Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:09

Теңізбаевты Үркімбаев тыңдамайды, Сұлтанғазиев естімейді

Сұлтанғазиев, Үркімбаев және Теңізбаев
Сұлтанғазиев, Үркімбаев және Теңізбаев. Фото: ашық дереккқз

Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұру – лотерея ойнаумен бірдей. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың бұл «ойында» жеңу мүмкіндігі нөлге тең.

Дегенмен Алматы облысының Кеген ауданында пәтер алу үшін үй кезегіне тұрудың қажеті де жоқ екен. Бастысы – полиция бастығы болсаңыз болды. Сосын ештеңеге қарамастан, қызметіңізді ауыстырып жүре беріңіз. Ал сіз кеткен соң сол ауданның пәтері сіздің атыңызда қалуы – жергілікті әкімдік үшін қалыпты нәрсе сияқты. Содан кейін басқа ауданға барып, тағы бір қызметтік пәтер алыңыз. Басқалар үй кезегінде тұра береді, ал сіздің бір емес, екі ауданда қызметтік пәтеріңіз болады. Мұны барып тұрған заңсыздық дейтін шығарсыз. Алайда Марат Сұлтанғазиев басқаратын облыста бұл үйреншікті жағдайға айналғандай.

Кеген ауданында дәл қазір осындай даулы оқиға болып жатыр. Ауданға полиция бөлімінің басшысы болып келген Ерлік Үркімбаев 2022 жылы ақпанда әкімдікпен қызметтік пәтер алу туралы келісім жасасқан. Бірақ сол жылдың қарашасында қызмет бабымен Ұйғыр ауданына ауысып кетеді. Аталған ауданға бара салысымен оған бірден қызметтік пәтер берілген. Бір қызығы, Үркімбаев басқа ауданға ауысса да, сол кездегі Кеген аудан әкімі Талғат Байеділов пен тұрғын үй комиссиясы оған өз аудандарынан қызметтік пәтер беру туралы шешім шығарып берген. Сөйтіп Үркімбаев бірден екі ауданнан да баспана алады. Одан бері үш жыл өтсе де осы күні Кеген аудандық тұрғын үй комиссиясы Үркімбаевқа берілген баспананы қайтарып ала алмай отыр. Бірнеше рет ескерту жасалған, бірақ бұрынғы полиция басшысы үйді қайтармайды. Қызық. Үй әкімдіктің балансында тұр. Былай қарасаң, оп-оңай сияқты. Қазіргі аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев та хабардар. Ол тіпті өзінің шамасы жетпей, облыс басшысы Сұлтанғазиевке «осы іске өзіңіз ықпал етіңіз» деп екі рет хат жолдапты. Ауданға бағынбаған Үркімбаев, облысқа да пысқырмаған сыңайлы, себебі Кегеннің Райымбек көшесіндегі пәтердің кілті әлі өзінде. Тек аудан әкіміне «әйелім жұмыста, балам мектепте, оқу жылы аяғына дейін тұруға рұқсат етіңіз» деп хат жолдаған. Әкімдік рұқсат берген. Бірақ оқу жылы әлдеқашан аяқталса да аудандық тұрғын-үй комиссиясы әлі пәтерді Үркімбаев атынан қайтарып ала алмаған. Қызық. Өте қызық. Аудан әкімі араласады, облыс әкіміне хат жазады, бірақ үй қайтпайды. Бұл не қылған батпан құйрық?

Пәтер
Дау боп жатқан Кегендегі пәтер. Фото: скриншот

Кегенде келген-кеткеннің бәрі иемденіп кете беретін пәтер жоқ!

Кеген шалғай аудан болғасын, жыл сайын қарқынды құрылыс жүріп, қатар-қатар зәулім үй салынбайтыны белгілі жағдай. Ауданмен байланысып білгеніміз, қазіргі уақытта ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны – 486. Оның 170-тен астамы әлеуметтік осал топ өкілдері. Кеген ауданы дербес аудан болып құрылғалы аудан бойынша 101 тұрғын үй салынған. Тұрғын үй кезегіндегі адам санына шақсақ, 7 жыл үшін өте аз. Бірақ сол үйлер тиімді пайдаланылып, тиісті азаматтарға берілмей жатыр. Мысалы, 2023 жылдың 23 қаңтарындағы Кеген ауданы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй-жай беру жөніндегі тұрғын үй комиссиясы отырысының №1 хаттамасымен жаңадан салынған 36 тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде 26 баспана кезек бойынша, 9 үй қызметтік пәтер ретінде берілуге шешім шығарылған. Маман тапшылығын ескеріп, берілген 9 қызметтік пәтерге де келісуге болар еді, бірақ сол тоғыз пәтердің бірін бұл ауданда жұмыс істемейтін Е.Үркімбаев бермей отыр (!). «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда нақты жазылған: «Қызметтік пәтер тек еңбек қатынасы бар тұлғаға ғана беріледі. Егер еңбек қатынасы тоқтаса (яғни басқа ауданға ауысса), пәтер босатылуы тиіс». Ал Үркімбаевтың оқу жылы соңына дейін рұқсат сұрап, тұруы да заңға салсақ қызметтік пәтердің шартына сай емес. Мұндай пәтер тек пәтер алған қызметкерге және оның еңбек қатынасы болған кезде ғана беріледі. Жұбайына (ол басқа салада жұмыс істесе) беруге рұқсат жоқ. Демек, оның үйді соза тұруды өтінуі де, оған әкімдіктің рұқсат беруі де заңсыз болып шығады. Сірә, мұның артында қандай да бір жең ұшынан жалғаcқан сыбайластық, ықпалдастық тұрғаны аңғарылады.

Әкімдік не дейді?

Мәселенің мән-жайын білу мақсатында алдымен біз Кеген ауданы әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа хабарластық. Ол бәрі де заң талабы бойынша істеліп жатқанын алға тартты. Бірақ әкімнің сөзінен бір шарасыздықты байқадық.

Нұрбақыт Теңізбаев
Фото: ашық дереккөз

«Біз былтыр қыста тексеруді бастадық. Ол кезде баласы мектепте оқиды екен, әйелі осында тұрады екен. Мамыр айында босатып беремін деген еді, бірақ одан бері әлі босатқан жоқ. Сотқа да екі-үш рет бердік. Бірақ сот тарапынан қайта жауап болмады. Бұл жерде заң органдары жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Өзі де заң органында жұмыс істейтін азамат. Біздің тараптан ескертулер болды, айтуын айтып жатырмыз. Енді баласының қолынан ұстатып үйден шырылдатып шығарып жібермейміз ғой. Заң бойынша әрі қарай әрекет етеміз», – дейді аудан әкімі.

Бұдан кейін Jas Alash осы ауданда тұрғын үй комиссиясының мүшесі болып жұмыс істейтін Мақпал Шаданмен де сөйлесті. Оның айтуынша, бұрын ауданда басшылық қызмет атқарғандар қызметтік пәтер алып, оны қайта өткізбейтін үрдіс қалыптасқан. Осының алдын алу үшін комиссия мүшелері 2024 жылдың мамыр айының басында қызметтік пәтерлерге рейд жүргізген. Содан кейін қызмет бабымен басқа жаққа ауысқандар пәтерін қайта өткізе бастаған. Сол кезде анықталған пәтердің бірі – осы қазір дау болып жатқан баспана.

Мақпал Шадан
Фото: Мақпал Шадан

«Комиссия мүшесі ретінде құжатты салыстырсақ, ол 2022 жылы басқа жаққа қызметке ауысып кеткен, бірақ аудан әкімі мен тұрғын үй комиссиясы пәтер беру шешімін 2023 жылы шығарған. Үркімбаев мырза Ұйғыр ауданына қызметке бара сала қызметтік пәтер алады да, сосын барып Кеген ауданынан тағы да пәтер алған. Тұрғын үй комиссиясының атынан біз оған бірнеше рет ескерту хат жібердік. Бірақ ешқандай реакция болмады. Сосын үйін көрсетіп, әлеуметтік желіге тікелей эфирге шықтым. Ашығын айту керек, ауданымызда әрбір үй санаулы. Біз бұл мәселені шулатпай шешуге тырыстық. Үркімбаев аудан әкімінен 25 мамырға дейін рұқсат алыпты. Бірақ одан бері де бір айдан астам уақыт өтіп кетті, біз тағы да жүгіріп жүрміз. Хабарласамыз, айтамыз, алдымен «бір апта, екі апта» деп жүрді де, кейінгі кезде тіпті жауап бермейтін болды. Бұл үйді бермеудің амалы емес, енді не, түсінбей дал болып отырмыз», – дейді тұрғын үй комиссиясының мүшесі.

Үй берілу туралы шешім де, басқасы да – заңсыз

М.Шаданның сөзінше, ауданда дәл осы баспанаға келгенде шешілмей тұрған мәселелер бар. Мысалы, ауданға білікті дәрігерлер жетіспейді. Ал оларды басқа жерден шақырып, жұмыс істету үшін қызметтік пәтер берілуі керек.

«Бізде жаңа айтып өткенімдей, әрбір үй санаулы. Мысалы, аудандық ауруханада дәрігер жетіспейді. Ауылдық жерге дәрігер әкелсең, оның жалақысы халық санына байланысты төленеді. Сондықтан біздің ауданда халық саны аз болғандықтан жалақы да аз төленеді. Ал дәрігерді жұмысқа шақыру үшін, оған қандай да бір жағдай жасалуы керек. Егер осылай әр адам қызметтік пәтерін бермей кете берсе, жаңадан келетін қызметкерлерге қалай пәтер тауып береміз? Бос үй жоқ. Заңда пәтерді қайта өткізіп беру туралы жазылған. Ал Үркімбаевқа үй берілу кезіндегі шешімнің шығуынан бастап – бәрі заңсыз. Ол кісіге қайта-қайта жаздық, шамамыз жетпей кетті. Қазір біраз мамандар, туған жері – Кегенге келіп жұмыс істегісі келеді. Сол үшін Алматыдағы жұмыстарын да тастамақшы. Ал олардың Кегенде үй түгілі, 6 сотық жері де жоқ. Біз де өз тарапымыздан ешқандай жағдай жасай алмай отырмыз», – дейді Мақпал Шадан.

Үй «иесі» Үркімбаев не дейді?

Аталған мәселе бойынша Ерлік Стамшалұлының өзіне де хабарластық. Ортаға адам салып жатқаны туралы, «осы ауданға қызметім сіңгесін пәтерді алып қалуға хақым бар» деп айтылып жүрген сөздердің рас-өтірігін өзінен сұрадық. Үркімбаев, әрине, мұның бәрін жоққа шығарды. Тіпті аудандағы пәтерді бүгін-ақ беріп жіберуге дайын екенін жеткізді.

Ерлік Үркімбаев
Фото: ашық дереккөз

«Кезінде Кеген аудан әкімі Талғат Байеділов шешім шығарып, қызметтік пәтер берді. Сол кезде жаңадан келген полиция бөлімінің басшысына да бөлек үй берілді. Өйткені мен Шонжыға ауысып кеттім, бірақ отбасым Кегенде қалды. Әйелім мектепте жұмыс істейді, балаларым сабаққа барады дегендей... Мен кеткесін олар далада қалатын болды. Бұл бойынша аудан әкімі Теңізбаевқа өтініш хат жаздым. Сөйтіп оқу жылы аяқталғанша тұратын болып келістік. Одан кейін мен үйді босатып қойдым. Алайда өздері хабарласпады. Олар да хабарласпағасын, басқа ауданда болғандықтан жүре бердім. Әйтпесе, үй бос тұр. Алам десе кілтін кез келген уақытта беріп жібере аламын. Ішінде бір-екі заттарым бар. Соларды алып кетсем болды. Егер сенбесеңіздер, көршілерімнен сұраңыздар, терезесінен ішіне қараңыздар, үй бос тұр. Оның үстіне мұғалімдер оқу жылы аяқталғасын еңбек демалысына бір айдан кейін шығады екен. Біз соны күтіп қалдық. Маған қатысты айтылып жүрген әңгімелер жалған, оны кім айтып жүргенін де білмеймін. Тіпті кілтті қазір де беріп жібере аламын», – дейді Ерлік Үркімбаев.

Бұдан кейін Jas Alash облыс әкімдігіне жүгінді, олар бізді Алматы облыстық полиция департаментіне сілтеді. Облыстық ПД басшысы Мейрам Әбікеев пен оның екі орынбасары – Әшімов пен Қабдуәлиев телефон тұтқасын көтермеді. Ал баспасөз хатшысы Меруерт Морякова болса тек ресми сауалға жауап беретіндерін ғана мәлімдеді. Сондықтан біз облыстық ПД басшысы Әбікеев мырзаға «Ерлік Үркімбаевтың екі пәтерді қатар иеленуі полиция департаментінің бақылауында болды ма? Дау болып жатқан пәтерге байланысты ішкі тергеу немесе қызметтік тексеріс жүргізілді ме» деген сынды бірнеше сауал жолдадық.

P.S. Біз Кеген ауданы әкімінің орынбасары, тұрғын үй комиссиясының басшысы Медет Шайханұлымен сөйлескенімізде соттың шешімімен пәтерді мәжбүрлеп қайтарып алмақ екенін айтты. Осы жерге келгенде «әй, қайдам» деген ой туады. Себебі бұл мәселеге байланысты ұзын құлақтан Үркімбаевтың жоғарыдан ауданға адам салып жатқанын естідік. Аудан әкімі де өзіне белгісіз біреулерден «звоноктар» болғанын жасырмады. Соған қарағанда, бұл дау әлі ұзаққа созылатындай көрінеді.

Айтпақшы, уәде бойынша Үркімбаев «Жас Алашқа» дүйсенбі күні кешке қарай пәтерімді өткізіп беремін деген еді. Біз Кегендегі тұрғын үй комиссиясынан 7 шілде күні кешке қарай «Үркімбаев пәтерін өткізіп берді ме» деп сұрадық. Бірақ олар Үркімбаевтың түрлі сылтау айтуы әдеттегі «стилі» екенін алға тартты.

Бір аудан әкімін былай қойғанда, бүкіл облыста әй дейтін ешкім табылмайтындай... сіз кімсіз, Үркімбаев мырза?

Тұрсынбек БАШАР