Терроризм мен есірткі қылмысы азаймай тұр

Елімізде терроризм мен есірткіге қатысты қылмыстар азаймай тұр. Құзырлы органдар жыл сайын қылмыспен күрес нәтижесін жариялап жатса да бұл қауіпті құбылыстардың тамыры тереңдеп бара жатқаны байқалады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары бұл екі бағытта да жағдай мәз емес.
Мысалы, биыл алғашқы 5 айда елімізде терроризмге байланысты 69 қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен (74 іс) салыстырғанда аздап төмендегенімен, жағдайдың түбегейлі өзгергенін білдірмейді. Терроризм қылмысы Қылмыстық кодекстің қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қарсы баптарына жатады және өте ауыр саналады. Оның ішінде тек насихат жүргізудің өзі бірнеше жылға бас бостандығынан айыруға себеп бола алады.
2025 жылғы мамырда Шымкент қаласының тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін сотталып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ол адамдарды өлтіруге шақырып, діни экстремизмді ақтаған. Ал маусым айында Атырау және Ақтөбе облыстарының соттары да діндарлар арасында терроризмді насихаттаған тағы екі азаматты тиісінше 7 және 6 жылға соттады. Тергеу барысында бұл адамдардың террористік белсенді аймақтарға шығуға әрекеттенгені және бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл басынан бері тергеген істер аясында 52 адамды, оның ішінде 2 шетелдік азаматты террористік және экстремистік қылмыстар үшін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырған. Қазір тағы 52 адамға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Ал есірткіге қатысты ахуал бұдан да күрделі. 2025 жылдың алғашқы 5 айында есірткіге байланысты 4 171 қылмыстық іс тіркелген. Былтыр дәл осы уақыттағы көрсеткіш 4 141 іс болатын. Демек, есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар саны кемімей, керісінше, сәл де болса өскен. Мұндай істерге есірткі өндіру, сақтау, тарату, насихаттау және жарнамалау әрекеттері кіреді.
Жалпы, есірткі тақырыбы бойынша әлгіндей қорытынды мәлімет жуық арада ҰКК тарапынан жарияланбаған. Тек бірлі-жарым жеке оқиға туралы ғана айтылады. Мәселен, есірткіге қарсы күрес аясында ҰҚК маусымда Тараз қаласында прокуратура органдарының үйлестіруімен ірі операция өткізді. Оның барысында синтетикалық есірткі өндірісінің жасырын зертханасы анықталып, жойылды. Тінту кезінде 66 килограмнан астам мефедрон және 2 тоннадан аса прекурсор тәркіленіп, зертханалық жабдықтар алынған. Осы іске қатысы бар деген күдікпен Қазақстан азаматы қамауға алынды.