Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

Теміртаудың тумасы Ресейде “мемлекетке опасыздық” үшін 22 жылға сотталды

Федериясы
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Ресейде Теміртау қаласының тумасы Надин Гейслер (шын аты — Надежда Россинская) 22 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Оған әлеуметтік желіде Украина Қарулы күштеріне көмектесуге үндеген жазбасы себеп болған. Ресей соты бұл әрекетті “мемлекетке опасыздық жасау” деп бағалаған.

Үкімді судья Олег Шишов шығарды. Прокуратура 27 жыл сұрағанымен, сот 22 жылмен шектелді. Бұл — қазіргі Ресейде әйел адамға бейбіт, зорлық-зомбылықсыз әрекеті үшін берілген ең ұзақ мерзімдердің бірі.

Сот отырысы кезінде Надин Гейслер былай деді:

“Мен қылмыскер емеспін. Қолымда қан жоқ. Мен тек шындықты айттым. Егер 27 жыл беретін болсаңыздар, онда 27 жыл және бір күн беріңіздер. Еш болмаса, бір ерекше нәрсе болсын”, - деді ол.

Надин бұрын “Сұлулар армиясы” деп аталатын қозғалысты құрған. Бұл ұйым ресейлік армия басып алған аумақтардан келген босқындарға көмек көрсеткен. Оның адвокаты бұл — Ресейде әйелге зорлық-зомбылықсыз әрекеті үшін мұндай ауыр жаза тағайындалған алғашқы жағдай екенін атап өтті. Қылмыстық істі бастамашы болған — Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ).

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар бұл істі саяси сипаттағы қудалау деп атап, сөз бостандығын шектеу әрекеті ретінде бағалап отыр.

Еске салайық, Ресейде 2024 жылы мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 145 адам сотталды (РФ Қылмыстық кодексінің 275-бабы).

Бұл 2023 жылғы көрсеткіштерден төрт есе көп және қазіргі Ресей тарихындағы барлық көрсеткіштен жоғары екені атап өтілді. Бір жыл ішінде соттар 23 ресейлікті тыңшылық жасағаны үшін түрме жазасына кесті (Қылмыстық кодекстің 276-бабы) — 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Егер жоғарыда аталған екі бап бойынша сотталғандар саны қосылса, Ресей соттары өткен жылы «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен күнара бір адамды түрмеге кескен.

Шетелдік мемлекеттермен жасырын ынтымақтастық жасағаны үшін сотталғандардың саны 10 есеге өсті. 2024 жылы осы бап бойынша 21 ресейлік кінәлі деп танылды. Бұл баптың өзі Ресей Украинаға әскери операцияларды бастағаннан кейін Қылмыстық кодекске енгізілген.

RTVI таратқан мәліметке сәйкес, өткен жылы тыңшылық үшін сотталғандар саны кем дегенде 28 адамға жеткен. Олардың ішінде 18-і — Украина, 7-еуі — Ресей, ал 2-еуі — АҚШ азаматтары.