Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:02, 29 Тамыз 2023

Текеліге таза су қашан жетеді?

None
None

Текелі тұрғындары 20 жылдан бері шеше алмай келе жатқан мәселе биыл түбегейлі шешімін таппақ.

Қазіргі таңда отыз мыңға жуық халқы бар қала ауыз су мәселесін көптен көтеріп жүрген-ді. Қалалық су жүйесіне Қора өзенінен келетін су, әсіресе күн жылып, қар еріген кезде лайланып кетеді. Осылайша, ауыз су ішуге жарамсыз болып қалатын кездер жиілеген көрінеді. Тіпті бөтелкедегі суды сатып алуға тура келген шақтар да болған.

Бұл мәселені шешу үшін арнайы мамандардың зерттеп-зерделеуінен кейін 2018 жылы Текелі өзенінің бойынан үш су ұңғымасы бұрғыланған. Алайда мұнымен таза ауыз су мәселесі шешімін таппады. Себебі ұңғыма дайын болғанымен суды жинайтын резервуарлар мен оны қалаға жіберетін су құбырларының дені ескірген.

Текелідегі таза су мәселесін толық шешуді өткен жылы Жетісу облысына келген сапарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырып кетті. Президент тапсырмасынан кейін 2022 жылы қараша айында құрылыс жұмыстары басталды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше құрылыс осы жылдың қазан айында аяқталып, халық игілігіне беріледі деп күтілуде. Аталмыш жобаның құны 1 миллиард теңге шамасында.

Ұңғымалардан тартылатын сумен жабдықтау инженерлік желілерінің құрылысын «ҚазЕвроСтрой» ЖШС жүргізіп жатыр. «ҚазЕвроСтрой» ЖШС директоры Берік Сұлтановтың айтуынша сапалы ауыз су осыдан бес жыл бұрын бұрғыланған үш «скважинадан» алынатын болады. Осы ұңғымаларға жоғары қуатты насостар қосылып, әрқайсысының көлемі 3 мың метрлік екі жинақтаушы резервуарға су толтырылмақ.

Ал Текелі қалалық ТКШ(ЖКХ) бөлімінің басшысы Ғалым Төлегенұлы:

– Резервуар құрылысы 82 пайызға, жалпы құрылыс 85 пайызға аяқталды. 15 км астам су құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл желілер Текелі қаласын таза ауыз сумен толық қамтамасыз етеді. Бізде 2 резервуар, 3 ұңғыма бар. Бұл күрделі нысандардың бәріне соңғы үлгідегі заманауи конструкциялар қойылды. Соның ішінде электр жүйесі, бұрғыма, фильтрлеу құрылғылары жаңартылды. Ұңғымадан резервуарға дейін 160 мм-лік 6,5 шақырым, ал резервуардан қалаға дейін 355 мм-лік 9,9 шақырым магистральді құбыр салынуда. Жұмыс сапалы жасалып жатыр. Алдағы уақытта қалалық ТКШ бөлімі тексеріп, қабылдап алатын болады. Құрылыс барысында әкімшілік тарапынан да, қала тұрғындары мен белсенділер жағынан да тұрақты бақылау болды, – дейді.

Қала тұрғындары көптен күткен құрылыстар басталғалы расымен де белсенділік танытқан. Бұл туралы Текелі қаласының тұрғыны, қалалық қоғамдық кеңестің және ардагерлер ұйымының төрағасы Ертай Дүйсебаев баяндап берді:

Көп күттік. Шамамен 20 жылдың ар жақ, бер жағы. Ал қазір көңіл тынышталып қалды. Өткен жылы Талдықорған қаласында президентпен кездесу болған еді. Сол кезде Қ. Тоқаев қаламыздағы су мәселесін шешуді қадап тапсырды. Бұның алдында да айтылып жүрген мәселе болатын. Бірақ басшылық ауысқан сайын шегеріліп, қайда барсақ «келесі жылы» деген жауап қана беретін. Ал құрылыс басталғанда қатты қуандым. Әрине, мен секілді барлық текеліліктер қуанды. Әр сәрсенбі мәслихат депутаттары, қалалық мониторингтік топ, тұрғындар мен белсенділер жиналып, құрылыс болып жатқан аймақтарға барып, құрылыс уақыт кестесімен сай ма, жұмыс жүріп жатыр ма, тексеріп тұрдық. Көңіл толды. Қазіргі таңда таза суды күтіп отырмыз. Қаламыз дамуда. Ауыз судан бөлек Бұрқанбұлаққа дейін жол салып, сарқырамаға келушілерге жағдай жасау, ішкі туризмді дамыту бастамалары да бар. Әрі алда қаламызда биатлон базасы салынайын деп жатыр.

Тегтер: