The Telegraph: Ресей Украинадағы соғысты Африка алтыны арқылы қаржыландырып отыр
The Telegraph басылымы жазғандай, Ресей компаниялары Африкадағы алтын кендерін белсенді түрде игере бастады. Бірқатар кендер тіпті Ресеймен байланысы бар жалдамалы жасақтардың бақылауына өткен.
Алтын – Ресейдің Украинаға қарсы соғысты қаржыландыруындағы басты көздердің бірі.
Басылым мәліметінше, соңғы жылдары Ресей Африка алтын саудасында айтарлықтай белсенділік танытып келеді. Алтын, криптовалюталармен бірге, Ресей экономикасын соғыс жағдайында ұстап тұрған негізгі қаржыландыру арналарының бірі болып отыр.
The Telegraph атап өткендей, Батыстың, әсіресе ірі ресейлік мұнай компанияларына салған санкциялары жағдайында алтын Ресей үшін аса маңызды ресурсқа айналды.
Басылым авторлары мұның себебін былай түсіндіреді:
«Алтынды тасымалдау оңай, қайта балқыту да қиын емес, шыққан жерін жасырған да жеңіл. Жақсы дамыған қара нарықтарда оны “тазалап”, ізін жасыру да оңай», – дейді тілшілер.
The Telegraph 2025 жылдың басында жарияланған Center for Advanced Defense Studies зерттеуіне де сілтеме жасайды. Ол зерттеуде Ресей Иранға әскери дрондар өндірісі инфрақұрылымын құруға көмектескені үшін төлемді алтын құймаларымен жасағаны айтылған.
Бұған қоса, басылым мәліметінше, Ресей Солтүстік Кореядан сатып алынған қару-жарақ үшін де алтынмен есеп айырысқан.
Нетяев сонымен бірге әлемдік алтын бағасының күрт өсуі Ресейді алтынды халықаралық есептеулерде де, өзге экономикалық операцияларда да көбірек пайдалануға итермелеуі мүмкін екенін жеткізді.
Алайда оның айтуынша, 2022 жылдан бері Африкадан Ресейге экспортталған алтын құны 2,5 млрд доллар шамасында, бұл ЕО-да мұздатылған ресейлік активтердің небәрі 1%-ына тең.
«Мұндай көлем соғысты толыққанды қаржыландыра алатын деңгей емес», - дейді сарапшы.
The Telegraph мәліметінше, Орталық Африка Республикасындағы бірнеше алтын кенін қазір Ресеймен байланысы бар, «Вагнер» тобының «мұрагерлері» атанған құрылымдар басқарады.
Басылым бұл топтар алтын сатудан түсетін кірісті бақылау үшін жергілікті тұрғындарға қарсы қылмыстарға барған болуы мүмкін деген айыптауларды да келтіреді.
Мысалы, екі ай бұрын ресейлік жасақтар Ndassima кенінің маңында 10 жергілікті алтын қазушыны өлтіргені туралы дерек бар.
Одан кейінгі екі аптада тағы 10 адамды ұстап, оларды бірнеше күн бойы күн қыздырған металл контейнерлерге қамап қойғаны хабарланды. Кем дегенде бір адамның сол жерде ажал құшқаны айтылады.
Ndassima кенінің жалпы алтын қоры 1 млрд доллар деп бағаланады. «Вагнер» бұл кенді 2021 жылы бақылауға алған.
Ресей компанияларының Африкадағы жаңа жобалары
Ресейдің Nordgold компаниясы биыл Буркина-Фасоның Курвеого провинциясында орналасқан Нию кен орнында алтын өндіру лицензиясын алды. Бұл осы елдегі ресейлік компания игеріп жатқан үшінші алтын кені.
–Малида биыл жазда әскери билік Қазан қаласындағы «ЯДРАН-ГРУПП» компаниясымен бірлесіп, 200 тонна қуатқа ие алтын тазарту зауытының құрылысына кірісті. Бұл зауыт аймақтық алтынды қайта өңдейтін орталыққа айналуы мүмкін.