Теңгенің дизайны тағы өзгерді, бірақ құны өскен жоқ
Қазақстан 1993 жылы 15 қарашада ұлттық валютасы – теңгені айналымға енгізді. Биыл ұлттық валютамызға 30 жыл. Әлемде БҰҰ тіркеген 193 мемлекет бар болса, соның 159-ы ұлттық валютасын қолданысқа енгізген.
Мұндайда кеуде кере мақтанып, теңгенің тойында біраз жақсы дүниелерді тізбектегіміз-ақ келді. Алайда алғаш қолданысқа енген тұстан бері біздің теңгеміз 7,5 мыңнан астам пайызға құнсызданған. Теңге өз тарихында үш мәрте құлдырап, қайта биіктей алған жоқ. Алғаш 1999 жылы, одан кейін 2009 жылы, бұдан соң 2014 жылы теңге ресми түрде девальвацияланды. Ал 2015 жылы Ұлттық банк теңгені «еркін айналымға жіберді».
Қазір Ұлттық банк реттеуші ретінде теңге бағамының қалыптасуына араласпайды. Теңге бағамы ішкі және сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың ықпалымен қалыптасады. Бірақ қаржы жүйесіне қауіп төнген жағдайда валюталық интервенция жүргізу арқылы оның күрт құбылуына жол бермеу құқын тағы Ұлттық банк иеленіп отыр.
Күні кеше бас банк теңгенің отыз жылдығына қатысты Қазақстан қаржыгерлерінің ХІ конгресінде ұлттық валютамыздың жаңа дизайнын таныстырды. Іле-шала біз Ұлттық банкке хабарластық. Бас банктің баспасөз қызметінің «Жас Алашқа» берген мәліметінше, жаңа банкнота «Сақ стилі» элементтеріне негізделген. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Бұл орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау маңызды саналады.
Теңге дизайны жаңарып жатқанда, әлеуметтік желіде ұлттық валютамыздың бұрынғы – тұлғалар бейнеленген түрін қайтару керек деген сөз көтеріліп жатты. Әл-Фараби, Сүйінбай, Жамбыл, Шоқан, Әбілқайыр хан, Абылай хан бейнеленген банкнот түрін кезінде экс-президент Н.Назарбаев көпұлтты елде бұндай ақша болмауы керек деп алдырып тастаған еді. Енді жаңарған валютамыздың барлық номиналдарының дизайны бір стильде, бір концепцияның айналасына бағыныпты. Бұдан қандай әсер боларын кім білсін.
Ұлттық банктің банкноттар бойынша бас дизайнері Санжар Нұрқасымов «Жыл соңына дейін 5 мың, 10 мың, 2 мың, 1 мың теңге, 2025 жылға қарай 500 және 20 мың теңге шығады. Олардың барлығын сақтың «аң стиліне» негізделген бір ұғым біріктіреді», – дейді.
Банкнотаның алдыңғы бетінде қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендірілген Қазақстан картасы бейнеленгенін, екінші бетінде картадағы Еуразия құрлығының жалпы контуры сызылғанын, онда 5 мм магнитті қорғаныш жіп пен «₸» белгісі түріндегі Спарк элементі барын тәптіштеген бас банк өкілдері теңгенің жаңа дизайнын шығарып жатқандарын мақтан тұтатыны көрініп-ақ тұр.
Теңгенің дизайнын ауыстыру – таза бизнес
Қазіргі жаңа банкноттарға, жалпы теңгенің жайына қатысты пікірін білмек болып, қазақтың алғашқы төл теңгесінің авторы Қайролла Ғабжәлеловке хабарластық:
«Кезінде теңгенің дизайнын өзгерткенде Назарбаевтың алақанын салғандар да болды. Біз бұған қарсы болғанбыз. Бүкіл зиялы қауым қол қойып, ұсыныс айттық. Бірақ оған ешкім құлақ аспады, қолданысқа жіберді. Теңгеде түркі халықтарының символы жоқ. Анау көгершін тағы басқа символдар Еуропа елдерінің стилінен алынған. Түркі халықтары жауына бас имеген халық. Біздің символымыз қыран бүркіт, пырақты тұлпар, кең дала болуы керек. Жаңа дизайн терең ойсыз жасалып отыр. Банкирлер дизайн дегенді білмейді, түсінбейді. Біздің ұсынысымыз ескерілмейді. 2006 жылы теңгенің дизайны ауысып жатқан кезде, мен теледидардан сөйледім. Сол кезде «дизайнды мен тегін істеп берейін, Алтын адам дәуірінен бастап кезең-кезең сатыға бөліп отырып қазақтың тарихын айшықтайтын дүниелерді теңгеге бейнелеп, жұмысымды су тегін-ақ жасайын» дедім. Ешкім тыңдаған жоқ. Басылымға, БАҚ беттеріне де қанша жаздым. Негізінде, экономикасы дамыған, банк жүйесі жетілген Англияда төрт-ақ банкнот бар. Ал біздегі банкноттар саны отыздан астам. Бұл бизнеске айналып кетті. Теңгенің дизайнын ауыстыру таза бизнес болды. Одан басқа ештеңе жоқ. Бұлар ұлтты құнсыздандыруға жұмыс істеп жатыр.
Қ. Сайлау