Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:07

Тергеуден қашып жүрген Нұрлан Нығматуллиннің ағасы Португалияда жасырынуы мүмкін

Арғын Нығматулин
Фото: Выход к морю телеграм арнасы

Қазақстанда іздеу жарияланған  Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматуллиннің ағасы Арғын Нығматуллин Португалияда жасырынуы мүмкін.

 Оның жұбайы Найле Бельбаева Мальтада тіркелген Heartwood Limited компаниясы арқылы осы елде құны шамамен 3 млрд теңгеге бағаланатын виллаға иелік етеді. Егер Арғын Нығматуллин расымен Еуропада жасырынса, бұл оны Қазақстанға экстрадициялау процесін едәуір қиындатуы мүмкін. Бұл туралы "Выход к морю" телеграм арнасы жазды.

Нығматуллиндерге тиесілі вилла Португалияның оңтүстігіндегі курортты Картейра қалашығында орналасқан. Ең жақын ірі қала — Лагуш (шамамен бір сағаттық жол), ал астана Лиссабонға дейін үш сағатта жетуге болады. Картейрада 25 мыңға жуық тұрғын бар. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бұл аймақ ауқатты португалдықтардың демалыс орны ретінде дамыған. Мұнда «Көк жалау» мәртебесіне ие жағажайлар, термалды бұлақтар мен гольф алаңдары бар.

Қалашықтың маңындағы Fonte Santa («Қасиетті бұлақ») ауданында, Loule' Velho көшесінде орналасқан бұл зәулім үй Heartwood Limited компаниясының атына рәсімделген. Компания 2004 жылы Мальтада тіркелген, иесі – Найле Бельбаева. Google Earth деректеріне қарағанда, бұрын бұл жерде классикалық стильдегі, қызыл шатырлы, бағы мен бассейні бар вилла болған.

2017 жылы ескі үй бұзылып, орнына заманауи хай-тек үлгідегі жаңа вилла салынған. Қауіпсіздік мақсатында Нығматуллиндер бұл нысанның Google Street View-тегі көріністерін жапқан. Дегенмен, бұрынғы КСРО елдерінен шыққан ауқатты адамдарға тән ерекшелік — биік қоршау — бұл үйді өзгелерден айқын ерекшелендіріп тұр. Аймақтағы осындай жылжымайтын мүлік орта есеппен 5 млн еуро шамасында бағаланады. Ал бұл нысанның нақты құны (ескі үйді бұзу мен жаңасын салуды қоса есептегенде) белгісіз.

Қазақстанда Арғын Нығматуллин (Қарағандыдағы «Сарыарқа» хоккей клубының бұрынғы директоры, экс-мәслихат депутаты) бір жылдан астам уақыттан бері іздеуде. Ол әртүрлі елдерде іздестірілуде. Биыл ақпан айының басында Бас прокуратура Түркияға да тиісті сұрау жолдағаны белгілі болды. Нығматуллин ірі көлемде қаржы жымқыру, жемқорлық және рейдерлік әрекеттер бойынша күдікке ілінген.

Португалиядағы вилла — оның отбасының жалғыз шетелдік активі емес. Арғын Нығматуллин жұбайымен бірге Дубайда шамамен 170 млн теңгеге бағаланатын пәтерге де иелік етеді. Ал Қазақстанда оның жұбайының атына Алматының Медеу ауданындағы элиталық тұрғын үй кешенінде («алматылық Рублевка») жылжымайтын мүлік рәсімделген. Бұл тұрғын үйдің терезелері Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы резиденциясына қарайды. Қазір бұл нысан мемлекет меншігіне өткен.

Сол тұрғын үй кешенінде оның інісі Ерлан Нығматуллиннің жұбайы Бақыт Серікбаева да тұрады. Ал көршілерінің бірі Елдос Қоспаев өткен жылы ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны үшін 15 жылға сотталған. Ол Болат Назарбаевтың жақын адамы саналған.

Сарапшылардың пікірінше, Португалиядағы жылжымайтын мүлік Арғын Нығматуллин үшін тек қаржыны сақтау құралы емес, сонымен қатар «қауіпсіз аймақ» болуы мүмкін. Себебі Қазақстан билігі жылдар бойы Еуропадан бірқатар тұлғаларды экстрадициялауға тырысып келеді.

Мысалы, банкир Мұхтар Әблязов пен Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновты қайтару әрекеттері ұзақ уақыттан бері нәтиже бермей отыр. Соңғы мысалдардың бірі — қаржы полициясы мен прокуратураның бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Мақсат Дүйсеновтің ісі. Ол Германияда ұсталғанымен, кейін саяси баспана сұрауына байланысты Қазақстанға берілмеді.

Мұндай істер әдетте жылдарға созылады, ал бұл уақытта күдіктілер салыстырмалы түрде қауіпсіз жағдайда өмір сүре береді.