Теңгені қалай қорғаймыз?!

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілгеніне 27 жыл толды.
15 қараша Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілгеніне 27 жыл толды.
Осыдан 27 жыл бұрын қазақстандықтардың қалтасына төл теңге түсіп, ұлттық валюта ғұмырының басталуымен егемендігіміздің іргесі беки түскен еді. Қазір көпшілікті ұлттық валютамыз теңгенің болашағы алаңдатып отыр.
Негізінде, ұлттық валютаның құны әлсіресе, біз алдымен әлемдік нарықтағы мұнай бағамының төмендеуінен себеп іздейміз. Бірақ теңгенің құны тек мұнай бағамына тәуелді емес. Бүгінде теңгенің құлдырауына әсер етіп отырған басқа да сыртқы факторлар баршылық. Бұл ретте экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова «Сонау 1993 жылдан бері теңгені ішкі-сыртқы факторлардан қорғай алмай келеміз»,- деді.
«Мұнай және басқа да шикізат тауарларының бағасы едәуір төмендеді. Бұған қоса Қазақстанмен сауда-әріптестік орнатып отырған елдердің де валюталарының құны төмендеп жатыр. Ресейдің рубльі, Қытайдың юаньі әлісіреді. Батыс пен Ресей арасының салқындығы, АҚШ пен Қытайдың қабақ шытысуы әлем экономикасына әсер етпей қоймады. Сондықтан қазір Қазақстан ғана емес, бірқатар дамыған елдер абдырап отыр. Себебі әлемдік нарықта шикізат бағасы түсіп жатыр. Бұған қоса АҚШ-тың федералдық сақтық қор жүйесі де қазір басқа саясатты ұстануды мәлімдеп отыр. АҚШ федеральдық резерв жүйесі бүгінде өзге елдерге беретін несие ставкасын 0,25 пайыздан -0,50 пайызға дейін көтерді. Мұны АҚШ долларды күшейту үшін жасап отыр. Ал доллардың күшеюі сыртқы қарызды доллармен алатын мемлекеттер үшін өте тиімсіз. Сондай-ақ АҚШ банктері АҚШ экономикасына инвестиция салғысы келетін инвесторларға жеңілдікпен несие беруді мықтап қолға алды. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысатын инвесторлар да ендігі кезекте Америка нарығына қаржы салуға жұмыла бастайды. Бұл үрдіс шикізатқа байланған біраз елдерді алаңдатып отыр. »,- деді Тоғжан Шаяхметова.
Мамандардың байыптауынша, нақ қазір біз үшін теңгені тежеп ұстау тиімсіз. Бұл ретте экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, Ұлттық банк теңгені тежеп ұстау үшін алтын-валюта қорынан қаржы алып келді. Бірақ сыртқы факторлар теңге бағамының төмендеуіне әсер етпей қоймады.
«Қазір көрші Ресей елінің де экономикасы аса мәз емес. Тұс-тұстан салынған санкциялар Ресейдің де есін алып, экономикасын тығырыққа тіреп отыр. Ресейдің рубльі де арзандап, құнсызданып жатыр. Рубль құнсызданса, оның артынан теңге де ереді. Себебі Ресей мен Қазақстан экономикасы тығыз байланысты. Екі елдің сауда-саттығында теңге мен рубль арақатынасы жақсы дамыған. Рубльі құнсызданып, экономикасы дағдарып, санкциялар сансыратып отырған Ресей ендігі кезекте Кедендік Одақ аясындағы елдерге салмақ сала бастайды. Ресей енді өзінің тауарын Қазақстан мен Беларусь елдеріне көптеп жөнелтіп осы екі нарықты басып алады. Кедендік Одақ аясындағы салық жүйесіне де өзгерістер енуі әбден мүмкін. Мұндайда біз үшін алтын валюта қорындағы қаржыны теңгені тежеп ұстауға жіберу тиімсіз. Керісінше, бұл қаржыны отандық өндірісті жандандыруға бөлген әлдеқайда тиімді. Отандық өнім өндірушілерге нақты қолдау білдірмесек, біз девальвациядан көз ашпаймыз»,- деді сарапшы Дәурен Арын.
Жалпы, сарапшы маманның пайымдауынша, өткен жылы мұнай бағамының төмендеуіне байланысты алтын валюта қорынан қаржы алып ұлттық валюталарын қолдаған Сауд Арабиясы мен Ресей де әжептеуір шығын көріпті. Бұл ретте сарапшы Дәурен Арын«осындай алып елдердің алтын-валютасы әжептәуір ортайып жатқанда, Қазақстан үшін де теңгені қолдау мақсатында резервтегі қордан қаржы ала беру тиімсіз. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанның алтын-валюта қоры 88,8 млрд долларды құрап отыр.Алтын валюта қоры жыл басынан бері 2,2 пайызға төмендеген. Бізді мұндайкөрсеткіштер ойлантуы тиіс. Сондықтан болашақта ұлттық экономиканың тынысын ашу үшін нақты мемлекеттік шаралар қолға алынып, өндіріс орындарын қолдайтын медиа-жоспар құрылып сол бойынша жұмыстар атқарылуы қажет» дейді сарапшы Дәурен Арын.