Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:01, 04 Қараша 2022

Теологы тұрақсыз елде – терроризм қаупі бар

None
None

Қасіретті қаңтар оқиғасына да бір жылға жуық уақыт өтті. Қоғамды дүрліктіріп, жазықсыз жандардың жапа шегуіне алып келгендердің артында лаңкестердің тұрғаны белгілі болды.

Сол себепті Мемлекет басшысы құзырлы орындардың алдына діни экстремизммен күрес мәселесіне ерекше ден қою керектігін тапсырды. Әйтсе де діни ұйымдар әлеуметтік желіде ешкімнен именбей, идеологиялық саясаттарын ашықтан-ашық жүргізіп келеді. Тіпті, жыл басынан бері діни араздықты қоздыру және радикалдық экстремистік насихаттау, деструктивтік діни ағымдарының жақтастары жасаған қылмыс саны азаймай отырғанын көріп отырмыз. 

«Пікірлердің плюрализмін сақтай отырып, біз радикализмнің, экстремизмнің және сепаратизмнің кез келген түріне қарсы тұруымыз керек. Біздің қоғамды бөлуге тырысу заңмен тоқтатылады. Біздің елде заң мен тәртіп бірінші орында тұруы керек. Осы негізде ғана біз халқымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету міндетін шеше аламыз», – деді жақында президент Жетісу облысы жұртшылығымен кездесуінде де.

 Жалпы, біздің елде экстремизм мен терроризмге қарсы күреске жұмыс істейтін бірнеше құрылым бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ІІМ-нің  Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті,  Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі мен жергілікті жерлерде де терроризмге қарсы комиссия қызмет етеді. Олай болса, бірнеше құзырлы орын жұмылып жұмыс істегенімен, қақпағы кеткен қазанға қал-қарекетінше иелік еткісі келетін діни ағымдарға тосқауыл қою неге қиын?

 ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуевтің сөзінше, Мемлекет басшысының арнайы және құқық қорғау органдарына діни экстремизмге қарсы іс-қимылдың жүйелі шаралар кешенін іске асыру жөнінде, сондай-ақ оның қылмыстық ортамен, әсіресе, түзету мекемелерінде тұтасуына жол бермеу туралы нақты тапсырмасын орындау мақсатында жедел-іздестіру мен профилактикалық жұмысты күшейткен. Осылайша, ҰҚК-нің үйлестіруімен құқық қорғау және мемлекеттік органдары тізе қосып, алдыңғы кезекте ел ішінде деструктивтік діни ағымдардың идеологиясын таратуға жол бермеу, экстремистік және террористік қылмыстарды алдын ала анықтау, осындай идеологияның сырттан енуіне тосқауыл қою шараларына ден қойылған. Соның арқасында, ішкі істер органдары тарапынан жыл басынан діни араздықты қоздыру және радикалдық экстремистік насихаттау фактілері бойынша32 қылмыстық іс қозғалып, қазірдің өзінде 6 адам жасаған қылмыстары үшін сотты болыпты. Сонымен бірге, деструктивтік діни ағымдардың жақтастары жасаған 188 қылмыс ашылып, 42 адам жауапкершілікке тартылған. Басқа істер бойынша да тергеу жалғасуда. Сондай-ақ Дархан Разуев: «Деструктивтік діни ағымдардың көзқарастарын насихаттайтын діни әдебиетті және басқа да материалдарды елімізге заңсыз кіргізу және тарату, заңсыз діни жоралар өткізу, оларды өткізу үшін тіркелмеген үй-жайларды ашқаны үшін діни қарым-қатынастар саласындағы заңнамаға сәйкес 170 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп жатыр», – дегенді айтады.

Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы да құзырлы орын тарапынан істеліп жатқан жұмыстың ауқымы үлкен екенін мойындайды. Бірақ жат ағымның жетегіне ілесіп кеткендерді қайтару жұмысы ұзаққа созылады. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Оның айтуынша, елдегі діни экстремизмнің пайда болу және таралу себебі көп. Өкінішке қарай, діни ағымдармен күрестегі қазіргі тәсілді оңтайландыру маңызды.

Біріншіден, деструктивті ағымды ұстанушыларды жауапкершілікке тартқызу іс жүзінде мүмкін болмай отыр. Өйткені, олардың қызметін реттейтін құқықтық нормалар толыққанды емес. Ең алдымен, қолданыстағы діни қызмет және діни бірлестік туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу маңызды. Сондықтан заң жобасын жетілдіріп, құқықтық нормаларды қайта қарастыру керек. Бірақ «радикалды діни идеология» дейтін терминге анықтама беру қиын. «Біраз жыл бұрын қоғамдағы бет-аузын тұмшалағандар мен шалбарының ұзын-қысқалығына қарай заңнамалық талаптар қарастырылған болатын. Әйтсе де адамның діни наным-сеніміне қайшы келетін бұл мәселе күшіне енген жоқ. Қазір, байқасаңыздар, радикалды ұйымдардың үгіт-насихаты кез келген салаға ауыз салғанын аңғарып отырмыз. Мысалы, өнер мен білімде, спортшылар арасына да дендеп еніп кетті. Соның ішінде, спорт саласындағы адамдардың арасында белсенді жұмыс жасауының бір себебі, болашақта әртүрлі мүддеге пайдалану үшін мықты азаматтарды таңдап алады. Ал оларды бақылау тағы қиын. Себебі, радикалдар қандай да бір ортаға ақырындап еніп, айналасындағы адамдарға насихат жұмысын жәймен жүргізе бастайды. Спортшылар жекеменшік жаттығу залдарына барады. Олардың күнделікті әрекетін бақылау мүмкін емес. Әр ұжымға, әрбір ортаға бір теологтан қоя алмайсың. Оның үстіне, «діни сенім бостандығы» деген мәселеге келгенде, адамдарды радикалды топтардан күштеп ажыратып алу да заңға қайшы. Сол үшін радикал қылмыстық әрекетке қадам баспайынша, ешкім де жауапкершілікке тартылмайды», – дейді дінтанушы. Дегенмен елдегі теологтар тарапынан жасалған сыртқы атрибуттарына қатысты анықтамалық термин, шетелге діни білім алуға кету бойынша 50-ге тарта ұсыныс қабылданбай тоқтап тұрған көрінеді. «Біз жеке дара заң қабылдай алмаймыз. Өйткені көптеген мемлекеттердегі адам құқықтары бойынша талаптарға мойынсынуға мәжбүрміз. Әйтпесе, біздің елге деген басқа мемлекеттердің көзқарасы өзгеруі мүмкін. Мәселен, уахабизм арабтардың ресми идеологиясы. Оған тыйым салсақ, арабтардың елге келуіне де тыйым салыну керек. Сондықтан діни сауатты арттыру арқылы радикализмнің алдын алуға болады. Бұл үшін ұлттық идеологияны күшейту маңызды. Сөйтіп қана діни ағымдарға тосқауыл қоюға болады. Олай етпесек, жат ағымның жетегінде кеткендерді қолынан ұстап, кері қайтуға үгіттеу мүмкін емес. Себебі, адамдар радикалды ұйымдарға әртүрлі себеппен кіреді. Материалдық қызығушылық, білімсіздік және туыстық қарым-қатынас көбісін хақ жолдан адастырып жатыр», – дейді Кеңшілік Тышқанұлы.

Екіншіден, ұлттық идеология қалай насихатталу керек, ал бізде қалай? Теологтың айтуынша, қазір мектеп оқушыларына жүргізілетін діни сауаттылық бойынша сабақ – діни экстремизм мен терроризмнен қорған болатын пән ретінде оқытылмайды. Тек ақпараттық тұрғыда тарихтан хабар беретін танымдық пән деңгейінде ғана беріледі. Оның өзі пән сабақтарының соңында қойылады. Ал шаршап-шалдыққан балаларға діни сауаттылықты түсіндіру қиын. Сол үшін мектептерде терроризмге қарсы арнаулы пән енгізілу қажет. Тіпті, болмағанда, осы бағытта мектептердегі дінтану пәнін жетілдіру маңызды.

Үшіншіден, теологтардың жалақысы өте аз. Өңірлердегі теологтар 100 мыңға да жетпейтін айлық үшін сотталғандармен, неше түрлі деструктивті ағымға түскен азаматтармен, «Жусан» операциясымен елге келгендермен жұмыс істейді. Оның үстіне, психологиялық және физикалық тұрғыда күн сайын қауіппен бетпе-бет келетін теологтарға құқықтық, не әлеуметтік жағынан статусы бекітіліп, қауіпсіздігі қорғалмаған. Соның салдарынан, мамандардың тұрақтамауы, жұмыстың сапалы істелмеуі түсінікті. Теологтары тұрақсыз елде терроризмге қауіп көп. «Адамның діни сауаттылығы төмен болған сайын – экстремизм қаупі де жоғары. Қазір кадр таңдауда болсын, исламтануға арнайы грант бөлініп жатыр. Бірақ бұл 30 жыл өткеннен кейін қабылданып жатқан шаралар. Ал ел ішіндегі идеология Тәуелсіздік алған бойда басталған еді. Қазір түрлі ағымдардың арасында қаншама ұстаздар қалыптасып үлгерді. Олардың барлығы шетелмен байланыс орнатып алды. Сондықтан олардың жұмысын тоқтату жақын уақытта біте қоятын шаруа емес», – дейді дінтанушы маман.

Жат ағымдарға қарсы жүргізіліп жатқан жұмысты жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де әлгінде айтқандай, ұлттық идеологияны күшейтуде барлық мемлекеттік орган тізе қосып жұмыс істемесе, қазанның қақпағын жабу қиынға соғып, ұлттық құндылық тістегеннің аузында кетуі әбден мүмкін.

Тегтер: