Теңіз кен орнындағы өрт: 450-ден астам қызметкер эвакуацияланды
Атырау облысындағы Теңіз кен орнында болған өрт салдарынан 450-ден астам қызметкер қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Бұл туралы компания деректеріне сүйенген Kazinform агенттігі хабарлады.
Өрт 18 қаңтар күні таңертең Жылыой ауданында орналасқан үшінші буын зауытында тіркелген. Аталған ақпаратты Теңізшевройл ЖШС-нің баспасөз қызметі растады.
Компанияның мәліметінше, кен орнында электр генераторларында екі рет тұтану фактісі орын алған. Өрт жедел түрде сөндіріліп, зардап шеккендер тіркелмеген. Қазіргі уақытта өндірістік қызмет қалыпты режимде жалғасып жатыр.
«Қызметкерлердің қауіпсіздігі – ТШО үшін басты басымдық. Компания оқиғаның бастапқы себептерін белгіленген рәсімдерге сәйкес анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, ТШО өз операциялық қызметіне қатысты жекелеген мәселелерге түсініктеме бермейді», — деп мәлімдеді компания өкілдері.
Бұған қоса, ҚазМұнайГаз таратқан ақпаратқа сәйкес, алдымен ГТЭС-4 нысанындағы GT-9.3 турбинасының трансформаторы өртенген. Осыдан кейін персонал қауіпсіз жерге көшіріліп, кәсіпорынның авариялық қызметі өртті толықтай сөндірген.
Кейінірек, сағат 11:20 шамасында, сол нысандағы GT-9.5 турбинасының трансформаторынан тағы да өрт шыққаны хабарланды. Бұл өрт те дер кезінде өшіріліп, адам шығыны болған жоқ.
Оқиға туралы төтенше жағдайлар департаментіне жедел түрде хабар берілген.
«Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Жағдай толық бақылауда», - делінген ҚМГ хабарламасында.
Айта кетейік, 2025 жылдың жазында Теңізшевройл компаниясына қоршаған ортаға зиянды заттар шығарғаны үшін 639,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғаны хабарланған болатын.