Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:26, 15 Қазан 2024

Теңге теңселіп тұр: Сүлейменовтің саясаты Тоқаевтың саясатымен сәйкеспейді

теңге, рубль, доллар
Фото: Жас Алаш коллаж

Соңғы күндері доллардың бағамы күрт көтеріліп, ұлттық валютамыз құнсызданып, бір доллардың құны 490 теңгеден асып кеткенін көрген қарапайым халық та, валюта саудагерлері де, басқа кәсіп иелері де алаңдаулы.

 Доллар қымбаттай сала тұтынушыға тауарларын қымбатқа сата бастайтындар да қалыс қалар емес.

Сарапшылар мұның артында үлкен қымбатшылық келе жатқанын айтып жатыр. Өйткені бізде теңгені құнсызданудан құтқаратын сауатты экономикалық саясат әлі қалыптасқан жоқ. Отандық өндіріс дамымай жатыр. Елде шағын және орта бизнестің үлесі аз. Осы бір қарапайым ғана критерийлерге қарап, экономистер мен қаржыгерлер көк қағаздың құны алдағы уақытта 500 теңге болуы мүмкін екенін жасырмайды. Себебі елде өндірісті жетілдіруі, экономиканы өркендетуі, жан-жақты дамытуы тиіс Ұлттық банк пен үкімет доллар шарықтап жатқанда үнемі халықты сабырға шақырып қана отырады.

Бұл жолы да елдегі бас банктің басшысы Тимур Сүлейменов жағдайдың тұрақты екенін, доллардың жыл соңына дейін қатты көтерілмейтінін айтып, халықты да, нарықты да «сабасына түсірді». Сүлейменовтің айтуынша, соңғы күндері доллар бағасының жоғарылап кетуіне сыртқы және ішкі нарықтағы экономикалық факторлар ықпал еткен. Оған ең алдымен экономикалық белсенділік әсер етіп отыр. Бұдан соң бас банк зейнетақы қорын басқарудың тиімділігі мен кірістілігін арттыру үшін доллардағы зейнетақы активтерінің үлесін арттыруды жөн көрген. Бұл шара да долларға сұранысты арттырып, көк қағаздың қымбаттауына жол берген. Сонымен бірге доллардың қымбаттауына бюджет шығыстарының ұлғаюы мен квазимемлекеттік компаниялардың доллармен қаражатты көп жұмсауы да әсер еткен. Сөйтіп, долларға сұраныс көбейіп, теңгенің құнсыздануына әкелген. Бас банкир доллардың «долдануына» қатысты осындай түсініктеме берді.

Ал отандық сарапшылар «елде шағын және орта бизнесті қаржыландырып, отандық өндірісті даму бағдарламалары сауатты болғанда біз әркез көк қағаздың қас-қабағын бағып отырмас едік» дейді. Мамандар осы олқылықтың орнын толтырмайынша, ұлттық валютаның құнсыздануымен үнемі бетпе-бет келе беретінімізді айтады. Өз кезегінде, үкімет пен Ұлттық банк те шағын бизнесті, отандық өндірісті дамыту үшін жоспар құрып жатқанын жақтары талмай айтады-ақ.

Нәтижесі жоқ екенін көре тұра алған беттен қайтпау

«Аналитик» талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Марал Төртенованың ойынша, қазір Қазақстанда шағын бизнестің, өндірістің даму көрсеткіші төмендеген. Оған себеп – бизнеске арзан несие беру көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мемлекет несиені жоғары пайыздық мөлшерде ұстап тұруды әлі де қолдап отыр. Мысалы, 2008-2009 жылдары қаржы дағдарысына дейін елде корпоративтік несие беру қарқынды өскен. Алайда артынша, дағдарыс салдарынан кәсіпкерлер несиелерін қайтара алмай, мемлекеттің берген қарызы проблемалық берешекке айналған.

«Осы проблемалық несиелер дағдарыстан кейін 2017 жылы бір рет кешірілді. 2019 жылы проблемалық несиелер екінші мәрте кешірілді. Осыдан кейін мемлекет бизнеске несие берерде сабақ алуы керек еді. «2020 жылдан бастап бизнеске несие берудің жаңаша тетіктерін ұсыну қажет» деп айттық, жаздық. Бірақ құлақ асқан ешбір ведомство болмады. Бізде несие алатын кезде бизнесті бірнеше тәуекелдер күтіп тұрады.

Бірінші, мемлекеттік шығынның үнемі артуына байланысты жоғары инфляция орнайды. Жоғары тариф, жоғары инфляция, салық, айыппұлдар мөлшерінің өсуі, экономикалық тұрақсыздық – осының бәрі бизнестің шығынын арттырады. Бұдан барып несиені қайтару тәуекелі артады.

Екінші, бізде бизнеске арзан несие беретін санаулы ғана банк бар. Мемлекеттік арзан несие беру бағдарламаларына ел білетін 5 банк қана қатысады. Қалған банктер капиталының, активтерінің аздығына, тағы басқа себептерге байланысты мұндай бағдарламаларға қатыса алмайды. Міне, осы жүйені реттеу керек. Бизнесті, өндірісті қаржыландыратын банктердің саны артуы тиіс.

Үшінші, бізде мемлекеттік қолдау барысында нарықта көп бұрмалаушылықтар болады. Бизнеске субсидия беру кезіндегі жемқорлық, тамыр-танысына үлестіру осының барлығын тыю қажет.

Төртінші, экономиканы әртараптандырудың жоқтығы, бизнестің дамуына кері әсер етеді.

Бесінші, мемлекеттік органдарда сапалы талдаудың болмауы, бизнесті ынталандыру шараларының жеткіліксіздігі ШОБ-ты дамытпай келеді. Жыл сайын тек бір бағытты ғана ұстанып алып, содан ажырамай келе жатқанымыз да отандық бизнесті тұралатты», – дейді Марал Төртенова.

Ал отандық бизнестің тұралап, еңсесін тіктей алмай жатуы осылай қымбат доллармен, экономикалық өсімнің әлсіздігімен, жоғары инфляциямен бетпе-бет әкеле беретіні даусыз. Сондықтан мемлекеттік арзан несие беру бағдарламаларын азайту керек. Мұндай бағдарламалар арқылы Ұлттық қордан, зейнетақы қорынан қаражат алып, оны белгілі бес банк арқылы ғана трансферт ретінде үлестіріп, бизнесті қаржыландыру өзін ақтамайтын тәсіл екенін баяғыда дәлелдеді. Бір қызығы, соның бәрін көре тұра Үкімет екінші деңгейлі банктердің несие пайызын түсіріп, солардың капиталы арқылы бизнесті қаржыландырудың орнына баяғы бағытынан танбай келеді.

Ұлттық банк ірі жобаларды қаржыландыруға құштар

Қаржы-несие саясаты және оны жүзеге асыру механизмін даму стратегиясын анықтау бағыттары бойынша сарапшы Тілек Арғынбаев болашақта мемлекет ШОБ-тың үлесін арттырғысы келсе, Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлемемен санаспай, бұдан да арзан несие беру тетіктерін қарастырған жөн деп есептейді. Өйткені шағын бизнеске арзан несие бармай жатыр.

«Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай елдегі шағын және орта бизнестің (ШОБ) ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуді тапсырды. Ұлттық банктің қазіргі ұстанған бағытымен ШОБ-тың үлесін бес жылда 15 пайызға өсіре алмаймыз. Өйткені қазір Ұлттық банк елдегі ақша-несие саясатын дұрыс реттей алмай отыр. Қазір Ұлттық банк Ұлттық қордан немесе зейнетақы қорынан қаражат алады да, оны трансферт ретінде белгілі бір банктер арқылы ірі бизнеске бөледі. Мысалы, Қазақстан теміржолына, Тұрғын үй құрылысына, Жылу электр станциясын салуға, ірі күре жолдарды жөндеуге, автобандар салуға, тағы басқа салаларға сол трансферттер бөлінеді. Алайда сүт және сүт өндірісін дамытуға, машина жасау, кеме, танк, мылтық шығару саласындағы өндіріске немесе ғылымға, өнертапқыштарға, робототехникаға, жеңіл өнеркәсіпке, зерттеу салаларына Ұлттық қордан қаражат бөлінді дегенді естіген жоқпыз. Былайша айтқанда, ШОБ-ты дамытуға қомақты қорлардан немесе Қазақстан Даму банкінен ірі-ірі қаражат бөлініп жатқан жоқ. Негізінде, дағдарыс кезінде экономиканы құтқаратын осы – ШОБ, отандық өндіріс.

Әлемде доллар қанша қымбаттаса да, экономикасына түсім түсіп отыра беретін елдер бар. Соның бірі –Үндістан. Үндістан жеңіл өнеркәсібін дамыту арқылы ғана ұлттық экономикасын, ұлттық валютасын тегеурінді етіп отыр. Қытай да жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы бүкіл әлемді киіндіріп отыр. Қазір біз ине-жіп, тұрмысқа қажетті ұсақ-түйекке дейін, тіпті шұлыққа дейін Қытайдан тасимыз. Сөйтіп отырып шағын бизнесті дамытқымыз келеді. Елде екінші деңгейлі банктердің шағын бизнесті дамытуға арналған бірде-бір жеке бағдарламасы жоқ. Олар тек жоғары пайызбен ғана несие бере алады, болды. Қорлардың ақшасы квазимемлекеттік секторға ғана, алпауыт компанияларға ғана трансфертке беріледі. Мұндай бағытпен ШОБ дамымайды, отандық өндіріс екпін алмайды. Осыны ұғу керек. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банкке өз ұсыныстарын беріп, бас банк оны талқылап, бизнес пен банк арасында тығыз байланыс орнауы керек», – дейді Т.Арғынбаев.

Қазақстанда жаңадан ашылған шағын бизнестің 70 пайызы екінші жылы жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Сарапшы бұған қатысты 2019 жылы құрылған 39 мың шағын ЖШС мен жеке кәсіпкерліктің жұмыс істеу үрдісін тексерген сәттері де болыпты. Зерттеу барысында аталмыш кәсіпорындар мен шағын компаниялардың 7 пайызы алғашқы ашылған жылы-ақ жабылса, ал қалған 75 пайызы келесі жылында жұмысын тоқтатқан. Бес жылдық жұмыс істеу көрсеткішіне тек 18 пайыз шағын компания жете алған. Іргеміздегі көрші елдерде бұл көрсеткіш (5 жылдық меже) 51 пайыздан асады екен.

Жасыратыны жоқ, бүгінде біздегі квазимемлекеттік сектор да, монополия да ШОБ еңбек ететін нарық кеңістігін жаулап алған. Расымен де елдегі шағын кәсіпорындардың көпшілігіндеқаржыға қолжетімділік жоқ. Бұл бизнестің тоқырауына және төмен бәсекеге қабілеттілікке әкелетіні даусыз. Ал енді үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов осындай «экономикалық климатқа» қарамастан, экономиканы әртараптандырып, ШОБ-ты қуаттандырғысы келіп жүр. Бұған қатысты жоспары да, жобасы да бар. Жол картасы да жасалған. Бағдарламалар да құрылған. Ақша-несие саясатын да жіктеп қойғанбыз. Алайда Қытай болмаса, шұлық пен ине-жіпсіз қалайын деп тұрмыз.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ