«Тек Мәскеуде емес» – Зеленский Путинмен кездесуі туралы айтты

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Ресей басшысы Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізуге Киев дайын. Алайда ол мұндай кездесудің Мәскеуде емес, Еуропаның бейтарап мемлекетінде өтуі тиіс екенін айтты.
«Біз дайынбыз, енді Ресей қадам жасауы керек»
Зеленский журналистерге берген сұхбатында:
«Екіжақты кездесуге бірден келістім. Біз дайынбыз. Ал егер Ресей дайын болмаса ше? Бұл мәселені еуропалықтар көтерді. Егер Ресей келіспесе, онда біз АҚШ-тың бұған қатаң реакциясын көргіміз келеді», – деді.
Оның сөзінше, алдымен Украина мен Ресей президенттері кездесіп, кейін АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен үшжақты форматта жалғасуы ықтимал.
«Егер тараптардың бірі бұл соғысты тоқтатқысы келмесе, оған Америка жауап қайтарады. Біз соғыстың аяқталғанын қалаймыз. Енді қадамды Ресей жасауға тиіс», – деді Зеленский.
Кездесу қай жерде өтуі мүмкін?
Украина президенті бейтарап Еуропа елдері – Швейцария немесе Аустрия – ең қолайлы орын болатынын айтты. Оның пікірінше, Еуропа көшбасшылары да бұл ұсынысты қолдайды, себебі соғыс Украинада және жалпы Еуропа құрлығында жүріп жатыр. «Москвада кездесу өтуі мүмкін емес», – дейді Зеленский.
Зеленскийдің сөзінше, Овал кабинетте Еуропа басшылары қатысқан жиында Ресеймен келіссөздерге дайындықты ұйымдастыратын америкалық топтың құрамы келісілген. Ол топқа АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, арнайы елші Стив Уиткофф және вице-президент Джеймс Вэнс кірмек.
Сонымен қатар Украина президенті 7-10 күн ішінде қауіпсіздік кепілдіктерінің алғы шарты жөнінде нақты түсінік алғысы келетінін айтты.