Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Технология дәуіріндегі баспа тағдыры

баспа
Фото: ЖИ

Полиграфия әлемдегі ең ірі және қарқынды түрде дамып келе жатқан салалардың бірі болғандықтан, бүгінде кез келген ел өзінің полиграфиялық кәсібін дамытуға тырысып-ақ жатыр.

 Себебі бүгінгідей сандық технология дамыған дәуірде ел тоқтаусыз ағылған ақпараттардың анығы мен қанығын мерзімді басылым беттерінен іздейді. Мерзімді басылым – ұлт рухын оятатын, халықты парасат пен мәдениетке, білім мен ғылымға, өркениет пен өнерге ұйыстыратын құрал. Технология қарыштап дамып, күн санап адами ресурстың жаһандану әрі озық робототехникалық ғылымдардың пайда болуы баспа ісінің беделін одан сайын асқақтатып жатыр десек қателескеніміз емес. Себебі ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Технологиясы дамыған ең ірі мемлекеттердің өзінде мерзімді басылымдар саны артпаса, кеміген емес. Осы орайда полиграфия, баспа ісі біздің елде қалай жүріп жатыр деген сұрақтың тууы заңды.

Мен ҚР Ұлттық кітапханасының мерзімді басылымдар қызметінің кітапханашысы боп қызмет атқарамын. Кеңес кезінде кітапхана қорына барлық аймақтан шығатын газет-журналдардың міндетті екі-үш данасы, сыйлық даналары тұрақты келіп тұрғанын білеміз. Бүкіл Одақтан шығатын Ғылым Академияларының хабаршысы, хабарлары да оқырман игілігі үшін міндетті түрде беріліп отырған десе-ді. Кезіндегі адами құндылықты біліммен, ғылыммен қаруландырудың негізгі капиталы оқу болса, үкімет білімнің барлық дереккөздерімен халықты, оқырманды қамтамасыз етіп отырды. Міне, бүгінде осындай игілікті, ғибратты істердің риясыз пайдасы мен мүмкіндігін қазір ілім мен білім іздеген ғалымдар ғана емес, жалпы кітапхана оқырмандарының барлығы дерлік еркін пайдаланып, керегіне жаратып жүр. Десек те, қазіргі XXI ғасырдың оқырманының жаңа талабы – ретро-ақпарат. Жаңа технологияның шексіз мүмкіндігін пайдалана отырып, ата-бабалары туралы материалдар іздеу, зерделеу, кітаптар шығаруды екінің бірі қолға алып жүр. Сонымен қатар соңғы кездегі «трендтердің» қатарында ата-анасы, басшысы, жолдастары мен жақынына, қадірлі жандардың туған күндері, мерейтойларына сыйлық ретінде, сарғайған газет беттерінен сол күнгі жазылған тарихи уақиғаларға көшірме жасап, сыйға тарту үрдісі бар. Бұл жаңа заманның жаңа стартап идеясы десек те болады. Себебі кейінгі кездері кітапхана электрондық поштасына осындай сұраныстар шетелден де түсетінін байқап жүрміз. Бұл үрдіс қазір жоғары оқу орындары арасында да кең өріс алып кеткен. Сессия кезінде Алматының көптеген жоғары оқу орындарының студенттері «туған күн» тақырыбына эссе жазу үрдісі бар. Сол сәтте студенттер жаппай 1960–2007 жылдар аралығындағы газет тігінділерін қарайды. Кітапханашы ретінде байқағаным, сессия кезінде күніне 1500–2000-ға дейін газет тігінділері қаралады екен. Тағы бір айта кететін жайт – салаларына қарай ғылымның өрлеу дәуіріне сұраныс көп. Кітапхана қызметі кеңес заманына дейін, кеңес тарқағанға дейінгі шыққан материалдарды толық болмаса да, жоғары деңгейде қамтып келеді. Бұл деген – тек кітапхананың ғана жетістігі деуге келмес, сол кездегі үкіметтің оңтайлы саясатының жетістігі.

Отызыншы жылдардың бас кезінде КСРО-да шығарылған баспа өнімдерінің барлық міндетті данасы бас кітапханалар мен кітап палатасына өткізілу керек деген заң шығарылып, сол заң негізінде жұмыс жүргізілген. Сол кездердегі бақылаудың қатаңдығы болса керек, бүгінде кітапхананың құнды қорында барлық баспа өнімдерінің 4-5 данасы сақталған. Қазір де елімізде баспа өнімдерінің міндетті тегін тарқатылатын даналары туралы заң қабылданған. Республикада шыққан кітаптар, кітапшалар, авторефераттар, газет-журналдар, плакаттар, ноталық шығармалар, т.б. шығарылатын баспа өнімдерінің бірнеше данасы міндетті түрде Ұлттық кітапхана қорына жіберілуі тиіс. Міне, мен осы тақырып төңірегінде шырылдап жүргеніме де біраз жыл болды. Бүгінде Қазақстанда 17 облыс, 195 аудан болса, осы облыстар мен аудандарда шығатын газеттердің барлығының міндетті даналары кітапханаға түсулері міндеттелген. 2013–2015 жылдары біраз облыстардан газеттер келмейтін жағдайлар боп, мәселелер көтерілді. Кейін хабарласып жүріп, ол мәселені шешкендей болдық. Ал қазір көптеген аудандардан газет мүлде келмеуге айналды. Әрине, қорды газет-журналдармен толықтыру менің міндетім емес. Бірақ оқырман келіп сұраған сәтте «жоқ, түспепті» деп айтуға қиналып қаласың, тіпті ақырында газет редакторымен хабарласып, сұрап кететін жайттар да болған.

Осы тұста тағы бір үлкен мәселе алға шығады. Жоғары оқу орындарының хабаршылары уақытында келмейтін боп алды. ҚазҰҒА хабаршысы, хабарлары мен баяндамалары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршылары, Абай атындағы ҚазҰПУ хабаршылары 2018 жылға дейін барлық серияларымен толық келіп тұрған. Кейін тіпті келмеуге айналды. Хабарласып, сұрай қалсаң, журнал редакциясы құлықсыз, енді тек электронды форматта шығатынын, қағаз күйінде тек бір дана ғана данасы беріледі деп жауап береді. Ол міндетті данасы да бүгінде дұрыс келмейді. Электрондық нұсқалары да толық келіп, дұрыс ашылмайды. Әдетте кітапханаға келген оқырманның 80 пайызы, жасы не кәрісі болсын, баспа өнімінің қағаз нұсқасынан оқығанды құп көреді. Электрондық нұсқаны ашып берсең, оқу ыңғайсыз екенін алға тартады. Бұл да бас кітапхана үшін шешімі жоқ проблемаға айналды. Мәселен, ғалымдар осыдан елу-сексен жыл бұрынғы ҚазҰҒА хабарларының барлық серияларын алып оқып жүр. Ал осыдан елу-сексен жылдан кейін келген ғалымдар кітапханадан газет-журнал таппай қалмас па екен деп алаңдайсың. Осындайда жаның ертеңді ойлап ауырады.

Баян Өтебаева

ҚР Ұлттық кітапханасы мерзімді басылымдар қызметінің топ жетекшісі

Тегтер: