Теміртауды түтіннен кім құтқарады?

Соңғы жылдары тәуелсіз экологтар мен белсенді тұрғындар Теміртауда апатты жағдай қалыптасқанын айтып дабыл қағуда.
Қыстың күні Теміртауға жауған қар бірер сағаттың ішінде қап-қара болып шыға келеді. Қалаға келе қалсаңыз, ауадағы жағымсыз иісті бірден сезесіз. Теміртаулықтардың айтуынша, қалада жүрек қан тамыры мен қатерлі дертке шалдыққандардың қатары артқан. Алайда денсаулық сақтау саласындағы шенділер теміртаулықтардың қауіпті сырқатқа көп шалдығатыны туралы мәліметті жариялауға асығатын емес. Мұның астарында онсыз да ушығып тұрған ахуалды одан ары күрделендірмей, жұрттың үрейін ұшырмауға бағытталған мақсат тұрған сыңайлы. Ал онсыз да «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған халық қашанғы шыдамақ?!
Теміртауда ірілі-ұсақты зауыттар аз емес. Соның ішінде алпауыт кәсіпорынның бірі – «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы.Қаланы қара түнекке орайтын түтіннің басым бөлігі осы «Арселор Миттал» металлургиялық зауытынан шығады. Теміртаулықтар металлургиялық зауыт пен жылу-электр орталығы түнгі уақытта түтінді қатты шығаратыны соншалық – тіпті кейде тыныс алудың өзі ауыр болып кететінін айтып қынжылады. «Мына жағынан «Арселор Миттал Теміртау» зауыты, екінші жақтан «Каргрэс» түтінді бұрқыратып жатады. Олар түтінді түнгі уақытта өте көп мөлшерде шығарады. Әсіресе конвертерлік цехқа жақын орналасқан №9 ықшамауданның тұрғындары мұны жақсы сезінеді. Жағдайымыз осы, бұған биліктің көңіл бөлетін уақыты баяғыда жетті», – дейді Теміртау тұрғыны Мағира Сұлтан.
Дәрменсіз билік Теміртауды түтіннен тазарта алмас
Жақында Теміртау қаласына Қайрат Бегімов әкім болып тағайындалды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек оны жаңа лауазымға тағайындағанда, бірінші кезекте Теміртау экологиясын жақсарту жөнінде тапсырма берген-ді. Бүкіл ел билігінің шамасы жетпей отырған Теміртау экологиясын оңалту жаңа әкімге оңайға соқпасы анық. Экология министрі Теміртауға жылына бір-екі мәрте келіп, барлық атқамінерлер мен экологтардың басын қосып, жиналыс өткізеді. Сосын, өндіріс алпауыты – «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығымен шығарылатын түтінді азайту жөніндегі меморандумға қол қояды. Бұдан кейін әлгі компанияның шын мәнінде түтінді қаншалықты азайтқанын ешкім дөп басып айта алмайды.
Теміртаулықтар «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып, жағдайдың өзгермейтінін айтады. 28 тамызда Теміртаудың белсенді тұрғындарымен экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев онлайн кездесу өткізген-ді. Басқосу барысында министр тұрғындардың өтініші бойынша қалаға эколог инспекторды жібермек болған. Теміртауға келіп тұратын инспектор қаланың экологиялық жағдайына сараптама жүргізеді. Бірнеше жылдан бері қоғам белсендісі Станислав Войцеховский тәуелсіз сарапшы ретінде, Теміртауда экологияның нашарлағанын айтып, дабыл қағып келеді. Ол әлеуметтік желіге Теміртау зауытынан шығып жатқан түтінді жиі түсіріп, ақпараттар салып отырады. «Мен әр сәтте Теміртау жағдайын бейнежазбаға түсіріп, күнделік жүргізіп отырамын. Өйткені компания мамандары «ой, бұл 2015 жылы түсірген бейнежазба, одан бері барлығын түзеткенбіз» деп айтпас үшін осылай жасаймын. Инспектордың келгені жақсы, бірақ ол қандай жұмыс атқарады, экологияны қалай бақылайды, сол жағы түсініксіз. Оның жұмысын кім қадағалайды. Бұл жұмыс шынайы болу үшін инспектордың жанына Теміртаудың бір тұрғынын қосып, жұмысқа араластыру керек. Тіпті мен осы жұмысты өзім тегін жасар едім, – дейді бізге пікір білдірген Станислав Войцеховский. Ал «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы болса соңғы жылдары қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықты азайту үшін кешенді бағдарламаны қолға алып жатқанын алға тартады. «Бүгінде бірнеше жылға арналған жобалар жүзеге асырылып келеді. Бірнеше технологиялық агрегаттарда тиімсіз жұмыс істеп келе жатқан қондырғыларды ауыстыру қолға алынып жатыр. Мысалы, нөмірі 5-7 агломашина зонасындағы электр сүзгінің батарея циклонын кезең бойынша үш жылда ауыстыру көзделген. Экологиялық жобаларды қолға алудың нәтижесінде соңғы 25 жылда қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығару 329 тоннадан 215 тоннаға дейін азайтылды», – деп мәлімдеді алпауыт компанияның баспасөз хатшысы Алексей Агуреев. Теміртаулықтар соңғы жылдары ауру-сырқау көбейген соң, көп тұрғындардың басқа қалаға қоныс аударғанын айтады. Жұрт жуық арада қаладағы экология жақсара қояды дегенге сенбейді. Денсаулығына алаңдаған халық «билік Теміртаудың ішін, айналасын көгалдандырып, жаппай ағаш отырғызса» деген базынасын жеткізді.