Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:31, 15 Қазан 2020

Теңгені тығырықтан шығаруға Мамин үкіметінің қауқары жете ме?!

None
None

Мамандардың пайымдауынша, келер жыл Қазақстан үшін күтпеген экономикалық сценарийлерге толы болады.

Алдағы уақытта Ұлттық банк үшін теңгені тежеп ұстауға көп қаржы жұмсауға тура келеді.

Экономист-ғалымдардың айтуынша, келер жылдан бастап,  инфляцияны тежеудің заманға сай тәсілдерін меңгермесек, қымбатшылық бұдан әрі еселене беретін болады. Бұдан бөлек, көк қағаздың құны одан әрі шарықтап, теңгенің құнсыздануы  жалғасуы әбден мүмкін. Оған себеп, бірінші кезекте, АҚШ-тың экономикалық ахуалы.

  

АҚШ-тан бастау алған сценарийге қарсы әдіс керек

 АҚШ қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, биыл елдің мемлекеттік қарызының көлемі тарихта алғаш рет 22 триллион доллардан асып кетті. «Міне, осы жайттар алдағы уақытта біраз елдің экономикасына кері әсерін береді» деседі мамандар.

2017 жылы желтоқсанда Трамптың бастамасы бойынша салық реформасы жүргізілгеннен кейін, мемлекеттік қарыз көлемі тез ұлғая бастаған. Соның салдарынан, федералдық бюджет бір жарым триллион доллардан қағылған. Қарыздың көбеюіне әскери мақсатқа және ішкі қажеттіліктерге жұмсалатын шығынды көбейту туралы заңдар да әсер еткен. АҚШ конгресінің бюджет басқармасы 2019 жылы бюджет тапшылығы 897 миллиард долларды құрайды деген болжам жасаған. Бұл 2018 жылдан 15 пайызға көп. Болжам бойынша, бюджет тапшылығының көлемі жыл сайын ұлғайып, 2022 жылға қарай, бір триллион долларға жетпек. Бюджет тапшылығының ұлғаюына әлеуметтік жәрдемақылар мен 65 жастан асқан азаматтардың медициналық сақтандыру жүйесіне жұмсалатын шығынның өсуі әсер етіп отыр. Ақүй жаңа салық реформасы экономикаға серпін беріп, өзін ақтайды деп сендіреді. Бірақ экономистердің көбі бұл пікірмен келіспейді.

– Алдағы уақытта АҚШ федералдық резерв жүйесі сыртқа беретін қарызының пайыздық ставкасын еріксіз өсіреді. Бұрын сыртқа беретін қарыз ставкасы 0,25 пайыз болса, қазір АҚШ мұны 0,5 пайыз қылып өсірген болатын. Осы сәттің өзінде-ақ көптеген елдерде доллар бағасы шарықтап, ұлттық валюталары төмендеді. Енді жазға қарай, АҚШ федералдық резерві пайыздық ставкасын тағы өсірсе, бұл көк қағаздың тағы да құны өсіп, инфляция арта түсетінінін аңғартады. АҚШ осылай өзінен шыққан шығынды толтыруды жоспарлайды. Сондықтан Ұлттық банк пен Үкіметке бірінші кезекте осы мәселені ойлану керек, – дейді экономист-ғалым Меруерт Молбаева.

       

Ресейдің жайы да көңіл күйімізді бұзады

Сарапшылардың пайымдауынша, ендігі кезекте «теңге қадамын нықтай түседі» деп айту қиын. Әлемдік экономикада қалыптасып отырған жағдайдың өзі мұны айқындап тұр. Мәселен,  Ресей валютасы барынша әлсіреуде. Ал Қазақстан экономикасы Ресеймен тығыз байланысты  болғаннан кейін, Ресей валютасының арзандауы бізге өз әсерін тигізбей қоймайды. 

– Ресейде қазір рубльдің құны ғана төмендеп тұрған жоқ. Ресейдің мемлекеттік облигациялары да құнсызданып бара жатыр. Мемлекеттік облигация дегеніміз – бюджет шығынын жабу және түрлі ірі жобаларды қаржыландыру үшін шығарылатындықтан,  мұндай облигациялардың құнсыздануы Ресейге оңай болмайды. Аталмыш құнды қағаздардың, акциялардың құнсыздануын сақтап тұру үшін Ресей болашақта алтын-валюта қорынан қосымша қаржы ала бастайды. Ал алтын-валюта қорынан қаржы алу – өзінен өзі рубльдің құнын түсіреді. Ал рубльдің құнсыздануы – Қазақстан үшін жақсы нышан емес.  Екі ел де мұнай экспорттайтын ел. Бұған қоса, Қазақстан мен Ресей экономикалық серіктес ел. Егер рубль арзандаса, Ресейдің тауарлары да арзандайды. Бұл жағдаймен келіспестен, біз теңгені тежеп ұстап тұрсақ, қазақстандық тауарлар қазіргі қымбаттағаннан да әрі қымбаттай береді. Бұдан шығатын қорытынды, тұтынушылар арзан тауар алу үшін жаппай Ресейдің өнімін сатып ала бастайды да, отандық тауарға деген  сұраныс төмендейді. Мұндайда өзінен өзі теңгенің құнын кемітсе ғана отандық өнім бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан болашақта теңгенің 20-30 пайызға әлсіреуі әбден мүмкін. Бұл отандық өндірісті қолдау үшін орын алатын сценарий, – дейді қаржыгер Арман Мусин.

  

Юань – ол ойландырып тұр…

Негізінен, пандемия басталғалы бері юань бағамы да 3,5 пайызға төмендеген. Алпауыт аспанасты елі валютасының құнсыздануын да сарапшылар оңға балап отырған жоқ. Қаржыгерлердің бағамдауынша, бұл жағдай да Қазақстанға әсер етуі әбден мүмкін.

Қытайдың ұлттық валютасы 3,3-3,5 пайызға дейін құнын жоғалтты. 2016 жылы юань бағамы тұрақты көтеріліп тұрды. Тіпті бұл жылдары «юань долларды ығыстырып шығарады. Халықаралық валютаға айналады» деген пікірлер де қаулады. Бірақ 2017 жылдан бері юань бағамы күрт төмендей бастады. Бұған, әрине, Қытай мен АҚШ арасындағы жағдайлар да өз әсерін тигізуде. Білесіздер, 2017 жылдан бері АҚШ президенті Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы сауда айналымы теңгерімін қалыптастыру үшін Америкаға енетін Қытай тауарларына ауыр салық салуды  жөн көре бастады. Міне, осыдан бастап, юань әлсірей бастады. Енді Қытайдан бастау алған пандемия да әлемді қатты алаңдатып тұр.  Ал мұндай жағдайдың бізге әсері тимейді  деуге тағы болмайды», – дейді Меруерт Молдабаева.

Осылайша, мамандардың, пайымынша, болшақта АҚШ Қытайға деген экономикалық көзқарасын өзгерте қоймаса, Қытайдың ұлттық валютасы экономикалық қысымнан құнсыздана береді. Ал бұл жағдай бізді ойлантуы тиіс. Өйткені Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс күннен күнге нығайып келеді. Қытай елінен Қазақстанға күнделікті қаншама тауар импортталады?! Қазақстан да тауар экспорттап отыр. Біздің нарықтың басым бөлігін Қытай тауарлары алып жатыр. «Мұндай жағдайда бұл қаржылық жағдайдың бізге тікелей әсері болады» дейді қаржыгерлер.

 

Не істеу керек?

Осылайша, еліміздің ең басты экономикалық серіктестері саналатын Қытай мен Ресейдегі жағдайды тізбелесек, «болашақта не істеу керек?» деген мәселе туындайды?  Оның үстіне, бұрынғыдай қымбат мұнайдың да жоқ екенін ескерген жөн.

Мамандар мұндайда «девальвация экономикаға уақытша дем беру ғана. Сондықтан теңгені құнсыздандыру біз үшін тығырықтан шығатын жол емес» дейді.

Түйіндесек, сала мамандарының нақтылауынша, көрші елдерде болып жатқан экономикалық жағдай бізге сөзсіз әсерін тигізеді. Себебі, экономикалық тұрғыда біз оларға байлаулымыз. Демек, мұндайда үкіметтік тұрғыдағы сақтық шараларын қайта пысықтау қажет. Өзімізден шығатын өнімнің аздығы, шикізатқа тәуелділік, мұнайдан түсетін түсімге көбірек иек арту – бізді ойландыруы тиіс. Болашақта отандық өндірісті қолдауға басымдық арта түсуі керек. Осы ретте, мамандар «қазір біз ішкі нарықты сырттан ағылып жатқан сапасыз тауардан қорғай алмай отырмыз. Ол үшін біздің өзіміздің шығаратын отандық өнімдеріміз басым болуы керек. Шикізатқа тәуелділіктен құтылып, ең соңғы дайын өнімге дейін тауар шығару қабілетіміз артуы керек. Міне, сол кезде ғана біз тығырықтан шығамыз. Ал Үкіметке артылар жүк отандық өндіріске қолдау көрсетуді қолға алу керек. Егер отандық бизнесті дамытуға елде барынша жайлы жағдай жасалса, экономикамыз нығайып, теңгеміз де нықталып, тығырықтан шығар едік» деп отыр...

Тегтер: