The Times: Моджтаба Хоменеи ес-түссіз жағдайда жатыр
Иранның жаңа жоғары діни жетекшісі Моджтаба Хоменеи ес-түссіз жағдайда Құм қаласында ем қабылдап жатыр. Бұл туралы The Times басылымы АҚШ пен Израиль барлау қызметтеріне сілтеме жасап хабарлады.
«Моджтаба Хоменеи Құмда ауыр халде емделіп жатыр, ол режим тарапынан қандай да бір шешімдер қабылдау процесіне қатыса алмайды», – делінген АҚШ-тың Парсы шығанағындағы одақтастары жеткізген дипломатиялық нотада.
Құм қаласы елдің орталығында, астана Тегераннан шамамен 140 шақырым оңтүстікте орналасқан. Бұл қала шииттер үшін қасиетті орын саналады. Сондай-ақ, Иранның бұрынғы діни жетекшісі Әли Хоменеи де осында жерленбек. Ол 28 ақпандағы әуе соққысы салдарынан қаза тапқан. The Times мәліметінше, қазіргі уақытта Құмда оның мәйітіне арналған кесене салынып жатыр.
Иран билігі Әли Хоменеиді жерлеу рәсімін «адам көп жиналуы күтілгендіктен» кейінге қалдырған. Алайда бұл шешім күмән туғызады, себебі шиит дәстүрі бойынша марқұмды дереу жерлеу қажет. 8 сәуір күні Хоменеидің қайтыс болғанына 40 күн толады – бұл шииттердегі аза тұту мерзімінің аяқталуын білдіреді.
Моджтаба Хоменеи АҚШ пен Израильдің Иранға алғашқы соққылары жасалған 28 ақпан күні жараланған. Сол кезде оның қасында болған әкесі Әли Хаменеи қаза тапқан. 7 наурызда Израиль басылымдары дереккөздеріне сүйене отырып, оның жараланғанын хабарлады. Кейін The New York Times Моджтаба Хаменеидің аяғынан жарақат алғанын жазды.
Бірнеше күннен соң Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі оның жараланғанын растағанымен, «жағдайы жақсы» екенін айтқан. Алайда наурыз айының басында жаңа діни көшбасшы болып тағайындалғаннан кейін Моджтаба Хаменеи бірде-бір рет көпшілік алдына шықпаған.