Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:41, 10 Қараша 2022

Теледебат тартысты өте ме?

None
None

Сонымен, 20 қараша күні өтетін президенттік сайлаудың үгіт-насихат жұмысы қызу өтіп жатыр.

Бәрі президент болудан дәмелі. Бірақ «бәйгеден бір-ақ ат келеді, қалғаны артынан келе береді» деп, бір сәуегей айтқандай, ақырғы мәренің көрінер кезі де жақын.

Дегенмен кандаидаттың бәрі де мәреге алқынбай жете ме? Оны енді оншақты күннен кейін анық байқайтын боламыз. Қазір біз үшін назар аударатын мәселе бар: 11 қараша күні бүкіл кандидаттар жиналып, «Хабар» агенттігінде теледебатқа қатысады. Бірақ теледебат тартысты өте ме? Оған кімдер қатысады? Басты үміткер Тоқаев телесайысқа келе ме?

Баспасөз мәслихатында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Шегорцова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 11 қарашада өтетін теледебатқа қатыспайтынын айтты. Телевизиялық пікірсайысқа оның сенімді өкілі Ерлан Қошанов қатысатын болады.

– Бұл сауалға Орталық сайлау комиссиясы жауап бермейді. Себебі, біз алғашқы отырыстан соң барлық кандидаттардың штабына сауал жібердік. Әр штаб телевизиялық пікірсайысқа қатысатын кандидатураларды ұсынды. Заң негізінде де бұл жағдайда кандидат сенімді өкіліне ондай құзырлықты бере алады. Сенімхатты көрдік, талапқа сай. Сол себепті тізім осылай бекітіліп отыр, –деді ол.

Сонымен, 11 қараша күні, сағат 20:00-де «Хабар» агенттігі өткізетін теледебатқа қазіргі Мемлекет басшысынан басқа кандидаттар толық қатысады. Телесайыс тікелей эфирде жүргізіледі. Теледебаттың өтуі үшін мемлекеттен 3 миллионға жуық қаржы бөлініп отыр.

Ақыры телесайыс туралы әңгіме болған соң біз де бір нәрсені айта кетейік.  Теледебат кезінде талқылауға болмайтын тақырыптар да бар:

– Сайлау алдындағы телевизиялық пікірталастарды өткізу барысында конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық, тектік алауыздықты, зорлық-зомбылық қатыгездігіне табынуды қоздыруды, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құралымдарды құруды насихаттауға және үгіттеуге жол берілмейді. Бұл осы пікірталастарда талқылауға қойылатын жалғыз шектеу ғана. Қалғанының бәрі, яғни заң аясында кез келген сұрақтар қойылуы мүмкін, –  деді А. Щегорцова.

Бірақ бір қызығы, анықтайтын тағы бір кереғар нәрсе бар. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі теледебатты өткізуге 3 миллион теңге жұмсалатынын айтты.

–  «Хабар» телеарнасының өтініші бойынша 63 миллион теңге ұсынылды. Қаражат студияны ұйымдастыру, жарықтандыру, тікелей эфир кезіндегі байланыс, қосымша кадрларды жұмысқа алуға жұмсалатын болады, –   дейді ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова. Ендеше, 63 миллионның жайы түсінікті, ал 3 миллион теңге қайда жұмсалады? Анықтама беруде бізде кейде осындай нақтылық жетіспей жатады. Жалпы бұл емес, халықты қызықтыратын басқа нәрсе: Теледебат тартысты өте ме? Анығы, теледебатқа қатысатын кандидаттар бір-біріне өткір сауал қоя ала ма? Оған телеарна тілшілері мүмкіндік бере ме? Әлде жүйеде осы уақытқа дейін қалыптасып келген цензура сақтала ма? Қалай айтқанда да, теледебатта кандидаттар көсіліп еркін әңгіме айтып, көкейдегі мәселелерін ашық айта алады деу сенімсіз. Тіпті осы телесайыстың барысында кімнің қалай сөйлейтіні де байқалатын болады. Ең бастысы, қай кандидат қазақ тіліне жетік, қайсысы кібіртіктеп, күмілжіп сөйлейді? Мұның бәрін де халық көретін болады. Бірақ теледебат болатын кеште бүкіл халық «Хабардың» телеэкранына телміріп, сайысты қызықтай ма? Бұл күмәнді нәрсе. Осыған дейін де «Қазақстан», «Хабар» арналарында телесайыс өткен. Бәрі де қызықсыз. «Телесайыстың нәтижесі бойынша жеңімпаз анықталуы мүмкін» деп болжам жасау мүлде қате. Ашығын айтайық, Бұл АҚШ емес. Бір ғана мысал, 1960 жылы 26 қыркүйекте Ричард Никсон мен Джон Кеннеди арасында өткен теледебатты 66 миллион америкалық көрген. Телесайыс барысында Кеннедидің айтқандары халыққа жақын, сенімді шыққан. Нәтижесінде сайлаушылардың басым көпшілігі Кеннедиге дауыс беріп, ол АҚШ-тың президенті атанды.

Мәселе, теледебатта қалай сөйлеуде. Тағы бір мысал, кандидат Форд пен Картердің арасында өткен теледебатта Форд қателік жіберген. Ол өз сөзінде «Польша мен Шығыс Еуропа елдеріне Кеңес Одағының ықпалы жүрмейді» деп пікір айтқан. Ал шындығына келсек, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Шығыс Еуропа елдері социалистік лагерьде Кеңес Одағымен бірге болғаны тарихтан белгілі. Аталған елдерге кешегі 1990 жылдарға дейін Кеңес Одағының ықпалы зор болып келді. Форд осылай аңдамай сөйлеудің арқасында оңбай қателесті. Артынан пікірін түзеуге тырысқанымен, уақыт бір сәттік. Фордтың рейтингі күрт төмендеді. Халық қателікке бой алдырған кандидатты кешірмейді. Нәтижесінде Картер президенттік сайлауда жеңіске жетті. Тағы бір дерек, Рейган мен Картер арасындағы теледебатты 80,2 миллион, ал Барак Обама мен Митт Ромни арасындағы пікірсайысты 67,2 миллион көрермен көрген. Ал сайлауда Обама жеңіске жетті. Бұл әрине АҚШ, бірақ қазақ көрермені 11 қараша күні алты кандидат үшін телеэкран алдына толық жинала қояды деп айту қиын. Өйткені бізде теледебаттар іш пыстырарлық жағдайда, қызықсыз өтеді. АҚШ-тағыдай еркіндік болмайды. Тіпті бүйректен сирақ шығарып, тосын сауал қоятын үміткерлер де жоқ.

Қысқасы, бұл теледебат шынайы бір кандидат пен бес сәндидаттың телесайысы болайын деп тұр. Қызықтаймын десеңіз, көріңіз. Бірақ кімнің жеңімпаз атанатыны қазірден белгілі ғой.

Тегтер: