Теріскейге көшкісі келетіндер көбейген
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 2015 жылдан бері Түркістан облысынан жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Нәтижесінде облыстан 2015-2022 жылдар аралығында 11 892 адам қоныс аударған. Былтыр осы мақсатта республика бойынша 6 587 квота белгіленсе, оның 32,3 пайызы Түркістан облысынан қоныс аударушыларға берілген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есеге көп.
Жуырда облыста солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға арналған жәрмеңке өтті. Мақтаарал ауданында басталған жәрмеңке Сайрам ауданында жалғасып, Түркістан қаласында қорытындыланды.
Жәрмеңке барысында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарынан келген 76 маман оңтүстік өңіріне қарасты – Сарыағаш, Келес, Сайрам, Ордабасы аудандарын аралады. Аталған жәрмеңкеде төрт өңір бойынша барлығы – 3934 бос орын ұсынылды.
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың айтуынша, үш күннің ішінде 500 отбасы, мүшелерін қоса есептегенде 2000-ға жуық түркістандық теріскейге көшуге ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ биыл республика бойынша 6727 квота бөлініп отыр. Бөлінген квота негізінде биыл жыл басынан бері Түркістан облысынан 34 отбасы, 79 адам қоныс аударды.
«Жалпы өңіраралық қоныс бағдарламасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысына 4000-ға жуық азамат қоныс аударды. Оның ішінде Түркістан облысынан 223 адам көшкен. Олардың әлеуметтік тұрмыс жағдайына біздің тараптан барынша қолдау жасалады. Мәселен, тұрғын үймен, жермен, балабақша, мектеп, мемлекет тарапынан берілетін қаржымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар біз биыл бірінші рет Түркістан облысына келіп, үлкен жәрмеңкеге қатысып отырмыз. «Қоныс аудару» жәрмеңкесі аясында біздің өңірімізге көшіп келуге қызығушылық танытқандардың қатары едәуір өсті. Келем деушілерге біз қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді осы шараның қорытындысы бойынша өткен брифингте Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілі Альбина Уақбаева.
Ал Павлодар қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Меруерт Есембаеваның айтуынша, Павлодар облысы оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасына 2017 жылдан бері қатысып келеді. Соның нәтижесінде осы уақытқа дейін өңірге 15 мыңнан аса адам көшіп келген. Былтыр 2500-ден аса адам қоныс аударса, биыл 2800 адам келеді деген жоспар бар.
Солтүстік өңірлерге қоныс аударғандарға өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуымен қатар, мал, егін шаруашылығымен айналысуға арнайы жер беріліп, өз істерін ашуға қолдау көрсетіледі.
Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдаулар қарастырылған. Мәселен, отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш, яғни 241 500 теңге мөлшерінде материалдық көмек беріледі. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөнінен арнайы жәрдемдер қарастырылған.