Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:25, 22 Қыркүйек 2020

Тендер: Ал, жеңдер!

None
None

   Мемлекет қаржысы қашанғы жемқорлардың жемтігі болады?

    18 қыркүйек күні «Қапшағайда «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020»  бағдарламасына бөлінген қаражат ұрланды» деген ақпарат тарады.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше,  бұл жолы «жолды жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырды» деген күдікке Қапшағай шенеуніктері ілініпті. Аталмыш ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек,  қазірде «Қапшағай қаласының автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі» мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Мемлекетке келтірілген шығын 14 миллионнан астам теңгені құрайды. Бұл ретте, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров: «Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жария етілмейді», – деп, шенеуніктердің атын атап, түсін түстеуді әзірге жөн көрмеді.

       Осы мәселеге қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген  Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қожахметов аталған мекеменің бөлім басшысы қызметтен шеттетілгенін, тексеру, зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын растады.  

    – Бөлім басшысы қамауға алынған жоқ. Қызметінен шеттетілді.  Тергеу жүріп жатыр. Істің анық-қанығын әлі өзіміз де білмейміз. Бұл жерде кінәлілер нақты анықтала қойған жоқ. Сондықтан олардың аты-жөндерін айтуға құқымыз жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары тексеру жүргізіп жатыр. Әзірше бірдеңе айтуға ерте, өйткені қолымызда ресми мәлімет жоқ, – деген Қожахметов «әлі нақты кінәлі кім екенін өзіміз де білмейміз» деп отыр.

                                     Дерек пен дәйек

      Хош, істің ақ-қарасы әлі анықтала қоймады делік, бірақ бір бұл емес, «қаржы жымқырды», «тендерді заңсыз өткізді», «пара алды» деген іспетті күдікке біздің шенділер жиі ілінеді.  Деректерге жүгінсек, нақ осы «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында биыл Алматы облысында 109,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл бағдарламаны игерудің нәтижесінде өңірде 23 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, 1000-ға жуық жоба мақұлданып, «өңір экономикасы одан әрі өркендей түседі» деген үміт басым. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақтың шірітетіні» тәрізді өңірде мемлекеттен бөлінген қаржыны заңсыз жымқырғандардың атағы дәуірлеп-ақ тұр.

      Мысалы, шілде айында өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Текелі қаласы әкімінің аппарат жетекшісін құрықтады. Аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Қайсар Баржақсыновтың айтуынша, аппарат жетекшісі мүгедектер қоғамының директорынан 1,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін айыпталды. Шенеунік қаланы абаттандыруға қатысты рәсімделген келісімшарттар бойынша «қамқорлық»  жасауға уәде берген. Міне, қолға түсіру кезінде осы аппарат жетекшісі оқиға орнынан қашып, өзенге секіріп, оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары қуып жүріп құтқарып, осылайша ұстау операциясының арты шуға ұласып, келекеге де айналып жатты.

       Бұдан бөлек, облыстағы  «Мемсараптама» кәсіпорнының басшысы мен құрылыс компаниясының директорын да ұстаған болатын. Олар 2017-21 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыс барысында жемқорлыққа жол берген. Атап айтқанда, лауазымды басшы құрылыс жүргізген серіктестік директорынан 1 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.

      Сондай-ақ Қарасай ауданы әкімінің орынбасары да аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін ұсталған еді. Әкім орынбасары кәсіпкерден «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жалпы құны 660 миллион теңге болатын тапсырысты қабылдау үшін 33,5 миллион теңгені «сыйақы» ретінде заңсыз қалтаға баспақшы болған.

 

                                Бас прокурор не деді?

      Жалпы, тізе берсек, мұндай заңсыздықтар жетіп-артылады. Мұны жуырда ғана мемлекет басшысының қабылдауында болған  бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов те ашып айтты. Бас прокурордың айтуынша, елде жол жөндеуге және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға бағытталған 130 тендер өткізу кезінде заңсыздықтар анықталған. Соның арқасында 16,5 миллиард теңге көлеміндегі бюджет сомасы сақталып қалған. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыспен жалған қамтудың 6000 фактісі белгілі болған. Бұған қоса, бас прокурор дәрі-дәрмек дайындау бойынша бірқатар заңсыздықтың жолы кесілгенін баяндады. Оның айтуынша, дәрі-дәрмектерді өз құнынан жоғары бағамен сатып алу, мемлекеттік сатып алу процедураларының жүйелі түрде бұзылуы, тиімсіз жоспарлау мен бағаны бұрмалау фактілері анықталған.  

 

Тақырыпқа тұздық

                                 Тендерге темірдей тәртіп керек

      Ал «Аналитик» талдау орталығының есебінше,  біздегі мемлекеттік сатып алу жүйесінің жетілмеуі экономиканы еш уақытта алға сүйрейтін әдіс емес.

Бұл ретте,сарапшы Тоғжан Шаяхметова былай дейді:

   – Тендердегі заңсыздық – мемлекеттік ведомстволық кәсіпорындардың астыртын жекелеген монополия құруы. Мемлекеттен бөлінген қаржының 97 пайызын осындай монополистер алады. Тендерді тамыр-таныстық жайлаған. Бұл да нарықтық экономиканың заңына қайшы дүние. Бізде тендер деген жемқорлардың жемі сияқты. Тендер жарияланса, кім мықты – сол алады. Тендер үкіметтің «мә, алыңдар, жеңдер» деп, оларға ұсынатын сый табағы сияқты. Сондықтан мұны бақылау қажет. Заңды қатайту қажет, бұған бейқам қарап отыруға болмайды. Бұған қатысты тағы айтарым, бірінші, мемлекеттік сатып алу бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты, жеңімпаз фирмаға аударып беруді қатты бақылау керек.  Фирмалар  «бюджет қаражатын игеру қажет, орындамаса, неге пайдаланбадың» деп, шара қолданатын болғандықтан, атқарылмаған жұмыс үшін жалған мәліметтер енгізіп жібереді. Міне, осыны қатаң бақылау қажет.

      Екінші, байқауда жеңімпаз атанып, тендерді ұтқан фирма көп жағдайда түскен ақшаны банктен толық қолма-қол ақшамен бірден алуы, заттарды тек базардан алуы жұмыстың сапасыз болуына жағдай туғызады.  Мұның барлығы мемлекеттік сатып алудың көлеңкелі экономикамен ұштасуына жағдай туғызады. Үшінші, бізде қазір жекелеген монополиялар, жекелеген серіктестіктер өте көп. Ең басты қауіп те осы. Жекелеген монополиялардың ашкөздігі өсіп барады. Мәселен, елді мекендерге газ тарту жайын алайық, қазір олардың бағалары шарықтап тұр. 350-500-700 мың теңгеге дейін баға  қояды да, жекелеген үйлерге газ тарта береді. Міне, тендерге жекелеген монополияның араласуы осындай бей-берекетсіздікке апарып соқтырды.

      Тендерге қатысатын компаниялардың мемлекетке бағынуы маңызды. Ал бізде бір мердігерден екінші мердігерге өтіп, ақыр соңында тіпті жұмысын аяқтамай, өзін ұстатпай кетіп жатқандар қаншама?! Жекелеген кәсіпкерден бөлек, шенеуніктердің өзі тендерді қалтасын қампайтар қазына көріп алды. Сондықтан бұл салаға алдағы уақытта қатаң заң керек. Олай етпесек, мансабы бар кез келген шенеунікке де, жекелеген мердігерге де бюджет қаржысы жем бола береді. Демек, қатаң заң, темірдей тәртіп орнату керек.

Тегтер: