Теперіш көрген теңге

Мұнайлы елдің мұңы көп екенін түсіне алдық па?!
Қазір көпшілікті ұлттық валютамыз – теңгенің болашағы қатты алаңдатып отыр. Қазақстан қор биржасында доллардың құны күрт артты. Теңге әжептәуір әлсіреп, бүгінде бір доллар 435 теңгені құрады.
Өз кезегінде Ұлттық банк валютаның айырбастау бағамына қатысты түсініктеме берді. Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың айтуынша, теңгенің әлсіреуіне мұнай бағасының төмендеуі тікелей әсер еткен.
– Brent маркалы мұнай бағасы өткен аптамен салыстырғанда 3 пайыздан астам төмендеді және бүгінде бір баррель үшін 40,5 доллардан төмен деңгейге жетті. АҚШ, Франция және Ресейді қоса алғанда, бірқатар елде COVID-19 жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты сұраныс баяулайды деген қауіп бар. Бұл бағаның төмендеуіне ықпал етіп отыр. Ливия ұлттық мұнай корпорациясының мұнай өндіру деңгейін тәулігіне 1 миллион баррельге дейін қалпына келтіру туралы хабарламасы «қара алтынның» бағасына қосымша қысым көрсетті, – дейді Ұлттық банк өкілі Нұржан Тұрсынханов.
Үш девальвация: бір себеп
Жалпы, біздің білетініміздей, тәуелсіздік алғалы бері теңгенің тарихында үш девальвация болды. Оның біріншісі – 1999 жылғы девальвация. Алғашқы девальвацияның себептерін Ұлттық банк мұнай бағасының төмендеуі, 1997-98 жылдардағы Азия қаржы дағдарысы, 1998 жылғы Ресей дағдарысымен байланыстырды. Бұдан кейін екінші девальвация 2009 жылы экспорттаушыларды қолдау мақсатында орын алды. Ол кезде Ұлттық банктің басында тұрған Григорий Марченко бұл құнсызданудың себептерін сауда серіктестері өзге елдер валюталарының құнсыздануына байланысты қиындықтарға тап болғанын, сондай-ақ мұнай бағасы төмендеп жатқандықтан, осыған байланысты отандық өндірушілерді қолдау мақсатында девальвация болғанын түсіндірді. Бұдан соң үшінші девальвация 2014 жылы орын алды. Мұның себептері де рубль мен мұнайдың құнсыздануына қатысты болды.
10 жыл бұрын әрекет жасағанымызда...
Бағамдасақ, айтулы үш девальвацияның да себепшісі бір болыпты. Ал енді осы аралықта біздің үкімет неге тиімді шешімдер қабылдай алмады?! Тәуелсіздік алғалы бері доллар долданса, халық дірдектеп, елдің тірнектеп жиған қаражаты құнсызданып, қымбатшылық екпіндеп шыға келеді. Сонда 30 жыл бойы мұның бір шешімі болмағаны ма?! Бұған қатысты экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова: «Біз тәуелсіздік алғалы бері әлемдік нарықта түрлі оқиғалар болды. Мұнай және басқа да шикізат тауарларының бағасы едәуір төмендеді. Бұған қоса, Қазақстанмен сауда-әріптестік орнатып отырған елдердің де валюталарының құны жыл сайын төмендеп жатыр. Ресей рублі мен Қытайдың юані әлсіреді. Батыс пен Ресей арасының салқындығы, АҚШ пен Қытайдың қабақ шытысуы, қазіргі болып жатқан пандемия әлем экономикасына әсер етпей қоймады. Сондықтан әлемдік нарықта шикізат бағасы түсіп кетті. Мұнайдан айрықша түсім көріп отырған, осы уақытқа дейін ұлттық валютасы бірде-бір мәрте сыр бермеген Сауд Арабиясының өзі де қазір ойлана бастады. Сондықтан осындай алып елдер сыртқы факторлардан қорғана бастағанда біз үшін теңгені теңселтпей ұстаудың өзіндік қиындықтары болары даусыз. Бұл арада бізге сауатты әрі тиімді реформалар керек екенін үкімет осыдан 10 жыл бұрын ұғынуы керек еді. Рас, мемлекеттік бағдарламалар, жобалар қабылданды. Бірақ сол бағдарламалардың аяғы құрдымға кетіп, бірқатар сауатты реформалар елдегі жемқорлардың құрбандығына айналып жұтылды», – дейді.
Маманның пайымынша, кезінде қабылданған бағдарламалар өз жемісін беріп отырғанда, қазір нақ бұлай қиналмас едік.
Теңгені тежеп ұстау да тиімсіз
Негізінде, Ұлттық банк 2015 жылдан бастап теңгені еркін айналымға жіберді. Содан бері теңге өзгермелі еркін айналымда жүр. Бұл ретте, мамандардың байыптауынша, біз үшін теңгені тежеп ұстау да тиімсіз болар еді. Экономист-сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, қазір Қазақстанның алтын-валюта қоры шамамен 88,8 млрд долларды құрап отыр. Алтын-валютадағы резервтер желтоқсан айында 0,2 пайызға дейін өскенімен, жыл басынан бері 2,2 пайызға төмендеген. Ұлттық банк теңгені тежеп ұстау үшін алтын-валюта қорынан қаржы алып келді. Сондықтан Ұлттық банктің теңгені еркін айналымға жіберуінің астарында алтын-валюта қорын кемітпей сақтап отыру да бар еді. Әйтсе де сыртқы факторлар теңге бағамының төмендеуіне әсер етпей қоймады.
– Қазір көрші Ресей елінің экономикасы аса мәз емес. Тұс-тұстан салынған санкциялар Ресейдің есін алып, экономикасын тығырыққа тіреп отыр. Ресей рублі де арзандап, құнсызданып жатыр. Рубль құнсызданса, оның артынан теңге де ереді. Себебі Ресей мен Қазақстан экономикасы тығыз байланысты. Екі елдің сауда-саттығында теңге мен рубль арақатынасы жақсы дамыған. Рублі құнсызданып, экономикасы дағдарып, санкциялар сансыратып отырған Ресей ендігі кезекте Еуроодақ аясындағы елдерге салмақ сала бастайды. Ресей енді өзінің тауарын Қазақстан мен Беларусь елдеріне көптеп жөнелтіп, осы екі нарықты басып алады. Мұндайда біз үшін алтын-валюта қорындағы қаржыны теңгені тежеп ұстауға жіберу тиімсіз. Керісінше, бұл қаржыны отандық өндірісті жандандыруға бөлген әлдеқайда тиімді. Отандық өнім өндірушілерге нақты қолдау көрсетпесек, біз девальвациядан көз ашпаймыз, – деді сарапшы Дәурен Арын.
Сарапшы маманның пайымдауынша, өткен жылы мұнай бағамының төмендеуіне байланысты алтын-валюта қорынан қаржы алып, ұлттық валюталарын қолдаған Сауд Арабиясы мен Ресей де әжептеуір шығын көріпті. Бұл ретте сарапшы: «Осындай алып елдердің алтын-валютасы әжептәуір ортайып жатқанда Қазақстан үшін де теңгені қолдау мақсатында резервтегі қордан қаржы ала беру тиімсіз. Сондықтан болашақта ұлттық экономиканың тынысын ашу үшін нақты мемлекеттік шаралар қолға алынып, отандық өндіріс орындарын қолдайтын медиа-жоспар құрылып, сол бойынша жұмыстар атқарылуы қажет», – дейді.
Сенгеніміз мұнай еді, оның бағасы қымбаттай ма?!
Экономист-ғалымдардың пайымдауынша, әлемдік нарықта мұнай бағасы енді бұрынғыдай қымбат болмайды. Бұл жайында экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков: «Шикі мұнай асырайды деп, арқаны кеңге салатын уақыт өтті. Себебі қазір әлемдік нарықта мұнай бағамы төмендеп жатыр. Жаңадан мұнай кен орындарының көптеп ашылуы әлемдік нарықтағы шикі мұнайдың көбеюіне алып келді.Қазір АҚШ тақтатас мұнайын көптеп өндіруде. АҚШ күніне 1 млн баррель мұнай өндіретін жағдайға жетті. Соның арқасында Сауд Арабиясын ығыстырып, әлемдегі ең ірі мұнай өңдеуші елге айналды. Осылайша ОПЕК-ке мүше елдер мен Ресей мұнайына АҚШ-тың тақтатас мұнайы қосылып, нарықта мұнай көбейді. Бәсеке артып, тұтынушыға талас басталды да, мұнай бағасы төмендеді. Алдағы уақытта да мұнай бағасы төмендей береді. Бұл экономикасы мұнайға байланған елдер үшін қуантарлық жағдай емес», – дейді.
Тақырыпқа түйін
Байқағанымыздай, мұнай бағамына қатысты ұзақ мерзімге болжам жасау қиын. Біздің білеріміз, қазір мұнай өндірудің жаңа технологиялары пайда болып, тіпті әлемдік ғылымда наноматериалдарды синтездеу арқылы көмір мен ағаштан мұнай алу тәсілі жетіліп келеді. Осыған қарап болашақта мұнайлы елдердің мұңы көп болатынын аңғару қиын емес. Абзалында, біз осы уақытқа дейін отандық өнім өндіру саласына мән бермедік. Бұған қатысты мамандар «енді мұның зардабы айқын көрінеді, сондықтан болашақта отандық өнім шығаратын салаларды қолдау ғана бізді қиыншылықтан алып шығады» деп ой түйіндеді.