Теңгесі құнсызданып, түсімі азайса да, Байбазаров өсуін қоймайды
ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстан экономикасы үшінші ай қатарынан өсіп келеді деп мақтанып жүр.
Байбазаровтың мәліметінше, осы жылдың тоғыз айында жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі 4 пайызға жеткен. Министр экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардың есебінен қамтамасыз етілді дейді тағы.
Нұрлан Байбазаровтың сөзін үкімет басшысы Олжас Бектенов те қоштайды. Премьердің сөзіне сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы (+11,4 пайыз), құрылыс (+10,1 пайыз) және сауда өңдеу өнеркәсіб (+4,8 пайыз) салалары қарқынды дамып кетіпті, ел экономикасы осының есебінен жоғары нәтиже көрсеткен. Бектенов те экономиканың бұлайша өсуі мұнайдан емес, басқа сектордың дамуы есебінен болғанын айтады. Бұған қатысты ол: «Бұл экономиканы әртараптандырудың оң нәтижемен жалғасып жатқанының көрсеткіші» деді.
Сөйтіп, үкімет басшысы да, ұлттық экономика министрлігі де экономиканың әртараптанып жатқанын, соның есебінен үш ай қатарынан өсім көрсетіп отырғанымызды растап отыр. Ұлттық экономика министрінің дерегінше, қабылданған шаралар арқасында нақты сектордағы өсім 5 пайыз болған. Қызмет көрсету саласындағы өндіріс 3,8 пайызға өскен. Көлік қызметі 8 пайызға, байланыс 6,4 пайызға өссе, негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,6 пайызға артқан. Инвестиция көлемі 81,7 пайызға артып, білім беру саласындағы инвестициялық өсім – 79,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі – 6,3 пайызға, денсаулық сақтау – 4,8 пайызға өскен.
Міне, осындай оптимизмге толы деректер. Үкімет осы көңіл күймен 2025 жылға жоспарлаған республикалық бюджет жобасын да жария етіп үлгерді. Қаржы министрлігі жария еткен бұл жоба әлі бекітілген жоқ, алайда қазірдің өзінде құжатқа қатысты біраз сұрақтар туындап отыр.
2025 жылдың республикалық бюджет жобасы жария етілген соң ең алдымен туатын сұрақ – 2023-2024 жылдың бюджеті қалай орындалды деген мәселе. Үкімет жылда осындай оптимизмге толы есеп береді, жоспар құрады. Мәселен, 2024 жылдың тоғыз айында мемлекеттік бюджетке үкіметтің жоспарынан кем қаражат түсіпті. Соңғы тоғыз айда мемлекеттік бюджетке 14,97 трлн теңге кіріс кірсе, оның 4,5 трлн теңгесі трансферт. Ал республикалық бюджетке түскен түсім 9,7 трлн теңгеден аспаған. Бұл биылғы жоспардан 16,9 пайызға аз. Оның 2 трлн теңгесі Ұлттық қордан алынған.
Бюджетке жоспардағыдай емес, биыл одан кем қаражат түскенін қаржы министрі Мәди Тәкиев жоққа шығармайды. Министрдің айтуынша, қазір бюджетке түскен кірістер көлемі 93,2 пайызға орындалған. Соның ішінде республикалық бюджеттің түсім көлемі 9 трлн 74 млрд теңге болып, жоспар 83,1 пайызға орындалған. Қаржы министрі бюджеттің түсіміне қатысты жоспардың 100 пайызға орындалмау себептерінің бірі салықтық түсімдердің 76 пайызға төмендеуіне байланысты деп отыр. Сондай-ақ мұнай өндіру көлемінің 5,3 млн тоннаға қысқаруы, әлемдік экономиканың баяулауы мен геосаяси жағдайлар да бюджеттің түсіміне қатысты жоспардың ойдағыдай орындалмауына ықпал еткен. Сыртқы сауда қызметі, елдің ірі компанияларының жеткізу тізбегінің үзілуі де бюджеттік кірісті азайтқан. Мәселен, биыл 8 айда импорт көлемі 8,3 пайызға, оның ішінде Қытай халық республикасына 6,5 пайыз, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен 4 пайызға төмендепті. Бұдан басқа, негізгі экспорттық металдардың бағасы да төмендеп жатыр. Мұның салдарынан өңдеу өнеркәсібі салаларындағы түсім 34 пайызға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 6 пайызға және ақпарат пен байланыс саласында шамамен 36 пайызға азайған. Осыдан барып бюджетке түсетін түсім де кеміпті.
Осыған қарамастан, қаржы министрлігі жария етіп отырған 2025 жылғы республикалық бюджет жобасы оптимизмге толы. 2025 жылға арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу барысында аталмыш ведомство әлемдік экономиканың қалыпты болатынына, инфляцияның төмендейтініне, қаржы және сауда нарығында тұрақтылық орнайтынына сеніп, базалық сценарийді қолданыпты. Бюджет жоспарында мұнайдың бағасы 75 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Мұнай өндіру 97,4 млн тоннаға жетеді деп көрсетілген. Бұдан бөлек, бюджет жобасында тауарлар экспорты 82,1 млрд долларға өседі деген болжам бар. Жылдық инфляция көлемі 5,5-7,5 пайыз шамасында жорамалданған. Ал базалық сценарийге сәйкес келер жылы ел экономикасы 5,6 пайыз шамасында өсуі тиіс делінген.
Экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова бұл болжамдарды әлі де зерттеу керек дейді. Оның ойынша, тіпті экономиканың үш ай қатарынан өсім беріп отырғаны да аса сезілмейді. Себебі биылғы жылға қарағанда былтыр 2023 жылы Қазақстан бюджетінің түсімі жоғары болған. Мысалы, биыл бюджетке 14 трлн теңгеден астам қаражат түскен болса, былтыр 17,8 трлн теңге түскен.
«Былтырғы жылы бюджетке 17,8 трлн теңге түсім түсті. Соның өзінде қаржы министрлігі 10 ұлттық жоба мен 2 мемлекеттік бағдарламаның жойылғанын мәлімдеген. Бюджеттің мүмкіндіктері мен басымдықтарын ескере отырып, министрлік үш ұлттық жобаны ғана қалдырған. Олар – «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», «Қолжетімді интернет». Аталған жобаларды іске асыруға түрлі көздерден 625,2 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 536,4 млрд теңге бөлінді. Бірақ бұл жобалардың өзін тыңғылықты орындап, жетістікке жетіп отырмыз дей алмаймыз. Ауылда денсаулық саласы әлі жаңғыра қойған жоқ. «Жайлы мектеп» жобасы жайлы жайсыз әңгімелерді естіп жатырмыз. Былтыр салынған талай мектептің құрылысы сапасыз екені бөлек әңгіме. «Қолжетімді интернет» жайлы сөз қозғау қиын. Осының барлығын ескерсек, бюджеттің қаражаты құр босқа құмға сіңіп жатқанын байқаймыз. Ал енді мұндайда экономиканың әртараптанып, экономикалық өсімнің бірнеше ай қатарынан өсе қоюы күмән туғызады. Егер экономика өсіп жатқан болса, онда неге биыл бюджетке Ұлттық қордан нысаналы трансферт ретінде тағы 2 трлн теңге тартылды? Өз басым, келер жылдың бюджетін жоспарлағанда осы мысалдарды ғана есепке алу керек деп ойлаймын. Құр текке арбаның алдына түсіп алып жүгіріп, өсіп жатырмыз деу – дарақылық.
Біздің министрлер жыл сайын бюджеттің орындалмауын геосаяси жағдай, мұнай бағасының төмендеуі, логистикалық проблемалар, металл бағасының төмендеуімен байланыстырады. Бірақ бюджет қаражатының үнемделмегені, бюджеттен белгілі бір салаларға бөлінген трансферттердің қайтарылмай жатқаны, үкіметтен агросекторды дамытуға бөлген субсидия, дотациялардың қолды болуы, әкімдердің, министрлердің қаражатты есепсіз жұмсауы есепке алынбайды. Негізі қаражатты үнемдеуді үкімет өзінен бастауы керек. Бізде бір министрдің артында бірнеше көмекші жүреді. Депутаттардың өзінде көмекші бар. Әр министрлік, әкімдік департаменттері, комитеттері, басқармалары, мәслихаттарында толып жатқан атқамінер көп. Оның барлығына бюджеттен қомақты жалақы төленеді. Тура бір «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кебін киіп отырмыз. Мысал келтірсем, мен білім алған Мажарстанда мұндай көп шенеуніктер жоқ. Оларда қала басшысына мәселеңді айтып кірудің жолы да өте жеңіл. Барасың, мәселеңді айтасың, шешіледі. Ал бізде бір облыс, аудан әкіміне кіру үшін айлап күтесің, алдын ала жазыласың. Түптің түбінде, ол мәселе шешілмейді. Және сенің мәселең қаншама адамның алдынан өтеді!» – дейді Т. Шаяхметова.
Қаржы министрлігі бюджетті оптимистік тұрғыда жоспарлауда салықтық түсімдерге көбірек иек артатын тәрізді. Алайда 2024 жылдың бюджетті толықтыру динамикасына сүйенсек, биыл бюджетке корпоративтік табыс салығы (КТС) мен қосымша құн салығынан (ҚҚС) түскен қаражат аз болғанын байқаймыз. Биыл бюджетке 3,3 трлн теңге КТС және 5,1 трлн теңге ҚҚС салығы түскен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға және 11,0 пайызға аз. Осыдан-ақ бюджетке салық жинау деңгейі өспегенін, керісінше, төмендей түскенін байқауға болады.
«Үкімет Қазақстан экономикасының жағдайы жаман емес дейді. Расымен де, биылғы бірінші жартыжылдықта еліміздің ЖІӨ 3,2 пайызға артса, экспорт тауарларынан түсетін түсім 2,1 пайызға өскен. Импорт 7 пайызға қысқарған. Ал енді неге бюджетке салық төмен түсті дегенге келсек, бұл арада тағы сол бюджет кірістерін тым оптимистік ұстаныммен жоспарлау көрініс береді. 2023 жылы да бюджет тым оптимистік болжаммен жоспарланды. Тіпті 2023 жылы елімізде 14 трлн теңге салық жиналады деген мәліметтер де болды. Меніңше, бұлай асыра сілтеуге болмайды. 2025 жылға арналған республикалық бюджетте КТС бойынша түсімдер 5,1 трлн теңге сомасында есептеліпті. Бұл 2024 жылғы болжаммен салыстырғанда 1,8 трлн теңгеге артық. Ал ҚҚС болжамы 6,5 трлн теңге сомасында есептелген, бұл 2024 жылдың болжамынан 1,5 трлн теңгеге артық көрсеткіш. Алайда салыққа сеніп, бюджеттің бүйірін тоқ етеміз деуге тағы болмайды», – дейді Т.Шаяхметова.
Осы аптада әлемде мұнай бағасы арзандай бастады. Геосаяси жағдай да ушығып барады. Демек, біздің экспортымыз өсіп кетеді дегенге сену қиын. Біздің үкімет осыған сеніп, келесі жолы айтар сылтауы дайын болғасын, уәдеге жомарттық танытып отырған сияқты. Айтпақшы, салықты өсіру арқылы бір жыртығын жамағысы келіп отырғанын өткенде жазғанбыз...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ