Теміртау дәрігерлері басшылыққа қарсы шықты
Теміртауда жедел жәрдем қызметкерлері – фельдшерлер, жүргізушілер және бригада құрамындағы өзге мамандар қауіпті әрі ауыр жағдайда тиын-тебенге жұмыс істеуден шаршағанын айтып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және қоғамға үндеу жасады.
Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Олар ай сайын орта есеппен 200 мың теңге көлемінде жалақы алады. Дәрігерлердің айтуынша, бұл олардың еңбек көлеміне мүлде сай емес.
«Балық басынан шіриді…»
Фельдшерлердің бірі жағдайдың қаншалықты ауыр екенін ашық айтқан:
«Балық басынан шіриді. Егер басшылық бізге дұрыс жұмыс жағдайын жасамаса, толық жасақталған бригадалар мен дұрыс жабдықталған машиналар бермесе, халыққа сапалы көмек көрсету мүмкін емес. Ертең науқас орнында кез келгеніміздің туысымыз жатуы мүмкін. Біз сөз емес – нақты әрекет талап етеміз», - дейді ол.
Қызметкерлердің негізгі талаптары:
-
қауіпсіз, толық жабдықталған жұмыс жағдайын жасау;
-
еңбек пен қауіпке сай лайықты жалақы белгілеу;
-
қызметкерлерге кәсіби құрмет көрсету.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауабы
Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының амбулаториялық-емханалық көмекті дамыту және үйлестіру бөлімінің жетекшісі Дана Байкенова жедел жәрдем қызметкерлерінің талаптарына пікір білдірді.
Оның айтуынша, жалақы мәселесі облыстық басқарманың құзыретіне кірмейді:
«Ұйымдастыруға қатысты мәселелер бүгін шешілді. Ал жалақы – 1193-қарар бойынша есептеледі, бүкіл елде бірдей. Біздің кәсіподақ жедел жәрдем қызметкерлері мен фельдшерлердің жалақысын көтеру мәселесін көтеріп жатыр», - деді ол.
Министрдің жауабы: «2020 жылдан бері жалақы 2,5 есе өсті»
20 қараша күні Сенат кулуарында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.
Министрдің сөзінше:
-
2020 жылдан бері медицина қызметкерлерінің жалақысы 2,5 есе өскен;
-
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлер мен алғашқы медициналық көмек мамандарын ынталандыратын жаңа жүйе енгізілген;
-
осы жүйе аясында қызметкерлерге 25 млрд теңге бонус төлеу қарастырылған.