Теміртау қатып қалмай, қыстан шыға ала ма?
Теміртау қаласының жылу жүйесі Сарыарқаның сары аязына шыдамай, Екібастұздың тағдырын қайталай ма деген күдік теміртаулықтарды соңғы уақытта жиі мазалап келеді.
Теміртау қаласы жылу желісінің 80 пайызының тозығы жеткен. Коммуналдық мекеме жыл сайын құбырларын жамап, кем-кетігінің орнын толтыра алмай әуре-сарсаңға түседі. Жыл он екі ай Теміртаудың қара түтініне қақалып өмір сүріп келе жатқан жұрттың сорына қыста жылудың толық болмайтын мехнаты қосылды. Теміртаулықтар алты ай қыс бойы пәтерлерінде бойларын жылыта алмай отырады. Биылда жағдай өзгермей қайта ушыға түсті. Жылу маусымы басталғалы бері Теміртау қаласындағы жылу қазандығында бірнеше рет авария болды. Коммуналдық қызмет әр апатты жағдайда қаланы толық қатып қалудан әзер сақтап қалғанымен тұрғындар жаурап, жылусыз отырады. Қараша айында жылу болмай қалған күндері кейбір мектептерде сабақ қашықтықтан оқытуға көшірілген. Мұндай ақпаратты билік жасырып баққанымен тұрғындар жариялады. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі 2-ші жылу энерго орталығында қыс басталғалы бірнеше рет апатты жағдай болғандықтан, теміртаулықтардың үйлері толық жылынбай отыр. Тұрғын үйлерге берілетін жылу деңгейі төмен болғандықтан, халық еріксіз тоқ жылытқыштарын пайдаланып, өлместің күнін кешуде. Осының салдарынан тұрғындар коммуналдық қызметке төлейтін қаражаттарының өсіп кеткенін айтып шағымданады.
«Жылда осындай жағдай, биыл тіпті ерекше болып тұр. Жылу маусымы басталғалы бір дұрыс жылуды көрмедік, ыстық судың өзі салқын болып келеді. Сонда мүлдем жылу орталығының қауқары жоқ деген сөз ғой. Балаларға обал, қыстай ауырып шығады. Жаздай осылар не бітіреді жылу желісін жөндемегенде?» – деп қынжылады теміртаулық тұрғын Қайырбек Мақсұт.
Әлеуметтік желіде тұрғындар биліктен Теміртауда төтенше жағдай режимін жариялап, жағдайды оңалтуға ат салыссын деп талап қойып келеді. Шағымдардың көбейгені әсер етті ме кім білсін, жылумен қамтамасыз ететін компания жылу деңгейі төмендеген күндерге қайта есептеу жасалатынын, жылудың ақысын тек тасымалдау құнымен ғана есептеп төлейсіздер деп жұртты сабырға шақырмақ болды. Билік пен монополистерге сенуден қалған жұрт қыстан аман- есен шықсақ жарады деп қорқып отыр. Бүгінде Теміртаудың белсенді тұрғындары қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімін салғырт жұмыстары үшін сотқа беруге бекініп отыр.