Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:27, 14 Мамыр 2020

Теріскейден шыққан Торғай әулие, Созақтың соңғы дәруіші жайында

 Түркістан облысының Созақ ауданы және көршілес жатқан Сарысу ауданы тұрғындарының ұшатын кісі – Торғайәулие туралы естімегендері  сирек болар,сірә.

Ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер айтылатын бұл кезбе  кісіні жергілікті халық кейде «молда», кейде«әулие», онда да сыртынан «Опай-Сопай Торғай әулие» деп атайтын. Елдің олкісіні «молда» дейтіні – ел аралап, аршадан жонған ағаш пышағымен баласүндеттейтіні мен дем салып адам емдейтінінен десек, ал бір сөзбен «әулие» депардақтамай, «Опай-Сопай Торғай әулие» дейтіні несі екен дейтінбіз.  Ел аузында «Қаңбақ шал» деген де аты болған. Сірә,ондай анықтауыштар ол кісінің бір жерде  байыз тауып отыра алмай,  заматта қайда кеткені белгісіз ғайып болып  кететінінен, «әулие де бір бала ғой» дегендей,кейбір бала мінезді ерсі қылықтарынан, қалжыңбастығынан  шықса керек. Ол кісінің не ат, не есек, не төрт дөңгелекті көлікке мінбей, тек қаттыаяңдап жаяу жүретіні,  барар жерінеавтомашинадан  бұрын жетіп, шай ішіпотыратыны мен  шапқан атқа жеткізбесжүрдектігіне талайлар куә болған.  Ұшатынкісі деп жүргені де  осындайкереметтерінен  шықса керек. Кім біледі,құдайдың құдіреті көп қой, оңашада құс болып ұшса, ұшқан да шығар.  Адамды пері мен періште не жын көтеріп ұшуы ертегіемес, шындық дейді білетіндер.

«Молда», «әулие» дегенмен, бірақ ол кісіні  ешкім дәруіш (дервиш) демеген. Қазақты қайдам,Созақта қолданыстан шығып қалған сөз.  Соғанқарамастан, біз «Созақтың соңғы дәруіші» дедік. Ал «дуана» сөзініңсинонимін  «қайыршы» деп түсінетінболдық.  Ал «дәруіш» сөзінде бір сиқырлыдәру сыр жасырынып жатқандай.  Негізі, «дәруіш»сөзі бұрын жалпақ тілде диуана, дуана деп те айтыла берген,  бірақ жоғарыда айтқанымыздай, кейінгі  өмір салтымен бірге басқаша ұғым-түсінік  қалыптасып кетті.

 Біздің балакүнімізде иықтарына бір-бір қап асып алған, киімдері алба-жұлба, қаба сақал,ұлты тәжік дуаналар ауыл-ауылды, үй-үйді аралап қайыр сұрайтын.  Жұрт әлі де оларды күнін көре алмай жүргенқайыршы деп ұғады. Шамасы,  олар тәжік теемес, Памир  тауының баурайынмекендейтін,  кезбелікті  қазір де өмір салттарына айналдырған  мұсылман дуаналар.  Олардың пәлен күншілік жерден жаяу-жалпылап,арып-ашып күндік жейтін азықтарын ел аралап табуы нан таба алмай қалған аштықтанемес, негізінде, философиялық мақсаттағы рухани азық жинау екені анық. Парсыша «дәруіш»,арабша «софы» деп аталатын  бұлтүсініктің шығыста пайда болғанына да мың жылдан асса керек.  Монахтарғаәлде бір  ұқсастықтары болғанмен, олардан басты  айырмашылығы – мұсылман дәруіштердің біздіңкейіпкеріміз секілді жеке үйлерін салып, отбасын құрап,  ұрпағын өсіріп, бірге өмір сүретінінде. Ілгерініайтпағанда, Созақтағы күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған Ханахах мешіті ХХғасырдың басына дейін осындай кезбе  дәруіштердің аялдап, суфист календерлердің зікірсалатын календерханасы болғанын көрген көнекөздер әлі тірі.  «Созақтың соңғы дәруішінің»  де бала кезінде қызылдар келгенге дейін солжайларды көріп-біліп өскені күмәнсіз.  

 МЕН КӨРГЕН ТОРҒАЙ МОЛДА

Ұшатын әулие, кейіпкеріміздің есімінің Торғай болуын менбала күнімде  дала құсы – төбесінде сәлдесекілді шашағы бар  «молда торғай»секілді пыр етіп ұшатындықтан, ел солай атап кеткен шығар деп қиялдайтынмын.  Жоқ, әкесінің азан шақырып қойған аты екен.Ол туралы сәл кейін.

Алдымен әңгімемді  бала күнімде Торғай әулиені өз көзімменкөргенімнен бастайын. Шамасы 13-14 жастағы кезім.  Әкемнің немере ағасы, қоңсы тұратын Жұмашкөкемнің үйіне бірыңғай аппақ киінген, ақ шошақ киіз қалпақтың сыртынан үшкірсәлде ораған Торғай әулие келіп қонды. Таңертең ерте оянып түзге шықсам, Жұмашкөкемнің үйінің артындағы тайшаптырым шарбақтың ана басы мен мына басына ақдамбал-көйлек киген біреу зыр жүгіріп жүр. Ауылда қазірдің өзінде ересек адамның албаты жүгіруі  сұмдық ерсі саналады емес пе, ал мынау құйындайұйытқып жүрген ақ сақалды шал. Есіме кешегі келген Торғай әулие бірден сап етеқалды да, шарбақ сыртынан жақындап барынша зер сала бастадым.

Бір кезде Торғай молда төсін барынша қайқайтқанда, күндекөріп жүрген  кәдімгі көгершін құс – кептердіңқұйрығын жайып, төсін қайқайтқаны көз алдыма келе қалды да, екі қолын қанатсекілді екі жаққа жайып жіберіп, кең пішілген ақ дамбал-көйлегінің етек-жеңін таңғысамал жел кернеп,  делбең-делбең етіп  жүгіргенде барынша зорайып, әне-міне дегеншеАн-2 жеңіл ұшағы секілді көкке көтерілетіндей болып көрініп кетті.  Осы көрініс бірнеше рет қайталанды.  Әсері санамда өмір бойы қалып қойды.

Кейін ұрпақтарынан естіп білсем, ол кісі құс төс болыпты, яғни кеудесі алғашығыңқы болған. Соған қарағанда басқа ешкімде кездеспейтін томпайып тұрған денемүшесі ғарыштан қуат қабылдайтын «қанаты»  болған шығар, бәлкім.

           АСАТАЯҚТЫҢАШУЫ

Торғай атаның туған інісі Құлмахан молда Жамбыл облысына қарасты Жаңатас қаласының шетжағындағы   Дегерез деген  ауданда тұрды, 90-жылдары дүниеден өтті. Ел сыйлайтын, ескіше сауатты кісі еді.Тұзға дем салып берсе, тіс ауруы сап тыйылатын. Жаңатастағы орталық мешіттіңқазіргі тұрған орнын белгілеп беріп кеткен, арабша оқып-жаза білетін адам-тын. Құлмахан молданың баласы ҚалиоллаОспанов бүгінде Алматы қаласында тұрады екен. Жасы алпысты алқымдаған Қалиолламаған Торғай молдаға қатысты шешесінен естіген әңгімесін айтып берді.  «Шешем айтады: 1950 жылдардың аяғы.  Шолаққорғандамыз. Әкең үйде жоқ, бухгалтереді, бір жаққа іссапарға кеткен. Түн ортасында үйге қалшылдап-дірілдеп Торғайатам келді. Ештеңе айтпай, таң атқанша аузы жыбырлап бірдеңе айтып, жалбарынып,қайта-қайта намаз оқумен болды. Таң ата есіктің алды дүрілдеген, гүрілдеген«Виллис» машинаға толып кетті. Ауданның сот төрағасы мен бас прокуроры дейсіңбе, кілең шөпкетышарлар екен. Дауыстап атамды шақырады. Атам ашулы, «өңкейалқаш иттер» деп үйден шықпайды. «Сен шығып сөйлес» деді маған. Шықтым. «Мынауатаңның асатаяғы, бәлесінен аулақ, түнімен бәрімізді шошытып ұйықтатпай шықты»деп, атамның қолынан тастамайтын асатаяғын берді.  Бәрінің жүздері әлемтапырық, кірпік ілмеген.Сөйтсек, оқиға былай болыпты: атам кешке бұлақтың жағасына барып  дәрет алып, намаз оқиды. Асатаяғын қасынақойып қояды. Сол сәтте бұлақтың басында  арақ ішіп отырғанауданның қызыл коммунистері, кілең дөкейлер, көбісі сырт жақтан келгендер,мастықтың буымен  «осы молданың ұшатыныасатаяқтың арқасы екен, біз де ұшып көрейік, біреуің білдірмей  таяғын ұрлап әкеліңдер» дейді. Торғай атамнамазын оқып болып, аялап ұстайтын асатаяғын алмақ болса, орнында жоқ. Әлгілералып қашып кеткен. Әрекеттері – құдайсыздық, нағыз надандық қой.  Киесі, кепиеті кетіп қалды деді ме, неденқорыққанын, сол күннен бастап атам қолына асатаяқ ұстамай кетті». 

Торғай молданың әкесі Оспан тәуіп бүкіл Арқаға әйгілішөппен емдейтін емші болыпты. Ұрпақтарының бәрі Оспан тегін алып, төлқұжатқасолай жазылған. Оспан тәуіптің төрт баласы болған: Бұзау, Қозы, Торғай,Құлмахан. Бәріне жан-жануардың атын берген. Күмбезді бейіті Жезқазған жақта деседі. Асатаяқ Торғай молдаға осы әкесіОспан тәуіптен мирас боп қалған болуы керек. Бұл өзімнің жорамалым. Себебі асатаяқмұрагерлік жолмен әулиешілік қонған адамға ғана тапсырылады, әйтпесе ол таяқтыешкім ұстауына, өзгелердің пайдалануына болмайды.

Бүгінде асатаяқ сазды аспапқа айналған. Ал бұрын абыздармен үкі тағып бақсылар ұстаған асатаяқ туралы небір аңызға бергісіз әңгімелербар.  Есте жоқ ескі заманнан  Мұса пайғамбардың асатаяғын білеміз, таяғыментеңізді ұрған кезде асау толқын ортасынан қақ жарылып даңғыл жол ашылған. Қажеткезінде таяғы жыланға айналған.  БерідегіПір Бекет атаның көк асасы туралы да көп айтуға болады. Дәл солардай болмасада, Торғай молданың асатаяғының тылсым құдіреті болғаны ғой. Ол кісі терісдұғаның күшімен жынды бағындыруы да мүмкін. Ал жын өзін мазалаған адамнан міндетті түрде кек алуға тырысатыныдәлелденген. Асатаяғын ұрлап қашқандарға «ұр, тоқпақ» болып тиіскен солтаяқтағы қуат, аруақ, сиқырлы күш  депойлаймын.

             ӘУЛИЕНІҢКЕРЕМЕТТЕРІ

Созақтың тұңғыш шопыры, бірінші көлік жүргізушісіделінетін Кәден ақсақал мидай далада артына шаң боратып, ішінен ыңылдап бірдеңеайтып, жаяу желіп бара жатқан  Торғайәулиені ала кетейін деп тоқтаса, «жүре бер» деп машинасына мінбепті.  Үш-төрт сағат жүргеннен кейін қараса,  Торғай молда машинаның қақ алдында тұр дейді.Көлігімен Бетпақдаланы жиі шарлайтын марқұм Кәден ақсақал осындай кереметінеталай куә болып, көпке жайып жүреді екен.

Осындай жүйріктігіне таңдайын қаққан әңгімені Созақауданы Жартытөбе ауылының бір қартының (есімін ұмыттым)  аузынан естігенмін. Адам емдеугешақырған  Торғай молда кетерінде өзінеарнап сый-сияпат салынған дорбаны алуды ұмытып кетеді. Үй иесі жүгіріп сыртқашықса, ізім-қайым жоқ. Қыстың күні, жерде әлі із түсе қоймаған  ақша қар бар. «Қайда кетті екен» дептөңіректен із барлайды. Сөйтсе,  оңаяғына киген галоштың  ізі табылыпты да,сол аяғына киген галоштың ізі 45 қадамдай жерден табылыпты. Одан әрі қаншаіздесе де,  еш нәрсе табылмайды. Дереуерттеулі тұрған атына қарғып мініп,  дорбаныіле салып, артынан  шаба жөнеледі. БағытыШолаққорған екенін, жаяу келіп, жаяу қайтқанын жақсы біледі.  Ауылдан ұзап шыққаннан кейін қараса, көзұшында біреу  жаяу желе-жортып баражатыр. Атқа қамшыны басып, жетіп алмақ болып қанша шапқанмен,  бәйге ат емес, қойға мініп жүрген қоңторғайаты  тез барлығып,  жаяу молда сол күйі жеткізбей кетеді. Мұндайоқиғалар  жетіп-артылады.

Жас күнімде талай естіген осы Торғай әулие туралы ел аузынан дерек жинастырғанымда,  ауылдас інім, «Шалқар» радиосының белгіліжурналисі, күйші Сәрсенғали Жүзбаев та кішкентай кезінде Торғай молданыкөргенін айтты.  «Дәукен (ағасы)екеуміз  сәкіде ұйықтап жатқанбыз. Торғаймолда келді дегенге оянып кеттік. Таң енді атып келе жатқан шақ. Шөкімдей ғанашал. Киімі алба-жұлба. Құйрық басып бес-он минут отырды да, шешемнің берген бірдемесін алды да, ғайып болды. Ғайыпболды дегенім, артынша ғана шықтық, жоқ» дейді. Міне, бұл да  жаңа ғана болған жанның  қайда кеткені белгісіз жұмбағы.

Созақ пен Сарысу қатар жатқан ел. Әулие  Шолаққорғаннан Жаңатасқа қарай  Қызылкөлді жағалап  жаяу барады екен. Сарысу ауданын көп аралағанкісі. Белгілі күйші Саян Ақмолданың анасынан естуінше, Думан деген ағасыныңтұсауын Торғай молда кесіпті. Көз байлайтын қасиеті де болыпты. Дүкенге жайқағазбен сауда жасап, мата-сата алғанын көрген екен Саянның анасы. Ал өзімтуған Қарабұлақтағы  Салиха апамнан  өз құлағыммен естігенім «ой, Торғай молда ма,намазды құбылаға теріс қарап оқитын» деп, саңқ етіп күлгені. Соған қарағанда  намазға да оншалықты құнтақты болмаған-ау депбір түйіп қойғаным бар. Бақсы дейін десең, жын шақырып, шоқ шайнап,  түрлі өнер көрсетпеген. Құмалақ салмаған, балашпаған.  Ол кісінің кейбір ерсі қылықтаржасайтыны, қалжыңдап  жалған  айтатыны өзгеге зияны жоқ, қайта өзгенің күнәсінөзіне алатын, орыстар айтатын  «святаяложь» болса керек.  Әулиелердің біреуінасыбай атқанымен, біреуі боғауыз айтқанымен, жер басып жүреді екен, әйтпесемашайық болып ұшып кететін кісілер екен. Осындай қасиет Торғай молдада даболған деп білемін.

Тағы бір созақтық жерлесім, Нұр-Сұлтан қаласындағы қуыршақтеатрының актері, ұстаз Досымхан Бейсенбаев: «Торғай молда менің шешеммен бөле болып келеді. Шешем айтады:  «Көрші ауылға шықтық, мен түйеге міндім, олкісі жетектеп келеді, ауылдан шыққан соң «шамалы кідіре тұрайық, айналайын»деп, калошын шешті де, мәсісінің астына бәкісімен бір нәрсе жасады. Соданкалошын қолтығына қыстырып, түйені жетектей жөнелгенде атамың табаны  жерден шамалы көтеріліп ауада қалықтап кележатқанын, түйенің де жылдамдық қосып келе жатқанын көрдім. Не керек, атамжылдамдығын бірте-бірте арттырып, түйе борша-борша терге түсті. Ауылғажақындағанда  атам табанын қайта сипап,калошын киіп алды».  Керемет дерек емеспе?  Кейбір әулиелердің жалаңаяқтабанымен ыстық шоқ басса да күймейтіні, қақаған қыста жалаңаяқ жүретінініңсыры  физикалық терінің астындағы көзгекөрінбейтін эфирлік дененің мүмкіндігін іске қоса алатындығынан деседі. Торғайәулиеден осы қасиетті аңғарамыз. 

ТУҒАН НЕМЕРЕСІМЕНТІЛДЕСКЕНДЕ

Торғай әулиенің  өзкіндігінен  тараған ұрпақтары Түркістаноблысы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында тұрады. Туған-өлгенжылдарына келсек, 1907 жылы Шолаққорғанда дүниеге келген. Соғысқа қатысқанмайдангер, екінші топ мүгедегі.  Бір аяқ,бір қолы сал болып қалып, 1982 жылы  75жасында Шолаққорғанда өмірден өткен. Бейіті Шолаққорғанның жанындағы Жеткеншекауылында.  Руы Кіші жүз ішіндегі жабал-тама,оның ішінде зортұмағы. Кеңес деген жалғыз ұлы өзінен сәл бұрын қайтыс болған,тағы  бір қызы болған.  Кеңестен жеті немересі бар. Шолаққорғандағы Жуас деген немересінің қолындаәулиенің  адам бойымен пара-пар асатаяғымен шошақ сәлдесі әлі күнге сақтаулы.

Торғай молданың ең үлкен немересі Ілесбек Оспанов бүгіндеСарыағаш қаласына көшіп кетіпті. Телефон арқылы тілдесіп, атасы  жайында көрген-білгенін сұрадым. «Торғай атам бірдеқайда кеткені, өлі-тірісі белгісіз, жеті ай бойы жоқ болып кетті. Ол кездехабарласа қоятындай ұялы телефон жоқ, сарғая күтумен болдық. Жеті айдан кейінүйге оралды. Сөйтсек, Сарыарқада жатқан әкесі Оспан тәуіптің бейітіне, ең кемі500 шақырымдағы жерге  жаяубарып-қайтыпты.  Өзім де кезінде жүргізушіболып, Бетпақдаланы машинамен талай шарлағанмын. Бірде түн ішінде  колонна болып келе жаттық. Мен алда кележатқанмын. Бір кезде қарасам, басқа жолға түсіп кетіппін, оны мен сезбеппін де,дәл қарсы алдымда балшықтан соғылған үлкен мазар тұр. Сөйтсем, адасып кетіп, турабабам Оспан тәуіптің бейітінің үстінен түсіппін. Бұрын өмірі көрмеген, баспағанжерім. Жолдан қиыс жатыр. Қандай күш осылай қарай тартып әкелгеніне әлі күнгетаңғаламын. Артымдағы колонна күн шыққаннан кейін  бір-ақ қуып жетті. «Қайда жоғалып кеттің?»деп олар да аң-таң. Тылсым дүниемен осылай ойда-жоқта бетпе-бет ұшырастым.  

Қазір «хижама» деп аталып жүрген  бастан қан алуды Торғай атам жақсы білетін, қандауырыментырс еткізіп, ауру бастан қара қан ағызғанын талай рет көрдім. Алыстан сапарлапкелгенде «қане, қайсың мәсімді шешесіңдер» дейтін. Баламыз ғой, мәсісінтартқылап  шешуге таласамыз. Мәсісінсілкіп қалғанда ішінен сарықұлақ ақшалар сауылдап түседі. Бәрімізге бөліпберетін. Атам жұпыны, қарапайым, елеусіз жүретін адам еді. Ешкімге ұрыспайтын,қатты сөйлемейтін. Балаларға үйірсек еді. Қалтасынан кәмпит, тиын алып,кішкентайларға таратып жүретін. Атамның ат болсын, машина болсын, көліккемінгенін ешкім көрмеген,  тек қана жаяужүретін, жүргенде де өте қатты жүретін, бала болсақ та, біз жүгіріп  ілесе алмай қалатынбыз. Ал ұшқанын көрмеппін,ондай  рұқсат етілмеген қасиетін көрсеткісікелмеген шығар, ал ауылдастардың аузынан ол кісінің кереметтері жайындатаңғажайып әңгімелерді естіп өстік», – дейді немересі Ілесбек.  

Міне, жаратылысы ешкімге ұқсамайтын  айтулы жан, теріскейден шыққан Торғай әулие,Созақтың соңғы дәруіші жайлы  біз білетіншындық  осындай.

Төреғали ТӘШЕНОВ,

ақын, журналист

Тегтер: