Терроризмге қарсы орталық қандай жұмыс атқарып жатыр?

Қазір тұтас әлем терроризм және діни экстремизм қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Тіпті ұзақ уақыттан бері осы «дерттен» құтыла алмай келеді.
Терроризм және экстремизм халықаралық деңгейдегі үлкен проблемаға айналды.
Биыл 22 наурыз күні Мәскеу маңында аса үлкен теракт болды. Белгісіз 4 адам концерт болып жатқан «Крокус Сити Холл» сарайына басып кіріп, автоматтан тұрғындарға оқ жаудырған. Салдарынан жүзден аса адам көз жұмып, көптеген тұрғын жарақат алды. Кейін қару асынған төртеудің Тәжікстан азаматтары екені белгілі болды.
Бұл оқиға Қазақстан жұртын қатты алаңдатып отыр. Өйткені теракт болған ел де, теракт жасаған азаматтар да бізге алыс емес, екеуі де Қазақстанның жақын көршілері. Бұл Қазақстан қарулы күштерін сақтыққа шақырып, азаматтарын алаңдатқан жағдай болды.
Көпшілік «Қазақстан терроризммен күреске дайын ба» деген сұрақты жиі қоя бастады. Өйткені 2011 және 2016 жылы елімізде бірнеше террористік актілер болғаны есімізде. Демек, теракт Ресейде болды деп арқаны кеңге салуға себеп жоқ. Сақтық шарасын бір сәт те босаңсытуға болмайды.
Ашық дереккөздегі статистикаға сүйенсек, 2023 жылы елімізде сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде экстремизм мен терроризмге қатысты 208 қылмыс тіркеліпті. Осы айып бойынша 122 адамның ісі сотқа жолданған. Олардың үштен бірі лаңкестікті ашық насихаттағаны үшін ұсталыпты. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 6 пайыз жоғары. Құқық қорғаушылар бір жылда 153 экстремистік материал тәркілегенін хабарлады.
Бұл дерек елімізде жағдай аса мәз емес екенін көрсетеді. Сақтық жасау қашан да артық болмайтынын ескере отырып, терроризм мен экстремизмнің алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүріп жатқанын сұрап, Қазақстан республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бірнеше сауал жолдадық. Онда Ресей еліндегі терактіні мысалға алып, біздің елдің терроризмге қарсы қауіпсіздік деңгейі қандай деген сұрақ туғанын айттық.
Бірінші сұрақ: Қазақстан терроризмнің алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарып жатыр?
Жауап:Қабылданған шаралар барысында екі лаңкестік шабуылдың алды алынды. Осы кезеңде террорлық және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін Қазақстан республикасында 43 адам бас бостандығынан айырылды.
Халықтың терроризм идеологиясына қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында қырық мыңға жуық ақпараттық түсіндіру іс-шаралары өткізіліп, қазақстандықтарды радикалды идеологияны насихаттау белгілері бар интернет қауымдастықтарға қатысуды алшақтатуға бағытталған 14 мың атаулы кездесу ұйымдастырылған.
Уәкілетті органдардың іс-қимылдарының үйлесімділігін олардың кәсібилігі мен өзара іс-қимыл деңгейін арттыру шеңберінде 600-ден астам көп деңгейлі терроризмге қарсы оқу-жаттығулар мен эксперименттер ұйымдастырылды. Сондай-ақ терроризм актілерінің салдарын жою және азайту жөнінде шаралар пысықталды.
Екінші сұрақ: Адам көп жиналатын іс-шаралар (спорттық жарыс, концерт) өткен кезде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар жасалады?
Жауап: Адамдар көп жиналатын орындарды терроризмге қарсы қорғау, Қазақстан Республикасы үкіметінің 6 мамыр 2021 жылғы 305 қаулысымен бекітілген террористік тұрғыдан осал нысандарды терроризмге қарсы қорғауға қойылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырылатынын жеткіземіз.
Үшінші сұрақ: Елде теракті болған жағдайда азаматтар қалай қорғанғаны жөн?
Жауап: Ықтимал террорлық қатерлер кезінде азаматтардың іс-әрекеттері туралы жадынамалармен (кепілге алу кезіндегі әрекет, эвакуация кезінде ақпарат алу, жарылыс қаупі бар затқа ұқсас затты табу және тағы басқалар) Қазақстан Республикасы терроризмге қарсы орталығының интернет ресурсында танысуға болатынын атап өтеміз.
Әрине, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл жауабында барлық сұрақтың жауабын ашып, бар мәселенің түйінін тарқатты дей алмаймыз. Бірақ ең бастысы, терроризм және діни экстремизм қаупінің алдын алу бағытында жұмыс істеліп жатқаны белгілі болды. Күштік құрылым өкілдері осы бетінен таймай, ел амандығы үшін қызмет етеді деген сенім бар.
Мысалы, биыл 12 маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың басшылығымен Қазақстан республикасы терроризмге қарсы орталығының кезекті отырысы өткен. Жиналыста шетелдік радикалдардың елге кіру қаупін жою, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ осал объектілерді терроризмге қарсы қорғау мәселелері талқыланды.
Кездесуде мәдениет және ақпарат, туризм және спорт, оқу-ағарту министрліктерінің және бірқатар өңірдің басшылары экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру барысы туралы баяндама жасады. Отырыста елдегі маңызды қоғамдық-саяси іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың өзара селбесе әрекет етуі қажет екені талқыланды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегіне сенсек, жауапты қызметкерлер биылғы жылдың басынан бері Қазақстанда бір террорлық шабуылдың алдын алған. 26 адам террористік және экстремистік қызметі үшін сотталған. Сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қатысы бар 151 шетелдік азаматтың елге кіруіне тосқауыл қойылды.
Елге тыйым салынған діни әдебиеттерді әкелгені үшін 19 шетелдік азамат жауапқа тартылған. Бұдан бөлек, 356 терроризмге қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті. ҚР ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, террористік тұрғыда осал объектілерде, оның ішінде адамдар көп жиналатын орындарда үш мыңнан аса тексеру жұмыстарын жүргізді. Жиналыс қорытындысында терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың жалпы мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар шешім қабылданды.
Сөз соңында айтарымыз, Қазақстан билігі терроризм қаупімен шындап күрескені жөн. Өйткені қазір тұтас әлемді терроризм елесі кезіп жүр. Оны тіпті адамзат баласына төнген қауіп деуге негіз бар. Дамыған елдердің өзі бұл қатерге тіксіне қарап отыр. Демек, Қазақстан қарулы күштері бұл мәселеде аса сақ болғаны керек.
Тағы бір ескеретін жайт – терроризмді қарулы күшпен ғана жеңу қиын, өйткені ол идеологиядан бастау алады. Демек, зайырлы мемлекет тұрғындары жат идеяның жетегінде кетпеуі үшін жұмыс жасалуы қажет. Ол үшін азаматтарымызға бала жастан патриоттық тәрбие беріп, ғылым-білім жолына салғанымыз жөн.
Еламан Өмірхан