ауылдағы ағайын арнаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) мұқтаж болмайды, яғни мол қаржы бюджетте қалады. Сондай-ақ еңбек биржасындағы (әр ауылдан шамамен күнделікті 30-35 адам) өнімсіз тірлік етіп жүргендер де өз кәсібін ашып, тиімді, өнімді тірлікпен айналысып, әжептәуір қаржы үнемделген болар еді, сонымен қатар ауылдықтардың экономикалық белсенділігі артатындығы даусыз.

 Қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел президенті экономиканың драйвері, қозғаушы күші – ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін қаржыны ұлғайтып қоймай, оның тиімді, мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету, салаға қатысты көптеген бағдарламаларды жүйелеп, жан-жақты қамтылған бір арнаға топтастырып үйлестіруді үкіметке тапсырған еді. Енді билік ауылдықтардың жанайқайын, мұңын қаншалықты дөп басып, ыңғайына қарай қаракет етерін алда көре жатармыз.

 Құрметті оқырман! Көтерілген мәселе бойынша өз ойларыңызбен, пікір-ұсыныстарыңызбен бөліссеңіздер.

Жұмәділ Бижанов

Жетісу облысы

Панфилов ауданы