Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:16, 16 Шілде 2024

Соғыс басталғалы 80 мың ресейлік Қазақстанға қоныс аударған - The Bell

Мобилизация кезінде Қазақстанмен шекарадағы кептеліс, 2022 ж., қыркүйек
Фото: AP

2022 жылдың басынан бері Ресейден кем дегенде 666 мың адам кетіп, әлі оралған жоқ, деп хабарлайды The Bell басылымы өз есептеулеріне сүйене отырып.

Басылымның жазуынша, Ресейден жаңа эмигранттар саны бойынша көш басында визасыз елдер тұр. Осылайша Арменияға 110 мыңға жуық, Қазақстанға 80 мың, Грузияға 74 мыңдай адам кеткен.

The Bell басылымының есебі бойынша 2022 жылдың басынан бері 80 мыңға жуық ресейлік Израильге көшкен. Сонымен қатар, «ұзақ мерзімді визаларды» пайдалана отырып, 48 мың ресейлік АҚШ-қа көшкен.

Ал, 30 мыңға жуық ресейлік Сербияға қоныс аударған. Бірақ Германия Еуропа елдері арасында ресейліктердің саны бойынша көшбасшы болды - онда 36 мың ресейлік азамат қоныстанған, ал Испанияға 16 мың ресейлік кетті, деп жазады басылым.

Журналистер Ресей азаматтары барған 70-ке жуық елдің көші-қоны туралы деректерді пайдаланды. Ресей 2022 жылдың 24 ақпанынан кейін елден кеткен азаматтардың саны туралы мәліметтерді жарияламады. Ресей билігі Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан кейін кеткендердің көбі кейін Ресейге оралды деп мәлімдейді.

Бұл жағдайда Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі - шекара бөлімінің деректері жиі келтіріледі. Онда тек шекарадан өту саны көрсетіледі. Ал, басылым тек шекарадан өту деректеріне сүйене отырып, басқа елдерге кеткен және қалған ел азаматтарының санын есептеу мүмкін емес екенін жазады.

Шекара қызметінің деректері Ресей шекарасын кесіп өту санын көрсетеді, олардың ішінде бір адам бірнеше рет өтуі мүмкін, дейді The Bell.