Теміржолды түзей алмаған адам, көлік министрі болған апта

Бірінші шілде күні өткен үкімет отырысында су жаңа көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ант беріп, іске кірісті.
Мемлекеттік тілде жазылған ант мәтінін жұрнақ пен жалғауларды «жей отырып», кібіртіктей оқып шыққан Сауранбаевтың сөзге шорқақ екенін министр қызметіндегі алғашқы күні-ақ байқадық, ал іскерлігі қандай екенін алда бағамдай жатармыз. Оған дейін ғасыр басынан бері аттан түспеген Нұрлан Ермекұлының еңбек жолына шолу жасап көрейік.
Көлік министрінің креслосы 3 апта бұрын босаған. 14 мамыр күні көлік-логистика саласындағы қордаланған проблемалар үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс естіген экс-министр Марат Қарабаев 8 маусым күні қызметімен қоштасты. Көлік министрлігін қайта құрылған сәтінен (2023 жылы қыркүйек) бері басқарып келген Қарабаев нәтижелі жұмыстарымен көзге түсе алған жоқ. Қазіргі үкіметтегі ең жас министр ретінде ғана есте қалды.
Қарабаевтың креслосы бос қалып, тағайындау кешігіп жатқанда көпшілік бұл қызметке қалай да қолынан іс келетін, тың идеясы бар жаңа есім келеді деп күткен. Бірақ министрлік тізгінін ескі Қазақстан кезінен бері бірде кәсіпке, бірде саясатқа ойысып, ойқастап жүрген Сауранбаев ұстап отыр. Мұны енді «қосылғыштар ауысқанымен, қосындысы өзгермейтін» қазақ билігінің ескі арифметикасы деуге болады. Бір министрдің орнына екіншісін немесе бірінші басшының орнына орынбасарын қойып, үкіметті «жаңарту» бізге бұрыннан таныс тәсіл.
Кейінгі бір айдағы ауыс-түйіс тура осылай жүріп жатыр. Мысалы, Қарабаевпен бірге қызметінен кеткен қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың орнына орынбасары Дәурен Қосанов келді. Ал «мақалшыл министр» атанған Жақсылықовтың өзі ҚР қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Сондай-ақ кейінгі 3 жыл бойы «Қазпоштаны» басқарып, үздік нәтиже көрсете алмаған Әсел Жанасова президенттің кеңесшісі атанды. Осы қисынға салсақ, экс-министр Марат Қарабаев та жұмыссыз қалмайтын шығар.
ҚТЖ-дан министрлікке дейін
Нұрлан Сауранбаев бұған дейін 4 жыл бойы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарды. Бірақ бұл лауазымын абыроймен атқарды дей алмаймыз. Ол басқарған тұста ұлттық компания рекордтық деңгейде қарызға батты. 2024 жылдың аяғындағы есеп бойынша ҚТЖ-ның қарызы 3,65 трлн теңгеге жеткен. Бұл салада қарыздан өзге де кемшілік аз емес. Осыған қарап, көпшілік жалғыз теміржолды түлетпеген адам тұтас көлік саласын тізгіндей ала ма деп таңғалып күтіп алды.
Сауранбаев 1967 жылы дүниеге келген. Шетелде білім алмаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын кәсіпкерліктен бастаған, бірақ 1997 жылдан бастап ұлттық компанияларда басшылық қызмет атқарды. Атап айтқанда, ҚТЖ-ның «Жолаушылар тасымалы» кәсіпорнының директоры, «Атырау мұнай өңдеу зауытының» вице-президенті, «ҚазМұнайГаз» АҚ мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры болды.
Ал 2011 жылы саяси мансабын бастап, индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі болды. Бұл қызметті 3 жыл атқарған соң мүлде бөтен салаға бет бұрып, 2 жыл қорғаныс министрінің орынбасары болды. Бұл кезде қорғаныс министрлігін Иманғали Тасмағамбетов басқарып тұрған. 2016-2017 жылдары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық штабының ұйымдастыру комитетін басқарды. Яғни ЭКСПО-ның 10 млрд 200 млн теңгесі ұрланды деп, Талғат Ермегияев бастаған 23 адам сотталып жатқан тұста аса шулы ортада жүрді. Осыдан кейін өте қысқа уақыт (7 ай) Шымкент қаласының әкімі болды. 2019 жылдан бастап екі жыл президент әкімшілігінде жұмыс істеді.
Сауранбаев 2021 жылы сәуірде ҚТЖ тізгінін ұстағаннан бастап атағы шығып, аты атала бастады. Әрине, жақсы жағынан емес. Онсыз да жұмысы шатқаяқтап, жұрт сынынан көз ашпай жүрген саланы Сауранбаев оңай алған жоқ. Пойызға билет табылмайтыны, билет делдалдар қолына өтіп, бірнеше есе қымбаттап кететіні, пойыз үнемі кешігіп жүретіні, тозығы жеткен вагондардың қыста суық, жазда ыстық болатыны, ҚТЖ-ның қызмет көрсету сапасы нашар екені – көпшілік күнде айтып жүрген әңгіме. Проблеманың үлкенін 2024 жылы экс-премьер, қазіргі Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ашып берді. Ол былтыр маусымда ұлттық компания күнін әрең көріп отырғанын, дефолтқа ұшырау қаупі бар екенін айтқан.
Смайыловтың сөзіне сенсек, кейінгі төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге жұмсалған. Осынша қаржы бөлінгеніне қарамастан, салада оң өзгеріс байқалмай отыр. Мысалы, 2023 жылы пойыздар белгіленген кестеден 412 сағат кешіккен, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5 есе көп. Оның үстіне компания қарызы былтыр бір жылдың өзінде біршама өсті. Жыл басында борыш 2,9 трлн теңге болса, жыл аяғында 3,65 трлн теңгеге жетті. Кейінгі 10 жылда қарыз сомасы 212,7 пайыз өсті деген ақпарат бар. Мамандар бұл сома әлі де өседі деп болжап отыр. Демек ҚТЖ-ның қадамы кері кетіп жатыр деген сөз.
Сауранбаев орасан мол қарызды жабудың жолын таба алмады. Ол ұсынған жалғыз жол – тасымал бағасын жоғарылату болды. Яғни ол жолаушылар билетінің бағасын көтеріп, табысымызды арттырсақ дейді.
Орынбасар жұмсағыш төраға
Нұрлан Сауранбаев басқарып тұрған тұста ҚТЖ-да бірнеше ірі дау болды. 2023 жылы прокуратура компания жалған санатория жолдамасы мен заңсыз сыйақы тағайындап, қаржы жымқыратынын анықтады. Мысалы, компанияның Ақмола облыстық филиалында теміржол вокзалында жұмыс істеген 1929 жылғы зейнеткерге ол қайтыс болып кеткен соң да 7 жыл бойы заңсыз материалдық көмек беріліп келген. Ал Қарағандыда кадр бөлімінің басшысы теміржолда бұрын-сонды жұмыс істемеген туыстарын зейнеткерлер қатарына қосып, оларға заңсыз сыйақы мен өтемақы беріп отырған. Ресми дерек бойынша кейінгі бес жылда ҚТЖ-ның лауазымды тұлғаларына қатысты 136-дан аса қылмыстық іс қозғалып, 52 адам сотталған.
2024 жылы қазанда ҚТЖ-ның цифрландыру департаментінің бұрынғы директоры, «Болашақ» түлегі Сәлмен Әмрин ел президентіне видеоүндеу жариялап, компания басшылығын сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп айыптады. Ол IT саласындағы қателерге байланысты компания жыл сайын 170 млрд теңге шығынға ұшырайтынын айтты. ҚТЖ бұл айыптауды жоққа шығаруға тырысты. Кейін Әмриннің өзі билік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен 4 жылға сотталып кетті.
Сондай-ақ бірнеше өңірде жұмысшылар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді сұрап, наразылыққа шыққан. Мысалы, 2024 жылы Шу мен Маңғыстауда теміржолшылар бас көтерді. Сауранбаев компанияға қарайтын 600 бөлімшенің бір-екеуі ғана наразы болып отыр деп, бұл дауға бейжай қарайтынын аңғартты. Оның айтуынша, жоғары білімі жоқ бесінші санаттағы жұмысшының өзі 450–500 мың теңге жалақы алады, оны бұдан көтеру мүмкін емес. Сауранбаев қарапайым қызметкерлерге төлеген бірер жүз мың теңгені көпсініп отырғанымен, өздерінен ақша аямайтын көрінеді, 2024 жылы ҚТЖ басшылары 790 млн теңге бонус алыпты.
Нұрлан Сауранбаев солқылдақтық танытқан тағы бір мәселе бар. Оны осыдан екі жыл бұрын «Жас Алаш» жазған. 2014 жылы қыркүйектен бастап теміржол билетін онлайн сатумен экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі Instant Payment ЖШС жүргізген. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ҚТЖ басшылары «онлайн билет сату қызметін Назарбаевадан тартып алғанын» хабарлап, келісімшарт 2022 жылы ақпанда бұзылатынын хабарлаған. Бірақ бұған Сауранбаевтың ерік-жігері жеткен жоқ. Назарбаеваның компаниясы ҚТЖ-дан 2023 жылы 1 желтоқсанда ғана кетті. Яғни әу бастағы келісімшарттағы мерзімге (2023 жылғы 31 желтоқсан) дейін жұмыс істеді деуге болады. Осы аралықта кіші қыздың компаниясы 5,7 млрд теңге табыс тапқан көрінеді.
Мәжіліс депутаттары Сауранбаевты алдына келтіре алмай зар болғаны есімізде. ҚТЖ төрағасы парламентте өткен кез келген талқылауға орынбасарларын жіберіп, өзі мүлде бармай қойды. Еділ Жаңбыршин сияқты депутаттар қанша сұрау салса да Сауранбаев ыға қойған жоқ. Орынбасарларын жұмсайтын әдетін соңғы сәтке дейін қоймады. Әлеуметтік желіде Нияз Сәрсенбаев есімді ҚТЖ қызметкері экс-басшысы директорлар кеңесінің жиналысына да өзі келмей, орынбасарын жұмсағанын жазыпты. Сауранбаевтың қазіргі қызметінде үш орынбасары бар, демек күздегі мәжіліс отырыстарында оның өзі емес, вице-министрлер жүрсе, таңғалмаңыз...
Жаңа министрді жаңа міндет күтіп тұр
Нұрлан Сауранбаев кресло ауыстырып жатқан тұста оның ескі және жаңа қызметіне қатысты бірнеше шулы ақпарат тарады. Ол көлік министрі қызметіне 30 маусымда тағайындалды. Дәл сол күні әлеуметтік желіде Қазақстан пойыздарының мүшкіл халін көрсететін видео жарияланды. Видео авторының айтуынша, вагонда кондиционер болмағандықтан, терезені ашып, оны тақтаймен тіреп қойған. Жолаушылар 20 мың теңгеге билет алып, дәл мынадай пойызға отырғанына наразы. Бұл дәл сол күні ҚТЖ жариялаған ұлттық компанияның кейінгі төрт жылдағы жетістігі жайлы мақаланы жоққа шығарып тұр. Әрі Сауранбаевтың соңына қандай мұра қалдырғанын аңғартса керек.
Сауранбаевты жаңа қызметінде бұдан да үлкен дау күтіп тұр. Қазақстан мен Қытай шекарасында жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілер видеоүндеу жариялап, көлік министрлігінен көмек сұрады. Олардың айтуынша, министрліктің цифрландыру жүйесі сәтсіз болған. «Нұрлы жол» кеден бекетінде жаңа «ҚаргоРұқсат» және «Қарго Әлем» ақпараттық жүйесі аяқ астынан енгізіліп, жүргізушілерге алдын ала ескертілмегендіктен, тасымалдаушылар заңды жолмен Қытайға өткенімен, артқа қайта алмай қалған. Олар жүйедегі ақауды шешіп, шекарадан өту процесін жеңілдетуді сұрап отыр.
Ол аздай, Қазақстанның Ақтөбе облысы мен Ресейдің Орынбор облысын байланыстыратын «Жайсаң» шекара өткеліне апаратын жолда кептеліс болып, бірнеше күннен бері жүздеген жеңіл автомобиль, автобус және жүк көліктері бөгеліп тұр. Олар сағаттап, тіпті тәулік бойы машинада түнеп, ішер ас пен жатар орыннан тарығып отыр. Кептеліске Самара – Шымкент тасжолында жүріп жатқан жөндеу жұмыстары себеп болған көрінеді.
Осы жағдайлардың өзі Сауранбаевтың жауапкершілігі бірнеше есе өскенін аңғартады. Ол бұған дейін тек теміржолға жауап беріп, пойыздың проблемаларын шешуге міндетті болса, енді автожол, авиация, тұтас логистикаға жауап береді. Көлік инфрақұрылымы да соның мойнында. Сауранбаев ҚТЖ-дағы қызметін қалай атқарғанын айттық. Смайылов оның жұмысын тиімсіз әрі консервативті деп бағалаған. Ендеше, су жаңа министр келмей жатып жағадан алған үлкен жауапкершілікті еңсере алар ма екен?..
Қуаныш Қаппас