Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:03, 07 Мамыр 2020

Темірғали КӨПБАЙ: Көр түбінде жатпайтұғын ақиқатты жыр еттім

                     ҚАРА ТІЗІМ

Жылдармен бірге жаныңды кейде жейді мұң,

Ұмсынып бекер, күрсініп кетер кей күнің.

– Атаққа сізді алқалап едік,  ақ үйде

Қара тізімде тұр екенсіз ғой, – дейді інім.

Сорапсыз сөздер шайқайды сабыр сабасын,

Ініге ізет, іздеген ақын ағасын.

– Шырағым, – деймін, – шыжғырып айтсаң шындықты,

Үкімет түгіл, үй ішіне қалай жағасың?

Сыңсиды үміт сорқұмға бұрған жылғаша,

Қайтеміз енді бермесін билік бұлдаса.

Ақкөңіл жандар алаламайды ешкімді,

Қара тізімді қара ниеттер құрмаса.

Арымыз тулақ болмауы үшін тақымда,

Айтамыз әлі ақиқат-шындық хақында.

Айлаңкес пиғыл ақ үйдің қара тізімі,

Атаңның құны кетті ме мендей ақында.

Қоғамның мынау у-зәрін кімдер ішпеген,

Қараулығына қайнап кетеді іш деген.

Қай заманда да қылыш тіл, қайран ақындар,

Хан сарайының қара тізімінен түспеген.

Отыз сегізде обаша қырған Алашты,

Қара тізімнің қыр-сырын тарих жаңа ашты.

Қысыр билікпен қырық жыл қырбай боп өткен,

Өтежандардың мұңымен кімдер санасты?

Көргенді жазып, өлең өреміз түн қатып,

Көз жасын халық болған жоқ әлі құрғатып.

Қазақты алдап, тонаумен болған биліктің,

Қара тізімінде болудың өзі – бір бақыт.

АҚИҚАТТЫ  ЖЕРЛЕУ

                                  СерікболсынӘбділдиннің рухына

Шынын айтсақ, біздің елдің шежіресі шерлі еді,

Алыптары ауыздықтан азат болып көрмеді.

Батқан күндей күңіреніп, батпан қайғы жамылып,

Кеше халық Алматыда ақиқатты жерледі.

Налығанмен нар басынан нелер нәубет өтті деп,

Кеуде қағып мақтанатын, көкірегі көк тіреп,

Арда халық Кеңсай барып, өз қолымен ор қазып,

Ақиқаттың алдаспанын көмді солай тепкілеп.

Өлді ақиқат! Ардағымның соңғы демі үзілді,

Алыптарсыз қай міскінге көрсетеміз біз үлгі.

Ақиқаты жоқ халықта қадір-қасиет бола ма,

Өксігіне орап басар кеудедегі қыжылды.

Жарқыраған сәуле шығар түкпірінен түнектің,

Көр түбінде жатпайтұғын ақиқатты жыр еттім.

Әлімсақтан ақиқаттың шындық болған дерегі,

Абадан ер айтып өлді ақтық сөзін жүректің:  

–  Бұл жүйенің бетіқатты, жұта салар бір бүктеп,

Билік отыр білегіне талай қан мен құн жүктеп.

Маңайына ыңғай әккі қу мен сұмды жинаған,

Узурпатор өлмейінше, айтылмайды шындық, – деп.

Айтып өлді. Ол шындықты естімесең обал-ақ:

«Озық ойлы өрендерді отап жатыр қол орақ.

Сталиннің саясатын сынаған жан бір кезде,

Сұм боп шығып, сол тиранды кетті қазір он орап.

Жеке басқа табынумен жан сақтаған күн бүгін,

Жағымпаздың, Жантықтардың көріп жүрміз сұмдығын.

Жуан қолдар қаралы жұрт қаһарынан қаймығып,

Желтоқсан мен Жаңаөзеннің тұншықтырды шындығын.

Еңіреп кеп елдік алған егеменді заманда,

Ата заңды қолжаулық қып, шұлғау етіп табанға,

Қарапайым адамдардың қамын жейді деген ер,

Айналып тұр халық үшін ең зиянкес адамға.

Желбуаз серт, сыпыра сөз аш халыққа не берер,

Құрғақ уағда қаймана жұрт қуанышын шегерер.

Елу елдің қатарына қай бетімен барады,

Патшасы бай, халқы кедей Қазақстан деген ел.

Жер астының бар байлығы шетел асып жоғалды,

Жоғарыда кім ойлайды сауап пенен обалды.

Ақ жағалы сатқындардың қалтасына құйылып,

Осы күні біздің елде сатылмаған не қалды?

Инвестиция! Инвестиция – бір қызылкөз жердегі,

Отыз жылда біздің елге кім қол ұшын бермеді?                                     

Шалғай жұртқа шаш етектен қарыз болып жатқанмен,

Қара халық сол қаржының пұшпағын да көрмеді.

Ұлы дала перзенттері, бұйырмаңдар айыпқа,

Көкбөрінің тұқымына көгенді күн лайық па?

Толқынды айдын алабында, бастан тұман сейілмей,

Біздің халық келе жатыр ескегі жоқ қайықта.

Қайық қайда жеткізерін қайран халық білер ме?

Қитұрқысын көрген сайын құм болады жігер де.

Жемқорлықты балалатып, қылмыс түрін қоздатып,

Балық бастан шіріп жатыр бейберекет бұл елде».

Жарқыраған сәуле шығар түкпірінен түнектің,

Көр түбінде жатпайтұғын ақиқатты жыр еттім.

Әлімсақтан ақиқаттың шындық болған дерегі,

Абадан ер айтып өлді ақтық сөзін жүректің.  

Айтып өлді!

ОППОЗИЦИЯ ТУРАЛЫ ОЙ

            (баллада)

                          Еркеғали Рахмадиевтің рухына

Салқар сөзі сиқырдайын санамызды түлетер,

Ол кісіні ойлағанда орман жаным дүр етер.

Көңіл сұрап келіп едім, сексендегі сеңгірім,

Аурухана ауласында қыдырыстап жүр екен.

Ол – маэстро, операның жұлдыздарын жағатын,

Мәңгі өлмейтін музыканың көкке созған қанатын.

Көкірегі күйге толы қартым кейде қалжыңдап:

«Ғалилардың бәрі мықты, ә!» деп арқамнан қағатын.

Масаттанып қалатынмын ол арқамнан қаққанға,

Халық сүйген ер мақтаса, одан асқан бақ бар ма?

Жылдар жылжып барады деп, жеңіл ғана күрсініп,

Тебіреніп сыр айтатын оңашалау шақтарда.

Сол күні біз көп отырдық аурухана бағында,

Сырлы шақтың бір минутын бермес едім лағылға.

Есте қалды есті күннен бір естелік айтқаны,

Беу, дүние! Сол күндер де айналды ма сағымға?

–  Мына меніңқұрдастарым қызық-ақ, – деп бастады, –

Ақыл кірмес абыз шаққа таяса да жастары.

«Президентті жадыратар не сиқырың бар сенің?»

деп сұрайды. Бұл сауалдың алыс жатыр астары.

«Біздер барсақ елбасының ашылмайды қабағы,

Сені көрсе жадырайды, күлімдейді жанары.

Өзгелерді қабылдаса қатуланып қалады,

Сонда сенің ол кісіге қай мінезің жағады?»

Мен күлемін сөздеріне:

«Бар болыңдар, бәтшағар!

Көрінгенге күле берсе, кім болғаны патшалар?

Бірің пәтер сұрайсыңдар, бірің қызмет балаңа,

Ал біріңнің көкейіңде алғың келген ақша бар.

Қайсыбірің қара бұлтын төндіресің әлемнің,

Содан кейін қалай ғана жадырасын жаны ердің?

Ал мен болсам өзім емес, елдің жайын сөз етем,

Сыналатып, бірін айтып жадыратар дәлелдің».

Елбасымыз сұңғыла ғой, көкірегі қырағы,

Қайбір жылғы қабылдауы көкейімде жүр әлі.

Сол жолы ол маған қарап:

– Мазамды алды мыналар,

Оппозиция туралы сіз не дейсіз? – деп сұрады.

– Жастау кезде Мойынқұмның даласында, – дедім мен, –  

Екі адамды жолықтырдым, күнқақты боп көрінген.

Қолдарында қаруы бар, жарағы бар сайланған,

Жақын барып амандастым, қарап жүрмей жөніммен.

Екеуі де ленинградтық ғалым екен, білгенім,

Шылым тартып, ағытты олар ұзақ әңгіме ілгегін.

Ақтарыла айтып берді Мойынқұмның жерінде

Асыл текті бұғы қамын ойлауменен жүргенін.

Табиғаттың тылсымына айта алмайсың өкпе түк,

Сұлулықты Құдай ғана жаратады текті етіп.

Алтай жақтың сұлу мүсін, асыл текті бұғысын,

Ленинград маңайына апарыпты көптетіп.

Сұлулықтың көсегесі көгерсін деп сол маңда

Бұғыларды жіберіпті қорықтағы орманға.

Бірақ, бірақ, қасқыр деген қылыш азу, қанды ауыз

Тең жартысын жеп кетіпті бір қыс қатты болғанда.

Қасқыр иттің бұл қылығы жақпаған ғой Құдайға,

Қымбат бұғы қырылғаны қожайынға ұнай ма?

Сұлу бұғы секем алмай, емін-еркін өссін деп,

Қорықтағы бар қасқырды қырып сапты бір айда.

Солай жүзін сындырыпты қасқыр деген қылыштың,

Осылайша орнатыпты бұғыларға тыныш күн.

Алты айдан соң Алтай жақтың кербез сұлу бұғысын

Көрмек болып оралыпты, бабыменен жұмыстың.

Қорық барса көрмек болып бұғыларын «ардақты».

Жалқаулық пен самарқаулық сұлулықты жалмапты.

Тоқтық пенен тыныштықтан бойкүйез боп семірген,

Бұғыларда сұлулықтың иісі де қалмапты.

Оны көрген ғалымдарда тың тұжырым бекіпті,

Мимырт күннің зиянына көздері әбден жетіпті.

Қарындары жерді сызып, әукелері салбырап,

Бұғы біткен семіздіктен сиыр болып кетіпті.

Ғалымдар бір ойға келген есті кісі ұғатын,

Сайлағанмен жануардың жайылымын, суатын,

Асыл текті бұғылардың қалпын сақтап тұруға,

Ең керегі қасқыр екен, тыным бермей қуатын.

Қасқыр жайлы ойлағанда тұла бойың дір етер,

Үркіп тұру – ол да керек қасиеттің бірі екен.

Ленинградтық екі ғалым жеткізуге қорыққа,

Мойынқұмның даласынан қасқыр іздеп жүр екен.

Осы жайдан сабақ болар бір мысқал ой түйдік пе,

Оппозиция – ол да қасқыр, тыным бермес билікке.

Оған да ерік беру керек ойын ашық айтарға,

Беттен қағып, жолын кеспей келелі іске киліксе.

Оппозиция – өз баламыз, орынсыз мін тақпайтын,

Бабам қазақ арландарды жөн-жосықсыз атпайтын.

Тыныштық та керек бізге еркін өсіп, дамуға,

Қасқырлар да аман болсын тепе-теңдік сақтайтын.

Олар шектен шыға қоймас, шама-шарық, әл білмей,

Абаданға айналмайды шулағанның бәрі бірдей.

Бір бүйірден түртіп тұрар оппозиция болмаса,

Сіз де бір күн сиыр болып кетесіз ғой әлгіндей.

Деген едім, күлді елбасы, ішек-сілесі қатқанша,

Екі иығын селкілдетіп, көзінен жас аққанша.

Қабағынан кірбің кетіп, жадырады көңілі,

– Рақмет, аға! Ойланам, – деп, – бекер кінә таққанша.

Жүйелі сөз жөнін тапса, бас иеді хандар да,

Жәркеш жанар жалбағайдың сөздерінде мән бар ма?

Еркеғали ағамыздай елбасынан қаймықпай,

Елдің сөзін сөйлегендер биіктейді заңғарға.

НАМЫС

(баллада)

                                    Шерхан Мұртазаның рухына

Болмысы бөлек, халық деп соққан жүрегі,

Ақиқат десе, алаулап шығар сүреңі,

Шерағаң ол кез қос палатаның ішінде,

Ірі турайтын депутаттардың бірі еді.

Тіліп айтатын, шиқанын жарып қоғамның,

Біліп айтатын, мәнісін сауап, обалдың.

Бірнеше жылдар қасына еріп жүрем деп,

Менің өзім де қайтпастың бірі боп алдым.

Жанына жақын жолауға батпас ез ұлдар,

Шерағаң менің сыйлайтын еді сөзімді әр.

Кейінгі жары Кененнің қызы болған соң,

Жезде деп кейде қалжыңдап қояр кезім бар.

Алтыннан сынық, әкеге тартқан аумастан,

Ақбілек апам аңқылдақ адам әу бастан.

Әйелдік болмыс тілінен сүйреп тұрса да,

Ағамызбенен кезі жоқ еді дауласқан.

Қазақы дәмнен қарағай үстел қайысып,

Үшеуміз ғана отырдық үйде шай ішіп.

Кененнің қызы кенеттен сөзді бастады,

Күтпеген жерден саясат жаққа ойысып.

–Ағаңа айтшы, – деді ол маған бұрылып,

(Көзінде тұрды қолдай ма деген бір үміт).

Көмегін бізден аямай келген үкіметті

Қажай бермесін қалса да тірлік қырылып.

Тыныш күн кешсек болмай ма енді біз, Алла-ай!

Бекініп алып, бір өзі қамал бұзардай,

Таяуда ғана үй берген үкімет басшысын

Орнынан кетсін деп отыр ағаң, қызармай.

Қайраткер тұлға, көкірегі толы күй-дастан,

Көптеген жылдар көмегін беріп, сыйласқан,

Бұл кісі десе қашанда құрақ ұшатын

Ұят емес пе, ұят емес пе Имаштан?

Қабағын түйіп Шерағаң отыр төрдегі,

Құлаққа ұрған тыныштық басты бөлмені.

Үшеуміз үнсіз отырдық шайды сораптап,

Тыныштық күйді менің де бұзғым келмеді.

Өмірдің жолы – қызасың, бірде тоңасың,

Ел деген ер де ұмытар кейде тобасын.

Қазақтың жерін саудаға салу туралы

Ұсынып жатқан үкімет заңның жобасын.

Арқырап кетер арқасын сүйеп Құдайға,

Шерағаң сынды шеріге бұл ой ұнай ма?

–Тап осы заңға талапкер болып отырса,

Мынау үкімет тарасын, – деген, – бұл айда!

Ұлының сөзін сақтайды дәйім ел есте,

Ақырып айтты парламенттегі кеңесте:

–Жер деген – біздің туған анамыз, ендеше,

Жеріңді сату – анаңды сату емес пе?

Туған жер – Отан! Отансыз болмас мысқал бақ,

Отанды сатсаң бақыттың жолы қысқармақ!

… Ақбілек апам «ағаңа айтшы» дегенде,

Осы жай еді меңзеген ойы тұспалдап.

Көкбеттен емес, келеңсіз жерде тағар мін,

Назданып айтты, қиығын тастап жанардың.

Кененқызының көңілін аулап бір мезет,

–Не дейсіз? – дедім көзіне қарап ағамның.

Шерағаң жаймен еңсесін түзеп алды да:

–Қалғыма! – деді, – ей, ұлы намыс, қалғыма!

Сендердің ғана көңіліңе қарап отырсам,

Қай бетімменен қараймын ертең халқыма?

Елім деп жүрген біз де бір пенде жердегі,

Сатулы ма екен бұл үкіметтің бергені?

Көмегін берсе қарызға берген жоқ маған

Еленгені ғой азамат ердің еңбегі.

Бүгінгі билік ертең-ақ тарап кетеді,

Атқамінердің бәрінің күні өтеді.

Үкімет деген бүгін бар да, ертең жоқ,

Ал халық – мәңгі! Осыны ұқсаң не етеді?

Елімнің заңы, жұртымның қамы уайым боп

Тебінгі тепкен жылдарым болсын дәйім көп.

Белімнен күміс, басымнан алтын құйса да

Мүкаммал үшін халқымды сатар жайым жоқ!

… Осылай деді, жанары шоқтай Көк түрік,

Сөзінен оның кеудемде намыс кетті ұлып.

Қолынан қысып, басымды идім алдында:

–Шераға, рақмет! Өлмесін намыс! – деп тұрып.

ҚАТЕЛІКТІ  ТҮЗЕТУ

(баллада)

                                                        Қадыр Мырза Әлінің рухына

Қиындықтардан қаймықпау болса мұратың,

Қалтаңда досым, әзілің жүрсін бір атым.

Қадыр ақынның қадірі бөлек еді ғой,

Қасына ерсең қалжыңға қарық қылатын.

Қазақы қалжың – тереңде жатар тамыры,

Тар кеуде жандар тулайды қашып сабыры.

Төрт ауыз сөзбен тулақтай қағып тастайтын,

Қалжыңы – қылыш, қазақтың қайран Қадыры.

Дүние жарық – қасірет көптеу тараған,

Көз жасын сөзбен құрғата білмес әр адам.

Қалжыңға сүйеп қайғыны талай кемітті,

Қысастық көрсе күле қарайтын Қад-ағам.

Күле қарайтын, қыжалат келсе қыңбайтын,

Әлемде мынау болмайды дейтін, ыңғай түн.

Бойына сіңген тағы бір ерен мінезі –

Бет алған істі бітірмей әсте тынбайтын.

Күндерге күндер, айларға айлар ұласты,

Көп томдық басып, сермедік кеңге құлашты.

Кеңсеге біздің кеңесе келіп бір күні,

Кемеңгер ағам өзгеше маған сыр ашты:

– «Тақиялы періште» отыр бізді елеп,

 Келісім беріп,келінді өзің ізде деп.

Ал енді, менің ең басты шартым – кенжеме

орысша мүлде білмейтін қазақ қыз керек.

Көзімнен ұғып, таңданысымдыерек бір,

–Дерсің-ау, – деді, – «Ағамызмынау не деп тұр?»

Өмірде үлкен қателік өтті басымнан,

Олқының орнын толтыру үшін керек бұл.

Азғындап кетсем аз емес менің үлесім,

Үш ұлым барын өзің де жақсы білесің.

Баланың бәрін орысқұл етіп біттік қой,

Айдала болып ана тіл үшін күресім.

«Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!»

Деп жаздым, Алла-ай, өзгеге үлгі болардай,

Тұрған-ды ол кез өз бағым әлі тоналмай.

Орысқұл болған ұрпағымды енді аяймын,

Өз тілін білмес бейшара бар ма солардай?

Қу саясаттың құрығын қалай сөгейін,

Тағдырдың біздер көрдік қой талай өгейін.

Қазағым деген қайраткерлердің баласы,

Қазақ тілінен мақұрым өсті, не дейін?

Қыр жақтан келген қазақты көрсе қасарып,

«Мәмбет» дегені атқандай болды тас алып.

Мәмбеттіктен құтылмақ болып жүргенде,

«Мәңгүрттің» бәрін өзіміз қолдан жасадық.

Сана жоқ бізде уақыттың демін ұғарлық,

Ұраншыл билік не десе соны құп алдық.

Коммунизмге ұлтсыз жетеміз деп жүріп,

Космополиттер өсіріп біздер шығардық.

Заманда сонау болмады ұлттар теңдігі,

Тіліңді жұтса, не керек дүние кеңдігі.

Қазақша ғана сөйлейтін қазақ қыз керек,

Ұрпағым менің қазақы болсын ендігі.

Қазақша ойлап, қазақша ғана сөйлесін,

Шын қазақ болса, оларға кімдер қой десін?

Біліп өссінші, ұғып өссінші ұрпағым,

Көкбөрі текті ұлтының нағыз бейнесін.

Қазақша танып аспанда Ай мен жұлдызын,

Қазақы  салтпенөсірсін туған ұл-қызын.

Қолыңнан келсе тауып бер, – деді, – кенжеме,

Қазығұрт жақтың иманы толық бір қызын.

Тілеуін берсін тілеген жанның Тәңірден,

Ағамның сөзін ақылға салдым сабырмен.

Бойжетіп тұрған балдызды беріп ұлына,

Құдайым қосқан құда да болдық Қадырмен.

Ана тілінің әлемде болмас теңдесі,

Шын қазақ болсаң реттеле берер өңгесі.

Немерелердің қазақша шықты тілдері,

Қазаққа қайтты орыс боп кеткен кенжесі.

Орысқұл бала күйеу де болды ізетті,

Келеді өсіп қазақы ұл мен қыз епті.

Келіннің жөнін келісіп шешуарқылы           

Ұлы ақын сонда ұрпақтың жолын түзетті.

                  «ПИРАТ»

                  (баллада)

Ауылға бардым. Ауылда көктем бір керім,

Алдымнан шықты арманшыл бала күндерім.

Қалада жүріп, қаталап қаппын қырды аңсап,

Сағынып қаппын сабалақ иттің үргенін.

Қарашаңырақ. Әкемнен қалған көзіндей.

Қараша үйді жырлаймын әлі көз ілмей.

Қара сирақ ұл аулада итпен ойнап жүр,

Қаршадай күннен ит жанды болған өзімдей.

Қазақы тұқым, құлақ, құйрығы кесілген,

Қусам да кетпес тоңмойын төбет есімнен.

Беймаздау бала ат қылып мініп алса да,

Былқ етпей жатыр. Сақтасын құдай кесірден!

Сұқтана қарап сұрына мынау «батырдың»,

«Кә-кә!»  деп иттіөзіме таман шақырдым.

Бұрмады мойнын «Кім едің өзің?» дегендей,

Ұқпайды-ау сөзін бөтенсіп қалған пақырдың.

Болмысы маңғаз, шабаланбайды, үрмейді.

«Кел, кел!» деп көрдім, біртабан бері жүрмейді.

Інімнің кенже баласы кенет деп салды:

– Ата, бұл төбет, қазақша мүлде білмейді.

– Қалайша? – дедім, – итте де сонда тіл бар ма?

Бұл жарықтыққа құлақ берген ғой тыңдарға.

Қазақы төбет – Бөрібасардың тұқымы,

Иесі айтса жетпей ме шолақ мұндарға?

Тіліне қарап таңдай ма иттің қайбірін,

Көкірегімде күйреді төбет жайлы ұғым.

– Макстың иті. Есімі – Пират. Үш жаста,

Аманат қылып қалдырып кеткен ай бұрын.

– Макс дегенің шетелге кеткен Мақсат па?

Бұл Пират болса, жарыған екен жақсы атқа.

Қазақы итке қазақша ат құрып қалған ба,

Не деген бәле, атаңды балам, қақсатпа!

–  Қараңыз, ата,қазақша сөзге қыңбайды,

Орысша менен ағылшыншаны тыңдайды.

 «Пират, встать!» –деп бұйырып еді төбетің,

Орнынан тұрып, байқатты «ізет», ыңғайды.

Інімнің ұлы «Ко мне!» деп, «Апорт!», «Сидеть!» деп,

Айтқанын итке істетіп жатыр түйдектеп.

Қазақтың тілін өзі білмейтін Максқа

Қалай айтасың итіңе қазақша үйрет деп.

Қасиетсіз болса қайтесің итті байлап құр.

Қолыңнан келсе итіңе, қазақ, қой бақтыр.

Қазақша бір сөз ұқпайтын мынау нән төбет,

Ағылшыншаға жүйрік екен, «сайрап тұр».

«Стенд ап!», «Кам он!» Бұйрықтың бәрін қағып ап,

Сэм ағай келсе төбетің бірден танымақ.

– Ағылшын тілін үйрену оңай итке, – деп,

Пиратты қоршап, бала біткен мәз жамырап.

Қазақы төбет қазақша ұқпай қорлады-ау,

Шетелге кеткен не ойлайды екен сорлы анау?

Қазақтың тілі өркениеттің жолында,

Интернет түгіл, итке де керек болмады-ау!

Жаратқан Тәңір, үміттің көшін қиратпа,

Тіл үшін бізді сүйрелей көрме сиратқа.

Қаланы қойып, алыста жатқан ауылда,

Бөрібасарлар айналып жатыр Пиратқа.

АҚБОЗ –КӨКБОЗ

    (баллада)                  

                                      МұзафарӘлімбаевтың рухына

Қазақы ойдың қаймағын жинап өтті әр күн,

Қартымды бүгін жан-жүрегіммен жоқтармын.

Мұзафар ата Әлімбаевтың үйіне

Көптомдық жайын кеңеспек болып көп бардым.

Қаламгер үшін қайырыла бермес мұндай бақ,

Қаламын сайлап, қолжазба қаттап, ыңғайлап,

Қайқыбас қара кереуетінің үстінде

Қай күні барсам, отырады ойға шым бойлап.

Тоқсанда жасы, торғайдай ғана заты ердің,

Төніп тұр сұсы кәрілік деген қатердің.

Шау тартқан қыран шұқшия қарап шимайға,

Іздейді мәнін бабадан қалған мәтелдің.

Мәтел сөз – кие, қасиеті артық қызырдан,

Қызық ой болса – қырманда қайнар қызыл дән.

«Ат айналып қазығын табар» деген сөз,

Көзіме түсті сиямен асты сызылған.

Мерейлі шақта болғанмен адал салтына,

Мәтелдің мәнін білмеген жанда бар кінә.

Меңзеумен ғана мағынасын ойдың білгім кеп

–Бұл сөзді неге сыздыңыз? – дедім қартыма.

–Ә, балам, оның астары бөлек, астары,

Мән бермей сөзге айтады бәрі, жас-кәрі.

«Айналып келіп қазығын табар ат» дейді, ә, –

Деп алып, қартым қызық бір сырды бастады.

–Қолданыс тапқан тұтқадай болып тәлімге,

Негізі, бұл сөз астарлы ойдың халінде.

«Адасқан пенде, алыстап кеткен азамат

Ортасын қайта табады» деген мәнінде.

Бұл сөздің мәні жалпыға мәлім жайт, балам,

Қаймана қазақ нені де білмей айтпаған.

Шідер мен өре, кісен салса да аяққа,

Жылқысын қазақ қазыққа байлап бақпаған.

Тентіреткенде тағдырдың жүгі зілман боп,

Айналып келмей, кеткендер қанша құрбан боп.

«Ат айналып қазығын табар» дегенде ел,

Жердегі жылқы туралы айтып тұрған жоқ.

Бабалар біздің мәнісін білген бәрінің,

Сыйынып көкке, ғарыштан алған тәлімін.

Тұғырлы шамдай Темірқазықтың қасында

Ақбоз бен Көкбоз – екі жұлдыз бар, жарығым.

Сол екі жұлдыз Темірқазыққа байланған,

Көрінеді анық қарасаң түнде қай маңнан.

Сол екі тұлпар – бабамыз айтқан құбылыс,

Махфуздан бері қазықтан кетпей айналған.

Аспанда мынау ақ нұрын шашқан мәңгілік,

Ақбоз бен Көкбоз үйлесім тауып, сән құрып,

Ай туған шақта алыстап барып қайтадан

Темірқазыққа оралатыны заңдылық.

Сөз мәнін солай зерделеу керек ел деген,

Тұтқа болмайды торылар қолдан жем жеген.

«Ат айналып қазығын табар» дегенде,

Асқақ бабалар аспанның сырын меңзеген.

… Тебіреніп кеттім, аспанды жаңа көргендей,

Ақбоз бен Көкбоз кісінеп дауыс бергендей.

Бір ғажап сезім көкірегімді кернеді,

Бағзыдан бабам тіріліп қайта келгендей.

Аңызда болар ақиқат күткен бір нүкте,

Әпсана болмай, әлімсақ сырын білдік пе?

Бабаларым-ай, даналарым-ай, кемеңгер,

Аспанның сырын астарлап өрген тірлікке!

Тегтер: