Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:30, 18 Қараша 2022

Теміртау тағы тоңып тұр...

None
None

«Баяғы жартас – сол жартас». Металлургтер шаһары Теміртауда жылу беру қызметінде проблема әлі шешілмей тұр.

Қазан мен қарашаның қара суығында үйлерінде тоңып, қатқан жұрт: «Арқаға қыс келгенде жанымызды қалай сақтаймыз» деп, зар жылайды. Әкімқаралар мен қызмет көрсетуші мекеменің бастықтары бәрі реттеледі деген уәдемен халықты тойдырып келеді.

Қарағандыда  қыркүйектің соңында жылу берілсе, Теміртауда коммуналдық қызмет жылу бермей, құбырлары мен қазандықтарын жөндеп біте алмай әуре-сарсаңға түсіп жатты. Осындайда «суықтың түскенін күту керек пе еді? Әлде қызмет көрсететін «Оқжетпес» ЖШС жаздай ай қарап жүрді ме?» деген сұрақ туындайды. Теміртау тұрғындары жылу желісіндегі жөндеу жұмыстарын коммуналдық мекеме мамыр айында бастағанын, алайда соны дұрыс жасамай, жаз бойы созып жүріп алғандарын айтып шағымданады. Енді сол салғырттықтың салдарынан әдеттегідей қала тұрғындары жапа шегіп отыр. Осылайша жылу маусымы Теміртау қаласында кеш басталды. Әупірімдеп әзер басталған жылу маусымының жыры мұнымен бітпейтін түрі бар. Қазан, қараша айларында бірнеше рет жылу желісінде авариялық жағдайлар орын алып, жұртқа берілетін жылу тоқтап қалды. Өткен аптаның соңғы күндері Теміртау қаласындағы Бауыржан Момышұлы мен Мира көшелерінің қиылысында құбыр жарылып, елуден астам көп қабатты тұрғын үйлердегі жылу өшірілген болатын. «Оқжетпес» ЖШС бастығы бір тәуліктен соң апатты жағдай жөнделіп, олқылық орнына келді деп мәлімдеген болатын. Дегенмен теміртаулықтар үйлерінде жылуға әлі жарымай отырғанын айтып қынжылады.

— Қыс басталмай жатып осындай қиын жағдай болып тұр. Жылда осы ғой, қашан реттеледі? Күзде қалаға жаңа әкім келген, оның да қолынан келмейтін сияқты. Өйткені бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Жылуға жарытпай отырғанда басқасынан не қайыр бұл үкіметтен. Жылу жібердік дейді, ал батарея сәл ғана жылы сосын өзіміз тоқ пешпен жылынып, өлместің күнін көріп отырмыз, – дейді Теміртау қаласының тұрғыны зейнеткер Бижамал Тұрсынова.

Қала тұрғындары Теміртаудың жылу маусымына дайын емес екенін айтып биліктен көмек сұрап отыр. Бұған дейін қоғамдық кеңес өкілдері жылуға қатысты жағдайдың қиын екенін айтып, төтенше жағдай жариялануы мүмкін деп те болжам білдірген. Әзірге қала билігі жағдай бақылауда деп жұртты сабырға шақырып отыр. Теміртаулықтар осылай қыс түссе болды баспаналарында жаурап отырады. Қазір қаладағы көп қабатты үйлердің тең жартысында тұрғындар тоқ пешпен жылынып отыр. Халық осылайша коммуналдық қызметке көп қаражат шығындайды. Ал Теміртаудың жылу желісінің 80 пайызы тозып тұр. Оларды ауыстыру үшін қыруар қаржы мен уақыт керек.

Тегтер: