Телевизия тарланы

Менің кейіпкерім туралы өмірден ерте өткен журналист Бейбіт Құсанбек: «Гүлмәрия апай қазақ телевизиясының еңлікгүлі», – деп, оның тал бойындағы табиғатын бір ғана сөйлемге сыйдырған екен.
Осы бір сөздің түп-төркініне тереңірек үңілгенде менің есіме еріксіз өзім жырларын сүйсіне оқитын, дарабоз ақын Дүйсенбек Қанатбайдың шың басында өсетін эдельвейс туралы жазған «Еңлік гүл» деген өлеңі оралды. Иә, жерде, далада емес, тек құзар шыңның басында ғана өсетін еңлікгүл… асқақ та тәкаппар әрі нәзік еңлікгүл… Расында да, көзінің тірісінде өрелі ойымен, кестелі сөзімен дараланған көсемсөз иесінің ардагер журналисті еңлік гүлге теңеуінің астарында телевизия тарланының бар болмыс-бітімі тоғысқаны даусыз.
Сонау кеңес уақытында КазГУ-дің журналистика факультетінде тұңғыш рет «Телерадиожурналистика» мамандығының ашылып, дербес кафедра болуына мұрындық болған БАҚ майталманы Кенжеболат Шалабаев екенін сала мамандары ұмыта қойған жоқ шығар. 60-70 жылдары үлкенді-кішілі көрерменнің жүрегіне жол тауып, көгілдір экранның нағыз сайыпқырандары болып қалыптасқан да осы оқу орнының түлектері. Дикторлар Ләзиза Аймашева, ерлі-зайыпты Ласкер Сейітов пен Мәриям Айымбетова, теледидар ісінің ұйымдастырушысы, көсемсөзші Сұлтан Оразалин мен өз кәсіптерінің кәнігі шеберлері Ғұсман Игісінов пен Қажы Қорғановтардың экран алдындағы байыпты сөздері мен ұтымды ойларын көрермен асыға күтетін. Тамсанып-таңданатын. Ол кезде қандай да хабардың жақсысы мен жаманын екшеп, бағасын беретін қазіргідей рейтинг емес, көрерменнің өзі болатын. Әр тележурналист редакцияға ағылып келіп жататын хаттардағы сын-ескертпелерден шыңдалып, зерделі көрерменнің ұтымды тілек-ұсынысынан көңілі марқайып, тың ізденістерге бет бұратын. Ондай сөзі көкейге қонымды, бет әлпеті көрер көзге сүйкімді тележүргізушілер санаулы болғандықтан, ел есінде бірден сақталып қалатын. Сақталып қана қоймай, олардың келесі рет экранға шығуын көрермендер асыға күтетін. Кім-кімнің де осындай көгілдір экраннан тағатсыздана күтіп жүретін тележүргізушілердің бірі де бірегейі белгілі тележурналист Гүлмәрия Барманбекова еді.
Бүгінде көзіқарақты қауымға оны таныстырып жату артық. Ол сонау 70-жылдары қазақ тележурналистикасына өзгеге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен келіп қосылған жастардың легінен. Дене бітімі шағын, жүріс-тұрысы ширақ, көкірегі небір тың идеяларға толы осы Гүлмәрия апайдың өз құрдастарынан әлдеқайда жас көрінетініне қарап кім-кімнің де сүйсінбеске шарасы жоқ. Оны әркез көрген кезде қазақтың «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген тәмсілі еріксіз еске түседі. Біле білсек, оның күні бүгінге дейін жаны мен тәнінің сұлулығына қылау түсірмей сақтай алғанының құпиясы жастайынан ерекше спорт түрі – мергендікпен айналысып, қазірге дейін салауатты өмір салтын ұстанатынында болса керек. Сөздің шыны керек, кешегі кеңес заманында отандық телеарнаның тайқазанында қайнаған тележурналисті үлкендер жағы жақсы білсе де, бүгінгі жастар оны әлеуметтік желідегі руханият пен ұлттық құндылықтарымызға қатысты тұшымды пікірлері өрілген жазбаларынан ғана таниды. Яғни бүгінгі күні саны көп, сапасы жоқ сансыз телеарналарға телміретін жас ұрпаққа оның отандық арнаның өсіп-өркендеуіне қосқан өлшеусіз еңбегі беймәлім. Ендеше бәрін басынан бастайық.
Оның өмір жолына қарап отырсаң, таңғалатын жайттар аз емес. Қызығы сонда, Әулиеатаның талантты перзенті алғашында ұстаздық жолды таңдап, 1969 жылы Тараздағы Абай атындағы педучилищені тамамдаған. Сол жылы еңбек жолын Жамбыл облысы Қордай аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде әдеби қызметкер болудан бастаған ол 1970 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне түседі. Бойындағы табиғи жігер-қайраты мен алғырлығы себеп болды ма екен, 1-курстан-ақ ол оқытушылары мен теледидар саласы қызметкерлерінің назарына ілігеді. Әсіресе қазақ теледидарының негізін қалаушылардың бірі, отандық телесаланың мэтрі – Совет Масғұтовтың өзі оны алғашқы курстан бастап теледидар жұмысына баулып, жүргізушіліктің қыр-сырын меңгеруге үйрете бастайды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін біраз жыл Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасында еңбектенген ол 1980 жылдан бастап Қазақ телевизиясының спорт хабарларының жүргізушісі болып жұмысқа қабылданады. Бүгінгі күні кімде-кім кеңес заманындағы аттарынан ат үркетін қазақтың спортшы қыздары жайлы тың мәліметтер іздеп, шаң басқан бейнежазба мұрағаттарды ақтара қалса, ең алдымен Гүлмәрия Барманбекованың қолынан шыққан тың дүниелерге тап болары даусыз. Олардың қатарында, әрине, бертін келе оның өзі сол кездегі көрген-білгенін жүйелеп, жарыққа шығарған очерктер жинағында бүкілодақтық чемпионаттар мен біріншіліктерде Қазақ елінің намысын қорғаған қазақтың гимнаст қыздары Сәуле Барлыбаева, Қарлығаш Қалиева, альпинист Зәуреш Айтмұқанова сынды спортшылар бар.
Ашығын айтуымыз керек, қазақ баспасөзінде спорт тақырыбының сүйегін шағып, майын ішкен журналистердің басым көпшілігі кезінде «Спорт деген – бір сиқырымен» елді баурап алған Сейдахмет Бердіқұлов пен оның шәкірті Несіп Жүнісбаев болса, Гүлмәрия Күлиясқызы теледидарда тұңғыш рет қазақ тілінде спорт тақырыбымен эфирге шыққан қазақтың журналист қыздарының бірі. Оның өзімен қатар оқыған құрбыларынан басты ерекшелігі – әуелден теледидар саласын бүкіл болмысымен құлай сүйді. Еш өтірігі жоқ, теледидар жұмысының газетке қарағанда тынышсыздау екенін бұл саланың мамандары жақсы біледі. Спорт тақырыбы журналистерден басқа бағдарламалардағыдай ырғалып-жырғалуды, тебіреніп-толғануды, қандай да бір лирикалық шегіністерге беріле отырып жазуды талап етпейді. Керісінше, аз сөзділік пен нақтылыққа және болған оқиғаны дәлме-дәл дер кезінде қажетті айғақ-дәлелдермен жарыққа шығаруға бейімдейді. Өзі де кәсіби спортшы болғандықтан, Гүлмәрия бұл саланы жан-жүрегімен сезінді. Аталмыш тақырыпта хабарлар дайындау барысында оперативтілікті басшылыққа алып, әр бағдарламаны қызықты етіп жарыққа шығаруға тырысты. Тіпті сол кездері шынашақтай ғана қазақ қызының үлкенді-кішілі спорт додаларының бел ортасында ер-азаматтардай араласа жүріп, хабар түсіріп, сұхбат алған сәттеріне жасы үлкен ағалары да таңдай қағып тамсанатын. Ол кезде қазіргідей емес, әйел тілшілердің жарыстардың басынан аяғына дейін бақылап, ер-азаматтармен иық тіресе қатар жүруі өте сирек болатын.
Сөз басында айтып өткеніміздей, Гүлмәрия Барманбекованың әлі күнге дейін салауатты өмір салтын ұстануының түп-төркінінде оның бала кезінен осы спортқа деген сүйіспеншілігі жатқаны сөзсіз. Сол негіз болды ма, ол 90-жылдары «Денсаулық» тележурналын ашып, өзі тікелей оның авторы әрі редактор-жүргізушісі болды. Теледидар айдарларының ішінде 2-3 минуттық сюжет не болмаса 23-30 минуттық тақырыптық хабар емес, тележурналдың тілші иығына артатын жүгінің салмақты екені айтпаса да түсінікті. Осы бір жауапты бағдарламаны ол мінсіз атқарып шықты. Оның жан дүниесінің әуелден тапқырлыққа, креативтілік пен жаңашылдыққа бейім болғанынан да болар, ол хабарларын кадр сыртында құрғақ баяндаумен шектелмей, тележурналдың әр санын қандай да бір шектеулерге қарамай, белгілі бір форматтың қаңқасын өзінше «сөгіп, бұза» отырып, тың ізденістерге бара білді. Бүгінгі телеарнадағы әріптестер ренжи қоймас, техникалық мүмкіндіктер аз болған кездің өзінде Гүлмәрия Күлиясқызының небір тың ізденістері қазіргі көрсетіліп жүрген телемедицина жобаларын он орап кететін.
Оның сондай өзгеше форматта жүргізген хабарларының бәрін жіліктемей, біреуін ғана айтсақ, осы «Денсаулық» тележурналының кезекті бір шығарылымының дәстүрлі халық емі пен отандық медицинаның бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар беретін, түрлі сала мамандары бас қосқан тікелей эфирі. Жетпіс жыл бойы құрсауда болған дінімізді айтпағанда, сол жылдары ел ішіндегі емшілердің халық емінің дін-шариғат жолымен ұштасатын жақтарын заманауи медицинаның ұтымды тұстарымен қабыстыра отырып, емдейтін шипагерлерді озық ойлы тілшінің халыққа етене жақын таныстыруы да өз тұрғысында бір жаңашылдық еді. Сол жылдары бүгінде көпшілік «Сары әулие» деген лақап атымен танитын, ол кезде Атырауда тұратын Марат Есенбаевты да республикалық арнаға шақырып, оның көрермендердің түрлі сауалдарына жауап беруіне орайластырылған бір тамаша кездесу ұйымдастырғанын және оның шипагерлік миссиясы туралы толыққанды танымдық-сараптамалық хабар жасағанын көзіқарақты қауым жақсы біледі. Ақиқатында, 1988 жылдан 1994 жылға дейін, алты жыл бойы эфирге тұрақты шыққан «Денсаулық» тележурналының қатардағы қарапайым көрерменнен бастап, сала мамандары – отандық дәрігерлер үшін де таптырмас рухани-танымдық азық болғаны даусыз.
Теледидар ардагерінің бұдан кейін 1999-2001 жж. жарыққа шығарған «Салауатты өмір салты» бағдарламасы мен бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі – экология тақырыбына арналған, 2000-02 жж. екі жыл бойы тұрақты эфирге шыққан «Көкнәрдің көз жасы» циклдік хабарларын да «көзі – қазы, көңілі – таразы» көрермен әлі ұмыта қойған жоқ. Өмір өзгеріп, заман түрленген сайын әр салада жаңалық, өзгерістердің орын алуы өмір заңдылығы. Ал заман көшінен қалмайтын әрбір ізденімпаз журналист үшін басқаға ұқсамайтын әрі бүгінгі күннің сұранысына сай тележобаларды жарыққа шығару, түптеп келгенде оның өзін кәсіби тұрғыда ширата түсетін тың тәжірибе деуге болады. Осындай «жаңашыл тәсілдерді» Гүлмәрия Барманбекова да шығармашылығында мейлінше кәдеге асыра білді. Ол әр жылдары қоғамдық-саяси, әлеуметтік тақырыптардағы ауқымды хабарларда тілші, аға тілші, комментатор болып қызмет еткенімен, бәрібір халықтың құлағына жетуі тиіс бірнеше бағдарламалар жобасын әуелден ойында пісіріп жүрді.
Тележурналистің осындай сәтті шыққан жобасының бірі – 1995 жылы көрерменге жол тартқан «Сапа» авторлық бағдарламасы. Оның бұны қолға алуы да кездейсоқтық емес. Бір қарағанда бұл кейбіреулерге атауы қарапайым, қатардағы хабарлардың бірі секілді болып көрінуі бек мүмкін. Алайда көреген журналист теледидар тапсырмасымен Анадолы еліне іссапармен барған кезінде кәдімгі базарда түсірілім жасап жүріп, ондағы үлкенді-кішілі саудагерлер өмірінен көзі шалған бір ғана оқиғадан ой түйіп, осы хабарды қалайда отандық телеарнадан шығаруды өзіне мақсат етіпті. Сол кездері елімізде саяси-экономикалық өзгерістер белең алып, жаңа қоғамның талаптары өмірге дендеп еніп, барлық салада нарықтық қатынастар орын алып жатқан кезең еді. Тіршіліктің тынысын дер уақытында дөп баса білген Гүлмәрия Күлиясқызы тағы да өз әріптестерін басып озып, алғашқылардың бірі болып осы хабарды жарыққа шығарды.
Дәл сол кезде «іздегенге – сұраған» дегендей, теледидардағы басшылар актуальді тақырыптарға хабарларға тендер жариялап жатқан тұста Гүлмәрияның идеясы нағыз заман талабының сұранысына сай келетін хабар ретінде бірден қабылданады. Бірақ солай бола тұрса да, оның ой-пайымын терең түсініп, хабарды өзімен бірдей тең дәрежеде алып жүретін үзеңгілес редактор табылмай қиналған сәттері де аз болмаған. Қалай десек те, талапты жанға ешбір қиындық кедергі келтіре алмаса керек. Ол сол кезде осы бір мәселенің күрмеуін қалай шешу керектігі жөнінде өзі маман ретінде қадір тұтатын, одан сәл бұрын ғана зейнетке шыққан, әріптесі Фируза Перзадаевамен кеңеседі. Тележурналистика майталманы өзінің ұзақ жылғы тәжірибесімен бөлісіп, оған бағыт-бағдар беріп жол сілтейді. Шынымен Гүлмәрия бұл хабарымен мақтанса, мақтана алатындай. Өйткені ол жылдары ешбір арнада мұндай тұтынушы құқын қорғайтын хабарлар атымен болған жоқ. Оның өзгеше тележобасы тендерден еш кедергісіз өтіп, 1995 жылдың 19 қарашасы күні эфирге шыққан-ды. Жаңа хабар – «Сапа» алты жыл бойы үзіліссіз эфирге шығып, тек телеарнаға жаңа басшылар келіп, уақыт талабына орай, телесала жаңа форматқа көшкен кезде ғана «телеарнаның жаңа концепциясына сай емес» деген желеумен шығарылуын тоқтатты. Бірақ бұл да хабар авторына тосқауыл бола алған жоқ.
2000 жылдардың басында «Алматы» телеарнасына қызметке ауысқан ол аталмыш хабарды осы арнада да жасап, көрерменге ұсынды. Оның айтуынша, біраз жылдар бұрын «Қазақстан» телеарнасында шыққан «Халық бақылауы» хабарының формасы сәл басқашалау етіп өзгертілгені болмаса, түп негізі осы «Сапа» хабарында жатыр. Сондай-ақ оның осы Алматы теледидарындағы 2003-05 жылдары өзі редакторы, режиссері әрі жүргізушісі болған «Экология бекеті» циклді телебағдарламасы да жергілікті билік өкілдерінің құлағына жетіп, қоршаған ортада орын алған актуальді проблемалардың оң шешім табуына мұрындық болғанын жақсы білеміз.
Жасыратыны жоқ, бүгінгідей отандық актерлердің бәрінің шетінен жүргізушілікке бет бұрғанын көрген кейбір тележурналистердің оларды «тірі қуыршаққа» теңейтіні секілді, кейбір кәнігі газет ісінің майталмандары арасында тележурналистерді «газетке ауқымды журналистік зерттеуді айтпағанда, небәрі жүз жолдық ақпарат жаза алмайды» деп сенімсіздікпен қарайтындары да бар. «Жел соқпаса шөптің басы қозғалмайды» демекші, бұл да негізсіз емес. Дегенмен қандай да бір-екі сөздің басын құрай алмайтын ортаңқол тележурналистер үшін басқаларға топырақ шашудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Басқа – басқа, Гүлмәрия Күлиясқызы ондайлардың санатынан емес. Оған дәлел – оның бұған дейін баспа бетін көрген «Өмірдің дәмі», «Рекордқа жол» атты публицистикалық туындылары. Әлеуметтік желіде де апай өте белсенді. Өзі аралаған дүниежүзі елдерінің ғажап табиғатын, тарихи-мәдени орындары мен түрлі этностардың салт-дәстүрін таным сүзгісінен өткізе отырып, 2020 жылы «Ғажайып ғалам» деген атпен жинақ етіп шығарды. Гүлмәрия апайдың публицистік қарым-қабілетінің шыңдалған тұсы деп, оның Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаеваның ұсынысын қабыл алып, орыс тілінде шығатын Businesswomen.kz журналының қазақша нұсқасына редактор болған кезін және артынша ер-азаматтарға арналған «Сұлтан» журналын шығарған кездерін айтуға болады.
Өз басым тәжірибелі тележурналиспен сұхбаттасуға келердің алдында қатты толқығанымды жасырмаймын. Бірақ онымен кездескен сәтте-ақ бойымдағы сол бір толқыныстың табы да қалған жоқ. Ол мені шынайылығымен бірден өзіне баурап алды. Апайдың ыждағаттылығы сондай – өзі шығарған журналдардың 1-2 санын өзімен бірге ала келіпті. Бұны мен әріптес ретінде мені қолдағаны болар деп топшыладым. Асықпай парақтап шықтым. Тележурналист сценарий жазу үшін ең алдымен бейнеқатар мен сұхбат берушінің сөзіне тәуелді болса, газетте бұл жағы сәл өзгешелеу. Бастысы – кейіпкеріңді толықтай танып-білу үшін онымен көсіліп сұхбаттассаң болғаны. Ал оның үстіне мына журналдар секілді қосымша материалдардың болғаны тіпті нұр үстіне нұр. Тілшінің әрбір қазақстандық көшбасшы азаматтармен жүргізген сұхбаттары еш жасандылығы жоқ шынайылығымен бірден оқырманды еліктіріп әкетеді. Мәселен, оның белгілі тележурналистер Арман Байтасов, Ерлан Бекхожин және еліміздегі талай білікті заңгерлердің ұстазы, академик Сұлтан Сартаевпен жүргізген жүрекжарды сұхбаттарынан кәнігі шахматшының ойынындағыдай тапқырлық пен айланы, тілші мен спикер арасындағы үйлесімділікті бірден аңғаруға болады. Анығында, сұхбат жанрында журналистің бар қарым-қабілетін ең алдымен оның кейіпкеріне қоятын сауалдары-ақ алға жайып салатыны белгілі жайт.
Қалам ұстаған әйел заты үшін өмірде өзінің жан дүниесін түсіне алатын өмірлік қосағын кездестіруі үлкен бақыт десек, дәл осындай бақ Гүлмәрия апайға да бұйырған. Оның осыдан біраз жыл бұрын өмірден өткен жан жары Кенжебек ағай да шығармашылық адамы болғандықтан, екеуі бір-бірін қас-қабақтарынан түсінген жандар. «Тегінде бар тек тұрмас» дегендей, бүгінде атасынан дарыған текті өнер – суретшілік пен дизайнерлікті немересі Алуа қатар алып жүр.
«Алмалы» сауда орталығының ішінде орналасқан шағын кафеде апаймен сұхбаттасып отырған бірер сағат та зымырап өте шықты. Онымен әңгімелесу барысында алдымда жаны нәзік болғанымен, рухы мықты, кез келген қиындыққа мойымайтын қайсар жанның отырғанын жазбай таныдым. Оптимистігіне таңғалып, тамсандым әрі жарқын жүзді осы бір кездесуден үлкен әсер алдым. Қоштасарда оны суретке түсіруге ыңғайланған кезде апай маған: «Артқы фонды дұрыс таңда. Ол тұтастай фотокомпозицияның бір бөлігі ғой», – деді. Түсінген жанға бұл да шеберлігі толысқан, сақа журналистің өз кәсібіне әлі де адал екенінің бір белгісі екені сөзсіз.