The Times: Киев бірнеше айда атом бомба жасауы мүмкін
The Times газеті «Егер Дональд Трамп АҚШ-тың әскери көмегінен бас тартса, Киев бірнеше айдың ішінде қарапайым ядролық бомба жасай алады» деп жазды. Украина Сыртқы істер министрлігі елде мұндай қару жоқ екенін және оны жасау ниеті де жоқ екенін мәлімдеді.
Украина Сыртқы істер министрлігі британдық The Times газетіндегі «Киев 1945 жылы Нагасакиге тасталған бомба сияқты қарапайым қаруды тез жасай алады» деген мақалаға қатысты пікір білдірді.
"Украина Ядролық қаруды таратпау туралы шартты ұстанады. Бізде ондай қару жоқ және жасау ниетімізде болмаған. Украина МАГАТЭ-мен тығыз қарым-қатынаста, бұл ядролық материалдарды әскери мақсатта пайдалануды жол жоғын білдіреді", - деді Сыртқы істер министрлігінің өкілі Георгий Тихий.
The Times 13 қарашада Украина Қорғаныс министрлігіне дайындалған баяндама туралы жазды. "Егер Дональд Трамп АҚШ-тың әскери көмегінен бас тартса, Киев бірнеше айдың ішінде қарапайым ядролық бомба жасай алады" делінген басылым мақаласында.
Газет келтірген құжатқа сәйкес, Украина 1945 жылы Нагасакиге АҚШ тастаған "Little Boy" бомбасының технологиясы негізінде плутоний бомбасын тез жасай алады.
"80 жылдан кейін Америка Құрама Штаттары Манхэттен жобасымен жасағандай қарапайым атом бомбасын жасау қиын болмайды", - делінген баяндамада.
Қарусыздану мәселелері бойынша сарапшы Павел Подвиг The Times мақаласын "шектен шыққан ессіздік" деп атады.
"Шамасы, Украинада жеті тонна плутоний бар және одан "жүздеген қару" жасай алатын сияқты. Бірақ барлық плутоний отын түрінде болады. Оны бөлу үшін өңдеу зауыты керек, Украинада ол жоқ", - дейді Подвиг.