Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:00

Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс апелляциялық деңгейде қайта қаралады

темірлан еңсебек
Фото: ашық дереккөз

Сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс апелляциялық деңгейде қайта қаралатын болды. Бұл туралы оның қалыңдығы Мария Кочнева хабарлады.

Кочневаның айтуынша, тыңдалым WhatsApp видеобайланысы арқылы онлайн форматта өтпек. Алайда ол бұл шешімге наразылық білдіріп, әлеуметтік желіде пікір қалдырды:

«Бұл — қарапайым әкімшілік іс емес, 15 түрлі шектеу белгіленген қылмыстық іс! Тиманың тағдыры шешілгелі отыр, ал олар оны мессенджермен өткізбек. Бұл — абсурд!» – деді ол.


11 сәуір күні Наурызбай аудандық соты Темірлан Енсебекті ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру) кінәлі деп тауып, 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.

Қылмыстық іске ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық жазба мен «Йоу, орыстар» әнінің пародиялық мәтіні себеп болған. Бұл жазбаны Qaznews24 сатиралық форматта жариялаған.

Qaznews24 — әлеуметтік және саяси тақырыптарды әзіл-сықақпен жеткізетін  онлайн жоба. Белсенділер мен құқық қорғаушылар Енсебекке тағылған айыптың саяси астары барын айтып келеді.