Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Tesla Phone: Ғарыштық болашақ пен «кибер-адам»

Тесла
Фото: ЖИ

XXI ғасырдың басынан бастап қоғам технологиялық серпілістер дәуіріне аяқ басты. Әлеуметтік желілер, смартфондар, ғаламтор күллі адамзат тарихына күтпеген бұрылыстар жасап, үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін тың жаңалықтарды ала келді. «Айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған» ғаламтор бүгінде өмірімізге денден кіріп, әбден орнығып алғалы қашан.

 Бұған себеп те жоқ емес. Қолымыздағы алақандай смартфонға қазір күллі әлем сыйып тұр, керек десең, білімің мен жұмысың, қаржың мен қалтаң да осы. Телефон мен ғаламтордың маңызын түсініп, құрылымын игергендер жыл сайын жаңа функция мен қызметтер қосуда. Жыл сайын смартфонның жаңа түсі, түрі мен моделі сатылымға шығады. Бірі ескісін жаңартпаққа жүгірсе, енді бірі маркетингтің құрбаны боп жаңа модел шыққан бойда ізін суытпай сатып алып жатады. Инновация мен капиталдың қақтығысы бұрын-сонды болмаған жылдамдыққа жетіп, жаһандық компаниялар бір-бірінен асып түсуге ұмтылған заманда жаңа идеяның құны мемлекеттердің де, адамдардың да болашағын айқындайтын қуаты күшті қаруға айналмақ.

Атақты Илон Маск тізгіндеген Tesla компаниясы – болашақта телефон шығармақ деген әңгіме соңғы жылдары технология әлемінде кең талқыланып, жиі сөз боп жүрген тақырыптардың бірі. Баспасөз беттері мен әлеуметтік желіде Tesla Model Pi немесе Tesla Phone туралы гу-гу әңгіме мен сан түрлі қауесет желдей есіп жүргелі қашан. Осыдан кейін IT, жасанды интеллект мамандары Илон Маск ойластырған смартфон туралы түрлі болжамдар жасап, дизайнерлер мен суретшілер бейнежобалар мен концепт-дизайндар жасап әлек. Дегенмен мәселенің шынайы анық-қанығына жету тіпті қиынға соқты. Себебі осы кезге дейін не Tesla компаниясы, не Илон Масктың өзі телефон өндірісіне қатысты ресми мәлімдеме жасаған емес. Илон Маск сұхбаттарында да телефон шығару жоспары әзірге күн тәртібінде жоқ екенін, тек қажеттілік туып жатса ғана қолға алатынын айтып қалған еді. Оның сөзіне сенсек, Apple немесе Google компаниялары Tesla мен Starlink қызметтерін бұғаттап, не қызметінен бас тартқан жағдайда ғана мұндай жоба қолға алынуы әбден мүмкін екен-мыс. Сондықтан осы кезге дейін Tesla Phone туралы ақпараттардың басым көпшілігі тек интернет кеңістігінде тараған қауесет пен адамның қиялының жемісі ғана боп келді. Деңгейі өсек-аяңмен шектелгендей әсер қалдырды. Күні кеше, қыркүйек айының алғашқы апталарында Айфонның жаңа 17-моделі жарыққа шығып, жұрт бір шуласып алды. Ал соның ертесінде-ақ Илон Масктың Pi Phone атты смартфонды ұстап тұрған суреттері «Apple компаниясының аяғы аспаннан келді» деген жазбамен қоса лезде тарап кетті. Tesla сияқты алпауыт компанияның әр қадамы адамзат ғұмырындағы технологиялық жүйеге жаңа бағыт беріп, нарықтағы тепе-теңдікті өзгерте алатыны рас. Сондықтан күллі адамзаттың бұл жаңалыққа ерекше елең ете қалғаны рас. Бірнеше камерасы бар, тұрпаты Apple өнімдерінен айнымайтын, бағасы 789 АҚШ долларына татитын Tesla Pi Phone сатылымға шықпай жатып-ақ дүниені дүр сілкіндірді. Себебі дәл осы Илон Масктың смартфонды ұстаған суреттері жай жарнама емес, бейне енді смартфон, ғаламтор мен гаджет нарығы да өз қолымда дегендей Масктың миығынан күліп тұрғанын көресің.

Ғарышпен тікелей байланыс

Хош. Сонда бұл күллі әлемді аузына қаратқан Илон қарапайым смартфон арқылы қандай жаңалық алып келді дерсіз. Ең қызығы да осында. Ендігі смартфонды сатып алғандар, пайдаланатындар мен қолы жеткендер STARLINK картаны, немесе SIM карта әлде Wi-Fi желісін қолданбай-ақ әлемнің кез келген жерінде интернетке кіруге, қоңырау шалуға мүмкіндік алады. Мүмкіндік дегеніміз де жаңсақ сөз болар, тәйірі мұныңыз ең үлкен артықшылық емес пе?! Ай сайын интернет төлемақысы алынбайды. Роуминг үшін де артық ақы төлемейсің. Егер Tesla расында телефон өндірісіне кірісіп, нарықты жауласа, ендігі оның басты ерекшелігі ретінде экожүйелік тұтастықты баса айтар едік. Бүгінге дейін нарыққа шыққан Tesla өнімдері, мейлі ол электромобильдер, қуат жинау жүйелері, жасанды интеллектке негізделген автопилот болсын, сондай-ақ Starlink спутниктік интернеті осының барлығы біртұтас философияға құрылғанын айтып жүрміз. Демек телефон дәл осы экожүйенің логикалық жалғасы іспетті болмақ. Мұндай құрылғы Tesla көліктерімен, энергетикалық жүйелерімен, үйдегі «ақылды» құрылғылармен тікелей байланыс орната алады әрі бір құрылғы арқылы үйіңді де, жайыңды да, көлігіңді де оңай бақылап, басқара аласың деген сөз. Tesla Phone ғаламдық Starlink спутниктік жүйесіне қосылып, кез келген жерде интернетке шығуға мүмкіндік береді. Apple не Samsung компанияларының мұндай концепциясы ұсынбағанын ескерсек, жаңалықты ести сала адамдардың дүрбелеңге түсуі заңды ма деп қаласың. Осы орайда IT-маманы Рустай Алтайұлы Tesla мұндай құрылғы шығару үшін қазіргі кейбір технологиялық шектеулерді еңсеруі қажет екенін айтады.

«Техникалық тұрғыдан алғанда, спутниктік байланыс пен қуатты антенналарды шағын смартфон корпусына енгізу, қуатты үнемдеу және тұрақты сигналды қамтамасыз ету сияқты мәселелер өте күрделі. Жалпы Илон Маск басқаратын компанияның кез келген шешімі, осыған дейін жасаған әр қадамы мен жобасы бұрынғы стандарттарды бұзуымен ерекшеленіп жүр. Осыған дейін шығарған тоқпен жүретін машина, яғни электромобилі арқылы мұнайға қажеттілікті азайтса, тағы бірде өзі спутник жіберіп, ғарыш саласында жеке корпорациялардың үстемдігін орнатты. Міне, Масктың ендігі бағыты адамның күнделікті өміріне денден кіріп, әбден ажырамастай боп орнығып алған смартфон индустриясына бас сұғу болып отыр. Tesla телефон шығару арқылы тек Apple немесе Samsung-пен жарыспақ деген пікірге тіпті де келісе алмас едім. Дәл осы смартфон арқылы меніңше Илон Маск технологиялық үстемдік ұғымын түбегейлі қайта анықтағысы келеді. Өйткені бүгінгі смартфон адам өмірінің айнасы, ойлау жүйесін, тіпті әлеуметтік мінезін қалыптастыратын фактор екенін олар жақсы түсініп отыр. Сол себепті де Масктың бұл нарыққа келуі де бекер емес. Қоғамға өз заңын жүргізіп отырған компаниялардың құндылығын қирату, технологиялық монополияны бұзуға бағытталған символдық әрекет ретінде қарастырған жөн шығар.

Tesla-ның болашақ телефоны туралы қауесеттерде оның Starlink жүйесімен тікелей байланыс орнатып, ғаламдық интернетті жер шарының кез келген нүктесіне жеткізетіні, сонымен қатар күн энергиясымен өздігінен қуат алатыны айтылады. Бұл, әрине, экологиялық әрі инженерлік тұрғыдан қарасақ ірі қадам. Қазіргі смартфондар желіге, интернетке, роумингке тәуелді болса, Tesla телефоны интернетті аспаннан алады деген сөз. Егер шынымен Tesla смартфон жасап шығарған жағдайда, кәдуілгі күнделікті қолданыстағы ұялы байланыс операторларының дәуірі аяқталуы әбден мүмкін. Бірақ дәл осы жерде тағы бір проблематика туындайды. Бүгін Apple мен Google біздің деректерімізді бақылайтын болса, ертең сол функция Илон Масктың корпорациясының қолына өтеді. Иә, Tesla телефоны адамды желіден, ұялы байланыс операторларының қызметінен босатады, бірақ осындай бостандықтың артында басқа бірдеңеге тәуелділік пайда болады емес пе? Масктың Starlink-і бүгінде мыңдаған спутник арқылы жер шарын торлап тұр. Егер бұл спутниктермен тікелей байланыс жасайтын смартфон пайда болса, онда ол жердегі әр адамның қозғалысын, байланысын, мінез-құлқын бақылауға қабілетті жүйеге айналады. Технологиялық еркіндік пен адамды қадағалау бір шынжырдың екі ұшы екені осындайда айқын сезіледі. Былайша айтқанда, Оруэллдің «1984» шығармасындағы жағдай қайталануы мүмкін», – дейді маман.

Болу ма әлде бордай тозу ма?

Бүгінгідей жаһанданған заманда смартфон мен гаджеттердің өндірісі күрделі нарық екеніне дау жоқ. Бұл салаға әбден орнығып алған Apple, Samsung, Huawei сияқты алыптар смартфон нарығында ондаған жылдар бойы өзіндік технологиялық және бағдарламалық экожүйесін қалыптастырып үлгерді. Tesla солармен тең дәрежеде бәсекеге түсу үшін ерекше идея ұсынуы қажет болды. Егер Tesla Phone шын мәнінде жарық көрген жағдайда ол өз философиясын «технология – адамның еркіндігін кеңейтетін қуатты күш» деген қағидаға негіздеуі мүмкін. Күн сәулесімен қуат алу функциясы экологиялық жауапкершілікті, спутникпен жалғаған интернет байланыс еркіндігін, ал Tesla туындыларын бір құралмен басқару технологияның өмірлік біртұтастығын көрсетеді. Бұл тұрғыдан қарағанда, Tesla телефоны тұтас цифрлық мәдениетті қайта қарауға, қайтадан пайымдауға итермелейтін ауқымды концепт болмақ. Бұған қоса кейбір техноблогтар оны Neuralink жүйесімен, яғни адам миының сигналдарын қабылдай алатын технологиямен байланыстырады. Бірақ мұндай сипаттар әзірге ғылыми фантастика деңгейінде ғана қалып тұр. Егер Маск расында осындай құрылғыны жарыққа шығарған жағдайда ол тек нарықтағы бәсекелес емес, технология мен философияны тоғыстырған жаңа мәдени феноменге айналары сөзсіз. Себебі смартфон адам мен технология арасындағы шекараны түбегейлі бұзбақ. Қазірдің өзінде Google, Apple, Meta секілді корпорациялар адамзат санасын деректер мен алгоритмдер арқылы басқарып отыр. Интернеттен іздеген әр сұранысымыз, әр басқан батырмамыз – жүйеде сақталып қалатын біз туралы бір дереккөз. Осы деректер арқылы миллиардтаған адамның мінез-құлқын модельдеп, қалай шешім қабылдайтынын білуге, тіпті сол қабылдаған шешіміне әсер етуге болады. Ал Tesla телефоны енді деректерді тек экраннан емес, аспандағы спутниктен, көліктен, үйден, ми сигналынан жаттап алады. Бұл дегеніңіз – технологияның адамды түгелдей, түп-тамырымен толық қамтитын кезеңі. Егер біз осыған дейін интернеттің ішінде өмір сүрсек, енді интернет пен технология «адамның ішінде» өмір сүре бастайды. Егер Neuralink жүйесі арқылы телефон миға тікелей қосылса, күллі ақпарат адамның ішкі дүниесіне еніп, тұлғаны алгоритмге айналдырып жібереді. Масктың ұсынған болашағында адам – технологиямен бірігіп кеткен тіршілік иесі. Шетелдік басылымдарға сүйенсек, мұндай синтездің нәтижесінде адамның «кибер-адам» деген жаңа антропологиялық формасы пайда болуы әбден ықтимал. Бірақ бұл құбылыс адамзаттың (Гамлетше айтсақ) болуы ма әлде бордай тозуы ма? Міне, Tesla телефоны төңірегіндегі ең күрделі әрі терең сұрақтардың бірі – осы. Ал IT-маманы бұл құбылыстың жақсылығы мен жамандығын қатар атап өтті.

«Адам мен технология арасындағы шекара барған сайын жойылып, «ақылды құрылғы» енді адамның бір мүшесіне айналып отыр. Бұл бағытта тағы бір даулы мәселе – Neuralink жүйесімен байланыс. Егер телефон адам миымен тікелей әрекеттесетін жүйеге айналса, онда сананың өзі цифрлық кеңістікке енеді. Адамның ойы, арманы, сезімі енді нейрондық сигнал түрінде өңделіп, құрылғы арқылы сыртқа шығуы мүмкін. Бір жағынан бұл керемет мүмкіндік дер едім, адамдар енді сөйлемей-ақ ой арқылы ақпарат алмасады. Бұрын болашақ немесе ақырзаман туралы фильмдерде кездесетін жүйелер біздің заманымызда да туып жатыр. Біз оңай ақпарат алып, тіл үйреніп, есеп шығарамыз. Тіпті адамзат бірнеше мыңжылдықтар бойы қалыптастырған әлеуметтік институттар құлдырауы мүмкін. Миында интернеті бар адамға мектептің әлде университеттің білімі керек болмай қалуы да мүмкін. Адамдар енді шығармашылыққа, жан дүниеге, жасампаздыққа қарай бет бұрады. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар, бұл бір жағынан адам еркіндігін шектейтін қауіпті процесс. Миға енетін технология адамның ішкі әлемін билік құралына айналдырып жібере алады. Tesla телефоны осы тұрғыда ең үлкен адамзаттық сұрақтарды көтеріп тұрған сияқты. Масктың өзі сұхбаттарында «адам мен жасанды интеллект арасында тепе-теңдік орнату қажет» дейді. Бірақ ол тепе-теңдіктің қайда, қашан, кімнің мүддесінде орнайтыны, міне, бұл – жауабы жоқ сұрақ. Технологиялық үстемдік құруы әрқашан этикалық жауапкершілікті талап етеді. Ал бүгінгідей капиталистік қоғамда бұл жауапкершілік оп-оңай ұмытылып кетеді. Бұл жерде мәселе технологияда да емес, оның адам болмысына әсерінде жатыр. Технология дегеніміз жай ғана құрал, басшысы – адам, бірақ адам сол құралдың бөлшегіне айналып кетпес үшін бәрібір рухани иммунитеті болуы тиіс. Өйткені бүгінгі адам смартфонсыз өмір сүре алмайтын күйге жетті. Ал егер сол смартфон санамызды, сезімімізді, әлеуметтік мінезімізді толық бақылауға алса не болады? Бұл құрылғы шын мәнінде адамды технологиялық шектеуден босата ма, әлде жаңа формадағы тәуелділікке душар ете ме, бұл енді уақыттың еншісіндегі шаруа», – Рустай Алтайұлы.

Күннен қуат алатын смартфон

Бұдан бөлек, Tesla телефоны экологиялық тұрғыдан да жаңа парадигма ұсынбақ. Шетелдік басылымдарда жарық көрген алғашқы болжамдарға сүйенсек, компания бұл құрылғыны күн энергиясымен қуатталатын алғашқы смартфон ретінде ұсынатын көрінеді. Тарқатып айтсақ, күн энергиясымен қуатталатын құрылғы адамның табиғатқа тәуелділігін азайтып, көмірсутек ресурстарынан бас тартуға жетелейді дейді-мыс. Иә, бәлкім, электр энергиясын өндіру барысында көмір мен мұнай сияқты ресурстардың азаюына, парниктік газдардың таралуының төмендеуіне ықпал етуі әбден мүмкін. Демек Tesla телефонын энергия үнемдеу мен экологиялық сана тұрғысынан жаңа дәуірдің өнімі ретінде қарастыруға болатын шығар. Алайда осының бәрі теория жүзінде мінсіз болғанымен, тәжірибе тұрғысынан бұл идеяның өміршеңдігі мен шынайылығы күмән тудыратыны тағы бар. Күннен қуат алатын құрылғы шынайы өмірде үнемі күн астында тұрмайтыны рас қой, сондықтан IT-маманы бұл идея тек теориялық тұрғыдан ғана тиімді екенін алға тартады.

«Мұндай идеялардың артында шындықтан гөрі технологиялық романтизм басым дер едім. Масктың философиясында есептен гөрі адамзаттың ғарыштық болашағына сенім күшті. Tesla телефоны да осы идеяның жалғасы іспетті дүние ғой. Күннің өзі үнемі жарқырап тұрмайды, сол себепті смартфонға да біркелкі түспейді. Шынын айту керек, қазір телефонымызды үнемі күн астында ұстап отырмаймыз, қалтада немесе сөмкемізде тұрады. Тіпті ең күн шуақты аймақтардың өзінде тәулік бойы бірқалыпты жарық алу мүмкін емес. Ал адам телефонды үйде, кеңседе, қоғамдық көлікте, тіпті түнде де қолданады. Бұл жағдайларда құрылғының күн панелінен қуат алу деген идеяның тиімділігі күрт төмендейді. Сондықтан бұл күннен қуат алу функциясы көмекші режим ретінде ғана қарастырылуы мүмкін. Солай болғаны да дұрыс. Смартфон өндірісінде литий, никель, кобальт сияқты сирек кездесетін элементтер пайдаланылады. Бұл минералдар экологиялық тұрғыдан ең даулы ресурстардың бірі, себебі олардың өндірісі мен өңдеу процесі табиғи ортаны улап, кейбір жерлердегі экологияның бұзылуына себеп болып отыр. Әсіресе Африка мен Латын Америкасының кедей аймақтарын алып қарайықшы. Кен орындарында экологиялық нормалардың сақталмауы, балалар еңбегінің пайдаланылуы жиі сынға ұшырайды. Егер Tesla экологиялық тұрғыда әрі таза әрі тиімді смартфон шығаруды мақсат етсе, онда ол тек энергия көзін өзгертіп қана қоймай, шикізат өндірісіндегі этикалық және экологиялық жауапкершілікті де өз мойнына алуы керек. Әйтпесе күн энергиясымен жұмыс істейтін телефонның мәні ұран деңгейінде қалып, шынайы экологиялық серпіліс жасалмауы мүмкін.

Масктың смартфоны туралы болжамды техникалық сипаттамалар да осыған дейін көптеп жарияланды, бірақ олардың көпшілігі әлі растала қоймады. Мысалы, кейбір концепт-сайттарда 6.7 дюймдік AMOLED дисплей, 120 Гц немесе 144 Гц жаңарту жиілігі, 12–16 ГБ жедел жады, 256 ГБ—1 ТБ ішкі сақтау орны, қуатты батарея (5000 м/а сағ) және супер жедел зарядтау жүйесі ұсынылады. Бірақ мұндай сипаттамаларды бүгінгі флагман деңгейіндегі құрылғыларда да қамтамасыз ету оңай емес, ал тым «жоғары көрсеткіштерді» сенімді түрде нарыққа шығару да қиын. Мұның шығынын ойлаудың өзі өте қорқынышты дүние. Түсімізге де кіріп шықпайтын миллиардтаған АҚШ долларын құрайды. Осы тұста нарықтың жайын ойланғаны да жөн болар. Қаржылай тұрғыдан да үлкен тәуекелге бел байлау керек», – дейді Рустам Алтайұлы.

Бұдан бөлек, Tesla телефоны, егер шын мәнінде жарық көріп, нарыққа шықса, бастапқыда өте қымбат, тек элитаға арналған құрылғы болатыны анық. Бұл жағдай жаңа технологиялық таптың қалыптасуына үлкен ықпал ететінін де атап өтпеске болмас. Бұрын әлеуметтік теңсіздік табыс пен білім деңгейімен өлшенсе, енді ол технологияға қол жеткізу деген жаңа «десін дертін» дүниеге әкелмек. Tesla телефоны бар адам ғаламдық желімен тікелей байланыса алады, ал жоқ адам оффлайн күйде қала бермек. Бәлкім, осыдан он жылдан кейін бірінші сыныпқа баратын балалар кімде Tesla, кімде Iphone екенін айтып мақтанып жүре ме екен, кім білсін. Байқасақ, шетелдік басылымдарда Масктың бұл концепциясын жақтағаннан гөрі даттаған тараптың басым екенін байқаймыз. Бұған себеп те жоқ емес. Компанияның бұған дейін автокөліктердегі бейнежазбалар мен деректердің таралуына байланысты сынға іліккенін ескерсек, қайтадан қоғамның, күллі адамзаттың сеніміне ие болу оңайға соқпайтыны анық.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: