Теңгені қорғайтын үкімет қайда?!
Осы апта басталғалы бері Қазақстан қор биржасында доллар қымбаттап, теңгенің құны төмендеп жатыр.
Қазір көпшілікті де, сала мамандарын да ұлттық валютамыздың бағамы алаңдатып тұр. Осыған орай, біз теңгенің болашағына қатысты мамандардың пікірін білдік. Сайлаудан кейін теңгенің тағдырына байланысты қандай өзгерістер боулы мүмкін?! Үкімет болашақта теңгені қорғап қалу үшін нендей қадамдарға баруы керек?!
«Жас Алаштың» бұл сауалына жауап берген сарапшылардың пайымдауынша, теңгені осыдан екі жыл бұрын «босату» керек еді. 2020 жылдың өзінде ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы сыртқы факторлар мен геосаясатты есепке алғанда 500 теңгеден асып кетуі керек-тін. «Жасанды түрде теңгені ұстап тұру тек жалған тұрақтылықтың көрінісін ғана жасайды, бірақ шын мәнінде экономикаға кері әсер тигізеді».
Жалпы, мамандардың болжамынша, сайлаудан кейін бірқатар дүниенің бағасы шарықтап, доллар долданып, ұлттық валютамыз да қоса құнсызданып сала беруі әбден мүмкін.
Негізінде, біз ұлттық валютаның бағамын әлемдік нарықтағы мұнай бағасымен байланыстырамыз. Бірақ теңгенің құны тек мұнай бағасына тәуелді емес. Бүгінде теңгенің құлдырауына әсер етіп отырған басқа да сыртқы факторлар баршылық. Бұл ретте экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова: «1993 жылдан бері теңгені ішкі-сыртқы факторлардан қорғай алмай келеміз», – дейді.
Экономист маманның пікірінше, макроэкономикалық жағдайымыз көбінесе сыртқа факторға тәуелді болғандықтан, біз осындай көрсеткішпен бетпе-бет келіп отырмыз.
– Батыс пен Ресей арасының салқындығы, АҚШ пен Қытайдың қабақ шытысуы әлем экономикасына әсер етпей қоймады. Қазір Қазақстан ғана емес, бірқатар дамыған елдер абдырап отыр. Өткен аптаның соңында АҚШ-та ең ірі қаржы орталығы Silicon Valley Bank-і банкротқа ұшырап, әлемдік қаржы нарығы аяғынан тік тұрды. Бірінші несиелік бюроның мәліметінше,Қазақстандағы барлық банктің активтерін қоссақ та аталмыш америкалық банктің активінің жартысына да жетпейді. Бұл банктің банкротқа ұшырауы криптовалютамен, ІТ технологиямен айналысатындардың банкроттығымен пара-пар. Қазір әлемдік нарықтағы көңіл күй мәз емес. Алып елдер осындай сыртқы факторлардан қорғана бастағанда біз үшін теңгені теңселтпей ұстап тұру өте қиын. Сондықтан мұндайда теңге бағамының құлдырауы орынды құбылыс, – дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.
Жалпы, сала мамандарының пайымдауынша, қазіргі жағдайда біздің үкімет пен Ұлттық банкке теңгені тежеп ұстау тиімсіз. Алайда сыртқы және ішкі факторлардан теңгені қорғау әрекеттері жасалуы қажет. Ұлттық экономиканың тынысын ашу үшін нақты мемлекеттік шара қолданған жөн. Бұл ретте өзімізден шығатын өнімнің аздығы, шикізатқа тәуелділік, мұнайдан түсетін түсімге көбірек иек арту — бізді ойландыруы тиіс. Болашақта отандық өндірісті қолдауға басымдық арта түсуі керек. Осы ретте, мамандар «Қазір біз ішкі нарықты сырттан ағылып жатқан сапасыз тауардан қорғай алмай отырмыз. Шикізатқа тәуелділіктен құтылып, ең соңғы дайын өнімге дейін өнім шығару қабілетіміз артуы керек. Міне, сол кезде ғана біз тығырықтан шығамыз. Ал теңгені қайта-қайта құнсыздандыру экономиканы құтқармайды», – деп отыр.
Расымен де, теңгесінде тұрақ жоқ ел қайдан дамиды? Сондықтан да мамандар сөзінің жаны бар екені даусыз. Жалпы, экономикаға және басқа салаларды дамытуға қатысты нақты-нақты ұсыныстарды сарапшылар «Жас Алаш» арқылы үнемі айтып келеді. Бірақ үкімет мүшелерінде мәселені естір құлақ, көрер көз кемшін болып отыр. Мұндайда еріксіз «теңгені қорғап алар үкімет қайда» деп сұрау салып, дабыл қағуға тура келіп тұр.
Жоғарыда сөз еткеніміздей, біздің төл валютамыз айналымға енген 30 жылдан астам уақытта тек құлдыраумен ғана келе жатыр. Мәселен, 1993 жылы бір долларға шаққандағы бағамы 5 теңге 25 тиын болған теңгеміз қазір 460 теңгеден асып отыр. Ал ертеңнен не күтеміз?! Ұлттық валютамыз қашанғы теперіш көреді?! Теңгесінде тұрақ жоқ елдің жайы не болмақ?!